Астанада жас педагогтар өткен заманның белгілі қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсыновтың ерекше портретін жасады. Бұл жұмысқа оларға 5 мыңға жуық шеге мен 600 метр жіп қажет болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Елордалық әкімдіктің мәліметінше, 3×2 метрлік инсталляция ағартушының 154 жылдығына орай String art техникасында жасалған.

Жобаны Ахмет Байтұрсынов атындағы №48 мектеп-лицейінің мұғалімдері ойлап тапқан. Оны жасауға 14 күн кетті.

«Алдымен проектордың көмегімен Байтұрсыновтың бейнесі ағаш панельге түсіріліп, контурлары белгіленді. Содан кейін негізге 5 мыңға жуық шеге қағылды, одан соң педагогтар олардың арасына жіптерді өре отырып, біртіндеп портретті қалыптастырды», – деді жоба авторлары.

Мұғалімдер бұл жұмыс тек көркем инсталляция ғана емес, мектептің мәдени кеңістігінің бір бөлігіне айналғанын атап өтті. Дайын портретті педагогтар мектеп мұражайына сыйға тартты.

Енді бұл туынды оқушылар мен мектеп қонақтарын Ахмет Байтұрсыновтың тұлғасы мен мұрасымен заманауи өнер арқылы таныстыратын болады.