Астанада мейрамханада той өткізген ер адам пиротехниканы қолданғаны үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, «қыз ұзату» рәсімі аяқталған соң, 27 жастағы елорда тұрғыны мейрамханалардың бірінің жанында фейерверк атқан. Қатты дыбыс маңайдағы тұрғын үй кешендерінің тұрғындарының тыныштығын бұзып, азаматтардың наразылығын тудырған. Ер адамға қатысты ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.
Сот құқық бұзушыға бес тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.
Полицияда мерекелік көңіл-күй айналадағылардың тыныштығын бұзуға себеп болмауы керектігін атап өтті. «Той өткізу, пиротехниканы қолдану және өзге де әрекеттер заңнама мен қоғамдық тәртіп талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс. Айналадағыларға ашық құрметсіздік білдіретін және қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттер үшін заңда белгіленген әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», — деп қосты ДП өкілдері.


