«Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде фотоқақпан жыртқыш пен оның әлеуетті жемтігінің тосын кездесуін түсіріп алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Instagram-парақшасында жабайы табиғат өмірінен қызықты сәт көрсетілді: бір суатқа бүркіт пен ақбөкендер қатар келген.
«Табиғатта олардың кездесуі әдетте мүлде басқаша сипатта болады: бірі — жыртқыш, екіншісі — әлеуетті олжа. Бірақ бұл жолы бәрі басқаша болды. Жақын көршілікке қарамастан, бүркіт пен ақбөкендер өзін сабырлы ұстап, бір-біріне мүлдем мән бермейді», — деп атап өтті ведомствода.
Мамандардың айтуынша, бүркіт ақбөкеннің төлін аулай алады, ал ақбөкендердің өзі әдетте бұл жыртқыштан аулақ жүруге тырысады. Сондықтан Алтын-Емелдегі бір суаттағы мұндай тыныш көршілік ерекше қызығушылық тудырады.
«Мұндай мінез-құлықтың бір себебі — қатты ыстық пен суға деген қажеттілік болуы мүмкін. Жазғы аптапта суаттар жабайы жануарлар үшін ерекше маңызға ие, ал шөлді қандыру қажеттілігі кейде әдеттегі сақтықтан күштірек болуы мүмкін», — деп қосты Экология министрлігінде.


