Астанадағы 29 жастағы BMW жүргізушісі үш айда 87 рет жол қозғалысы ережесін бұзған. Сот оны 15 тәулікке қамауға алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері биылғы наурыздан маусымға дейін 87 әкімшілік құқықбұзушылық жасаған 29 жастағы BMW жүргізушісін анықтады. Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 55 рет камералар белгіленген жылдамдықтың асырылғанын тіркеген, тағы 32 рет автокөлік маршруттық көлікке арналған жолақпен қозғалған.
Полиция бірнеше мысал келтірді. Наурыз айында Тұран даңғылы мен Ақмешіт көшесінде автокөлік бірнеше рет 129–131 км/сағ жылдамдықпен қозғалған. Маусымда Ғ. Мұстафин көшесінде жылдамдық 126 км/сағ, ал К. Мұхамедханов көшесінде рұқсат етілген 60 км/сағ кезінде 151 км/сағ-қа жеткен.
«Жүйелі түрде құқыққа қарсы әрекеттері және қоғамға ашық түрде құрметсіздік білдіргені үшін полиция қызметкерлері құқықбұзушыны ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты», — деп қосты полиция департаментінде. Сот шешімімен ер адам 15 тәулікке қамалды.
Полиция жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзу, агрессивті жүргізу мәнері және басқа жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіру жазасыз қалмайтынын ескертті.


