Көкшетау полицейлері Астанада 59 жастағы қала тұрғынынан 10 млн теңгеден астам ақша алған курьерді ізін суытпай ұстады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, 11 қыркүйекте Көкшетау полиция басқармасына интернет-алаяқтық туралы арыз түскен. Әйел белгісіз адамдардың өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, оны ірі көлемде ақша беруге көндіргенін айтқан.

Қылмыскерлердің нұсқауымен зардап шеккен әйел 10 млн теңгеден астам қаражат жинап, келген курьерге пакетті тапсырған. Ер адам ақшамен кеткен соң ғана әйел алаяқтықтың құрбаны болғанын түсініп, дереу полицияға жүгінген.

«Уақтылы жүгінудің арқасында полицейлер курьердің жеке басын бірден анықтады. Алғашқы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ер адамның Астанада тұратыны белгілі болды. Полицейлер дереу астанаға аттанды. Төрт сағаттан астам уақыт бойы қызметкерлер күдіктіні іздестірді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ер адам анықталып, ұсталды. Оның қасынан зардап шеккен әйелге тиесілі ақша табылып, тәркіленді. Қуанышқа орай, қылмыскер алынған соманың барлығын аударып үлгермеген», — деді Ақмола облысы ПД-да.

Ұсталған ер адам Көкшетауға барып, ақша салынған пакетті алу туралы телефон қоңырауы келгенін түсіндірді.

Қазіргі таңда қажетті тергеу және жедел іс-шаралар жүргізілуде. Полицейлер ұсталған адамның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы болуы мүмкіндігін анықтап жатыр.