Алматыда 5 қыркүйекте Орталық стадионда әлемге әйгілі әнші Энрике Иглесиастың концерті өтеді. Көрермендерге қолайлы болу үшін қала әкімдігі тегін шаттлдар ұйымдастырады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, әншінің өнер көрсеткен күні метрополитенді қоса алғанда, қоғамдық көлік әдеттегі режимде жұмыс істейді. Шоу аяқталған соң стадионнан 50 тегін автобус жөнелтіледі. Олар Абай даңғылы мен Байтұрсынов көшесі жағынан көрермендерді күтіп тұрады.

Шаттлдар келесі бағыттар бойынша жүреді: әуежай, Орбита шағын ауданы, Алматы-1 теміржол вокзалы, Райымбек – Алатау метро бекеті және «Алматы Арена» мұз сарайы.

Әкімдіктің баспасөз қызметі қосымша бағыттар көрермендерге негізгі көлік тораптары мен мегаполис аудандарына тезірек жетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Қала тұрғындары мен оңтүстік астананың қонақтарына стадионға және кері бағыттағы сапарды алдын ала жоспарлау, мүмкіндігінше қоғамдық көлікті пайдалану ұсынылады.

Еске салайық, наурыз айында Энрике Иглесиас Қазақстанда екі концерт өтетінін мәлімдеген болатын: 3 қыркүйекте Астанада және 5 қыркүйекте Алматыда. Астанадағы өнер көрсету алдында әнші Астанадан алғашқы кадрлармен бөлісті, ал жанкүйерлері оны әуежайда қарсы алды. Астанадағы концерттен кейін қазақстандық танымал тұлғалар өз әсерлерімен бөлісті.