Астанада жеке деректер мен ақша қаражатын алу мақсатында фишингтік SMS жаппай жіберуді ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетіне жол берілмеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірінің азаматы биылғы қаңтарда ақылы түрде жергілікті тұрғынды Қазақстан аумағында заңсыз әрекетті ұйымдастыруға тартқан деп күдіктенеді. Тергеу деректері бойынша, кейін бұл схемаға астанадағы жабдықтың жұмысын қамтамасыз еткен басқа да адамдар қосылған.

Қылмыскерлер ұялы байланыс базалық станциясын имитациялайтын және операторлардың сүзгі жүйелерін айналып өтіп, хабарламаларды жаппай жіберуге мүмкіндік беретін SMS-бластер құрылғысын қолданған. Төрт күн ішінде Beeline, Kcell және Activ абоненттеріне белгілі компаниялар атынан бонустарды айырбастау ұсыныстары бар шамамен 150 мың фишингтік SMS жіберілген. Сілтеме бойынша өткен пайдаланушылар жалған сайтқа түсіп, онда жеке және банктік деректерді, оның ішінде карта реквизиттерін, CVV және растау SMS-кодын енгізу ұсынылған.

Осылайша, күдіктілер азаматтардың құпия ақпараты мен банктік қаражатына қол жеткізген. Тергеу анықтағандай, алынған SMS-бластер жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттеріне арналған арнайы техникалық құрал болып табылады.

Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 399-бабының 2-бөлігі «Ақпаратты жасырын алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз жасау, өндіру, сатып алу, өткізу немесе пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта төрт күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.