Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ана - ұлт тәрбиешісі
Тәрбие сағатының жоспары
Тақырыбы: Ана - ұлт тәрбиешісі

Мақсаты: Дүниедегі жақсылық атаулының барлығы күннің нұрынан, ананың мейірімінен тарайтынын ұғындыру;
Ананы қадірлеп, сыйлай білуге, мейірімділікке тәрбиелеу.
Аналар мерекесіне орай ұстаз - аналарға құрмет көрсету.
Көрнекілігі: Қанатты сөздер, слайдтар

1-жүргізуші: Құрметті ата-аналар, ұстаздар, көктемнің шуақты күндерімен қатар келіп жатқан төл мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға береке-бірлік, еңбектеріңізге табыс тілейміз. Осы мерекеге орай 69- топ оқушыларының ұйымдастыруымен өткелі отырған «Ана - ұлт тәрбиешісі» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!

2-жүргізуші: «Ана» Үш-ақ әріптен құралған осынау бір сөздің астарында қаншама мән жатыр десеңші. Тіршіліктің қайнар көзі, мейірімнің қайнар бұлағы Анадан қасиетті, анадан киелі ештеңе жоқ. Ана – әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы ақ сүтін беріп аялаған жанын да аямаған ардақтысы. Кез келген адамның әдептілігі мен жан дүниенің сұлулығы, ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Ананың нәзік үні, жұмсақ аялы алақаны, жан жылуымен аялауы бізді әлдилеп жұбатады.
Баласы үшін анасы бармайтын құрбандық бар ма? Ана болу – бүкіл өміріне кететін ұлы рухани күш пен ерен еңбек. Өз баласын бағып қағуда, ол ана өзін-өзі ұмытып барлық күш жігерін сарқа жұмсайды, бұдан оның жаны байи, нәрлене түседі. Адам «адам» болғысы келсе, алдымен ананы қастерлей білуі керек. Өмірде ана алақанының қызуы мен әке-шеше мейірімін тоя жеген тамақ та, шипасы күшті дәрі де алмастыра алмайды.

1-жүргізуші: Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын, сұм соғыстың болмауын, өз перзентін асылым мен алтыным, жасыл желек жарқыным,, аспандағы жұлдызым, маңдайдағы құндызым деп, өмір бойы, күні-түні перзентінің тілегін тілейді. Не деген құдіретті мейірім десеңші.

Әділбек:
О, анам, Алатаудай асқарымсың,
Жазылмаған өлеңім, дастанымсың,
Кеудеме сыймай жүрген жұмбақ сырым
Әрдайым өзің үшін ақтарылсын.
Мен үшін орның бөлек бұл өмірде,
Анашым, нұр шашасың жүрегімде.
Сен болмасаң осылай бақытты боп,
Жарқылдап, шалқып, тасып, жүремін бе?-дей келе «Анаға сәлем» әнімен Шадиярды ортаға шақырамыз.

Шадияр:
Бәрімізге анасың,
Біз үшін күн боп жанасың,
Құтты болсын мейрамың,
Құтты болсын ұстазым!

2-Жүргізуші:
Келесі кезекті оқушылардың ана туралы жаттаған өлеңдеріне береміз

Әділбек:
Сіздерден өсер балалар,
Батырлар мен даналар
Құттықтаймыз мейраммен
Құрметті ұстаз, аналар!

Ақберген:
Дүниедегі ең ардақты асыл жан,
Анам менің мәпелеген жасымнан.
Мен қуансам қуанады ол бірге,
Мен қиналсам табылады қасымнан.
Маған қымбат жан жоқ сірә анадан ,
Бар жақсылық аналардан тараған
Жер бетіне өмір нәрін себуші
Ана алдында борышты ғой бар адам.

Руслан:
Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,
Тәтті ұйқыңды бөліп талай түн қаттың,
Өміріме нәрін берді ақ сүтің,
Кең құшағың аясындай гүл бақтың.
Мен өзіңмен қайда болсам біргемін,
Махаббатың жүрегімде жүр менің
Күн нұрындай жадырай бір күлгенің
Қандай жақсы ортамызда жүргенің!

Қуаныш:
Ер жеткізіп елге берген баласын,
Ақылдысың, ардақтысың, данасың.
Қарайтыным қас-қабағың бір сенің,
Қайратыңнан қайта көрме анашым.

2-жүргізуші: Ана – отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ананың қадірі жайлы ерекше айтылған. Әсіресе, тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусәр бұлағы – Ана есіміне қатыссыз дүниеде қасиетті ештеңе жоқ. Сондықтан ананы ардақтамайтын халық та жоқ. Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды.
Бала, бала, бала деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Мұзды бесік таянған, – да ана, көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп, аяғынан тік тұрғызатын да ана. Халықтың халықтығының басты нышаны – туған елінің тілін үйретіп, сазына қандыратын да ана. Сондықтан ұлттың рухани өзегі, қан тамыры болып табылатын тілі – Ана тілі деп аталады.
Нәресте өмірінің нәрі – Ана сүті. Халқымыздың байырғы ұғымында баланың Анасы алдындағы парызын өтеуі «Ана сүтін ақтау» деп аталады. Оның жөнін халық: «Ана сүтін Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарып келсең де, өтей алмайсың», – деп түсіндіреді.

Алайда, «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада», – демекші, өзінің перзенттік борышын түсінбеген, сөйтіп, анасын жерге қаратып, көкіректерін қарс айырғандар бұрын да болған, қазір де жоқ емес.
Топ оқушыларының «Соқыр ана» атты көрінісін тамашалаңыздар.
Жалғыз көзді соқыр ана,
Жәйіменен басып ғана,
Баласының сабағына келеді.
- Анау отырған менің балам, айналайын мұғалім, баламның сабағы мен тәртібін білуге келіп едім.
-А, мына отырған бала ма?
Сыныптас жолдасы: Мақсат, сенің анаң соқыр екен ғой, неге айтпадың осы уақытқа дейін?

Деген кезде баласының түсіп кетті қабағы
Анасына ол айуан көзбен қарады.
Ыза буып, бөлме есігін тарс жауып,
Шығып кетті бетке ұстап даланы.

Анасы жүр бәйек болып, ас әкеп,
Баласының қамын ойлап аш қалған.
- Тамағыңды ішпеймін, Сен неге келесің менің сыныбыма? Мен сенен ұялам, өйткені сенің көзің соқыр. Айтшы, неге, көзің соқыр?

Жылады ана, еңіреді, егілді,
Қайғы шерге толды ананың жүрегі,
Шын жылады, соқыр көзден жас шықты,
Көкірегіне бар құпия көмілді.
Баласы: Тезірек оқу бітіріп, қалаға кетсем екен, мына соқыр анамнан құтылып, тезірек оны ұмытсам екен!

Иә, дәл солай, болды жігіт, сол кісі,
Екінші рет болмады онда енді ісі
Содан бері ол оқуды қуалады,
Одан бетер суық болды анаға.
Оқимын деп әрі қарай жиналып,
Тартып кетті шетел асып қалаға.
Айтқандай ақ ол анасын ұмытты,
Жұмыс тапты, маман болды білікті,
Әйел алды, бала сүйді баласы
Есіне алып, ойлады, қазір анасын.

Сұр күз келді, жауын сілкіп жауып тұр,
Жігіт үйі сән-салтанат тауып тұр,
Құлақ салды әйелі де, өзі де,
Есіктерін біреу келіп қағып тұр

Бітті әңгіме, болмас қайта бас сауға,
Қалды ана демеу болар дос бар ма,
Төпелетіп ақ жауынын төккен күн
Күңіреніп анаменен бір батты.

Уақыт зырғып, айлар өтті, жыл өтті,
Өткен әр жыл жиырма түлек түлетті,
Ауылға кел, сағындық деп достары
Хат жіберіп шақыртыпты жігітті.

Көп ойланды жігіт біраз қиналды,
Дегенменен барамын деп ұйғарды,
Әйелді алып, баланы алып сол күні,
Жол жүрмекке отбасымен жиналды.

Келді ауылға ,ойлап кетті ананы,
Келген ойы басқа арнаға ауады.
Балалықты еске алсам деп жаяулап,
Туған үйдің есігін кеп қағады.
Көрші әйел шығып, баласына анасының бақилық болғандығы туралы хабарды айтады. Анасының баласына табыстап кеткен хатын береді.

Балам, ботам, айым, асылым,
Айтылмаған бір сыр бар еді жасырын
Кеудемді өртеп барады сол күрең ой,
Жазам хатқа, оқып қалқам, біле ғой.

Әкең бар еді жаны жайсаң балаға,
Үйден шықтық қыдырсақ деп қалаға
Өзіменен бірге кетіп арманы,
Жол апаты жан әкеңді жалмады.

Зақым келді сенің оң жақ көзіңе,
Алас ұрдым, амандық тілеп өзіңе,
Қатты зақым алған екен ұлыңыз,
Сау көз тауып салу керек, дереу, тез.
Деген сөзін дәрігердің естіп ап,
Өссін, өнсін, бақытты әр кез болсын деп,
Балам үшін құрбан еттім өзімді,
Саған бердім сап-сау тұрған көзімді.

Міне, балам, содан бері соқырмын,
Содан бері таңылмайды шешімім,
Осы көзбен мен ұялтсам өзіңді,
Кешір ботам, кешір қалқам, шешеңді.
Өкініштен өзегі өртенген бала аһ ұрып жылайды ,бірақ, бәрі де кеш еді...

1-жүргізуші:
Төгілген маған мейірімің - бейне шуағың,
Сарқылмас мәңгі ән салған бастау бұлағың,
Жасашы, Ана, жасашы менің - тілерім,
Қанатын қомдап, ұшса да биік ұланың.

2-жүргізуші:
Анашым, сенсің мәңгілік менің тірегім,
Мен үшін пана нұрлы әлем сыйған жүрегің.
Еңбегіңді ақтап аялап өтсем тек сені,
Болмас - ты басқа перзенттік менің тілегім.
Ортаға «Ана туралы жыр» әнімен Сәбитті шақырамыз

1-жүргізуші:
Арман – 9 жаста. Анасының тапсырған үй жұмыстарын орындағысы келмей қабағы түседі. Бір күні анасына мынадай хат жазады.
Ана, маған үй жұмыстарын істеткенініңіз үшін төмендегідей қарызыңыз бар:
Нанға барам – 100 теңге, бөлмемді жинадым – 50 теңге, «5» алдым – 50 теңге, қоқыс төктім – 100 теңге, компьютер ойнамадым – 50 теңге, құлайын деп тұрған ыдысты ұстап қалдым – 50 теңге, киімдерімді реттедім – 100 теңге, кір киімдерімді кір жуғыш машинаға салып қойдым – 50 теңге.
Барлығы: 550 теңге қарызыңыз бар. Уақытысында төлемесеңіз, үстеме қосатынымды айтып қояйын!

2-жүргізуші:
Анасы Арманға мынадай жауап жазады:
Саған ана сүтін бердім – 0 теңге, түнде әлсін-әлсін оянғаныңда, қасыңда болдым – 0 теңге, ауырып қалсаң, қасыңнан кетпедім – 0 теңге, түсінбеген сабағыңды түсіндірдім – 0 теңге, сен қуансаң, бірге қуандым – 0 теңге, сені қандай да болсын жамандықтан қорғауға тырыстым – 0 теңге, сені еркелеттім – 0 теңге, ұнататын заттарыңды алып бердім – 0 теңге.
Арман өзі жазған хаты үшін қатты ұялады. Бұдан былай анасын ренжітпеуге, айтқанын орындауға бекінеді.

2-жүргізуші: Құрметті көрермен апайлар, ата-аналар, сіздердің де ата-аналарыңызды ренжіткен кездеріңіз және сол үшін ұялған уақыттарыңыз болды ма?
Сөз кезегі қонақтарға беріледі.

1-жүргізуші:
Әзілі мен әні жарасқан топ жігіттерінің көңілді қойылымдарын тамашалайық.
Оқушылармен және көрермендерден ана туралы мақал-мәтел сұралады және оның мәнін ашу.

2-жүргізуші: Енді аналарды неге теңеуге болады? Оқушылардан сұрала отырып, өзі слайд арқылы қорытындылайды:
Ана - ұстаз
Ана - қызметкер
Ана - ғалым
Ана - ұлттың ұйытқысы,...т.б.
Бүгінгі тәрбие сағатымыздың қонағы болып отырған Гүлхан апайға сөз беру, қонақтарға сыйлықтар табыстау.
«Бір өзің бастап өмір жолдарын,
Жүрегіңе жүрегімді жалғадым.
Өзің мына сыйға берген өмірде,
Ақ сүтіңді ақтап өту арманым» сөзімен аяқтағым келеді. Ана біздің баға жатпес асыл байлығымыз. Осы баға жетпес асылымызды қадірлеп, көңіліне кірбің түсірмей аялай білейік достар! Құрметті ұстаз - аналар, бүгінгі кешімізге қатысқаныңызға рахмет айта отырып, тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама