
- 29 сәу. 2025 08:13
- 27
Apple 2026 жылдың соңына дейін iPhone құрастыруды Үндістанға көшірмек — Financial Times
Аpple корпорациясы 2026 жылдың соңына дейін АҚШ нарығына арналған барлық iPhone смартфондарын Үндістанда құрастыруды жоспарлап отыр. Financial Times басылымының дереккөздеріне сүйенсек, жыл сайынғы өндіріс көлемі 60 миллионнан астам құрылғыны құрайды.
Компанияның мұндай шешім қабылдауына АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісінің ушығуы әсер еткен. Жуырда АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан жеткізілетін тауарларға 145% көлемінде жаңа баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Әзірге электроника импорты бұл салықтан босатылғанымен, Трамптың айтуынша, бұл жеңілдік уақытша ғана. Сондықтан Apple компаниясы өндіріс тізбегін әртараптандыру үшін шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр.
Дереккөздердің мәліметінше, алдағы бір жыл ішінде Apple Үндістандағы өндіріс көлемін екі есеге арттыруды көздеп отыр. Қазіргі уақытта корпорация Үндістанның ірі өндірістік серіктестері Tata Electronics және Foxconn компанияларымен белсенді түрде жұмыс істеп келеді.
Apple-дің бұл қадамы тек өндірісті оңтайландырумен ғана шектелмей, Үндістан экономикасы үшін де жаңа мүмкіндіктер ашпақ. Сарапшылардың пікірінше, әлемдік техногиганттың өндірісті Үндістанға көшіруі елдің технологиялық секторын айтарлықтай нығайтады және жаһандық электроника өндірісінде жаңа тепе-теңдік қалыптастыруы мүмкін.