Абай облысында тоғыз жасар бала ата-анасын алдап, үй ауласындағы қосалқы құрылыста жасырынып қалды. Кейін бала бұл әрекетін пранк деп атады, деп хабарлайды infohub.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Мақаншы ауданында болған. Төртінші сынып оқушысы сағат 13:00 шамасында мектепке кеткен, бірақ сабақтан кейін үйге оралмаған. Анасы баланы өзі іздеп, сағат 20:30 шамасында үйдің жанынан бір жазба тауып алған: «Ана, әке, мені іздемеңдер, мен бір күні ораламын».

Туыстары дереу полицияға хабарласқан. Келген қызметкерлер топтарға бөлініп, аулалар мен маңайдағы аумақты тексере бастаған. 10 минуттан кейін бала өз үйінің ауласындағы қосалқы құрылыстан шыққан. Мектептен кейін үйге келіп, сол жерге жасырынып, ұйықтап кеткені анықталған. Бала полиция көліктерінің сиренасынан ояныпты.

Тоңып, қорқып кеткен оқушы дереу анасына жүгірген. Ол ата-анасына пранк жасағысы келгенін айтқан. Абай облысы полиция департаменті ата-аналарды балаларға қауіпсіздік ережелерін үнемі еске салып, мұндай «әзілдердің» ауыр салдары болуы мүмкін екенін түсіндіруге шақырады.