Қарағанды облысындағы Есін өзенінде үш адам қаза тапты: Шахтинск қаласының 60 жастан асқан тұрғындары балық аулауға шығып, әлсіз мұз олардың салмағын көтере алмады. Бородиновка ауылынан 15 шақырым жерде болған қайғылы оқиға туралы infohub.kz сайты хабарлады.
«Жетінші арнаның» дерегінше, 17 қарашада таңертең Шахтинскінің 60 жастан асқан үш тұрғыны балық аулауға аттанған. Түн ортасында құтқарушылар олардың жоғалғаны туралы белгі алып, іздеу жұмыстарын бастады. Қаза тапқандардың арасында әйел адам бар.
Іздеу операциясына дрон, жылу бейнелегіш дүрбі және сүңгуірлер жұмылдырылды. «ТЖД-ның құтқару операциясына төрт қызметкер, алты құтқарушы, бір кинологиялық есеп және төрт техника бірлігі қатысты. Іздеуге полиция департаментінің қызметкерлері де тартылды», — деді Қарағанды облысы ТЖД басқармасының бастығы Нұржан Жақатаев.
Шамамен 1,5 сағаттан кейін қаза тапқандардың денесі 2,5 метр тереңдіктен — жағадан 10 метр жерден табылды. Алдын ала болжам бойынша, жұқа мұз балықшылардың салмағын көтере алмаған.
Құтқарушылар мұз қату кезеңінде су айдынына шығудың өте қауіпті екенін ескертті. Жағадан бірнеше метр жерде де мұз адамның салмағын көтере алмауы мүмкін.


