Астанада өткен демалыс күндері полиция қызметкерлері мас күйінде көлік тізгіндеген 26 жүргізушіні анықтады. Солардың бірі — елорданың 43 жастағы тұрғыны, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Әйелді таңғы сағат бес шамасында Қорғалжын тасжолында тоқтатқан. Ол Chery көлігін тізгіндеп келе жатқан. Тексеру барысында жүргізушінің мас күйінде екені анықталған. Полиция мәліметінше, ол мерекелік дастарханнан қайтып келе жатқан.

Әйелге қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылған, деп хабарлады Астана қалалық полиция департаменті. Сот істі қарап, оған көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айыру жазасын тағайындады.

Жалпы, өткен демалыс күндері полиция қызметкерлері ішімдік ішіп, рульге отырған 26 жүргізушіні анықтады. Астана қалалық полиция департаменті мас жүргізушілерді анықтауға бағытталған профилактикалық және рейдтік жұмыстарды жалғастыруда, делінген ведомство хабарламасында.

Полиция елорда тұрғындарын ішімдік ішкеннен кейін рульге отырмауға және басқаларға да жол бермеуге шақырды. Масаң күйде көлік жүргізу жүргізушінің өзіне де, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да үлкен қауіп төндіреді. Мұндай бұзушылық Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң жауапкершілікке әкеп соғады, деп атап өтті полицияда.