Қазақстанда Салық кодексіне «Алтын виза» иелеріне жеке жағдайлар қарастыратын өзгерістер енгізу жоспарлануда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ұлттық экономика министрлігінің бұйрық жобасына сәйкес, «Алтын виза» иелері мен олардың отбасы мүшелері үшін арнайы салық салу тәртібі белгіленеді. Сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвесторлары үшін ҚР резиденті мәртебесін растайтын құжатты беру үшін 7 мың АЕК мөлшеріндегі алымды алып тастау және инвесторлардың инфрақұрылым объектілерін құруға жұмсаған шығындарын салық төлемдері есебінен өтеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.

«Сонымен қатар, басым инвестициялық жобалар мен инвестиция туралы келісім жасасқан тұлғалар үшін бұрын қолданыста болған жекелеген салық салу нормаларын қалпына келтіру ұсынылады», — делінген құжатта.

Жекелеген салық тетіктерін жетілдіру үшін 2026 жылғы 1 қаңтардан 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін: жеке тұлғаларды қазақстандық провайдерлер арқылы цифрлық активтермен операциялардан түскен табыстар бойынша жеке табыс салығынан босату; екінші деңгейдегі банктердің факторингтік және форфейтингтік операцияларын ҚҚС-тан босату; тауарларды таңбалауға арналған шығыстарды нақты жұмсалған шығындардың 150% мөлшерінде шегерімге жатқызу ұсынылады. Бұдан басқа, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимін қолдану шарттары нақтыланады, ЖШС құрылтайшылары мен АҚ акционерлерінің оны пайдалану мүмкіндігі алынып тасталады.

«Ұсынылған бастамалар, сондай-ақ жобада қарастырылған басқа да түзетулер Салық кодексінің жекелеген ережелерін оны қолдану тәжірибесін ескере отырып нақты түзетуге, әкімшілік кедергілерді азайтуға және инвестициялық және бизнес белсенділік үшін неғұрлым түсінікті жағдайлар жасауға бағытталған», — деп атап өтілген бұйрық мәтінінде.

Жоба 25 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда. Бұған дейін Қазақстанда қазақстандық компаниялардың капиталына немесе жергілікті бағалы қағаздарына кемінде 300 мың доллар инвестициялаған шетелдіктер үшін жаңа «Алтын виза» енгізілетіні хабарланған болатын.