Астанада республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы басталды. Осыған байланысты полиция күшейтілген қызмет режиміне көшті. Бұл туралы infohub.kz сайты елордалық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Іс-шара қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Полиция департаментінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету шараларын күшейтті. Қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оқыс оқиғаларға жедел ден қоюға ерекше назар аударылуда.

ОІШ аясында патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері 28 жастағы жүргізуші басқарған Haval көлігін тексеру үшін тоқтатты. Оның бұған дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Полиция департаментінде нақтылағандай, бұзушы жауапкершілікке тартылды, көлік коммуналдық тұраққа қойылды, ал материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.

Астана полициясы қала тұрғындары мен қонақтарын белгіленген ережелерді сақтауға, айналасындағыларды құрметтеуге, қауіп төнген жағдайда немесе оқиға орын алғанда дереу полиция қызметкерлеріне жүгінуге шақырады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда да полиция жұмысы күшейтілгені хабарланған болатын: патрульдеу көшелерді, аулаларды және халық көп жиналатын орындарды қамтиды. Бұл — осыған ұқсас жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жүзеге асырылуда.