Астанада терезеден дәретке отырған ер адамға қатысты сот шешімі шықты. Ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды infohub.kz.

Астана соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты азамат Ж.-ға қатысты ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша қаулы шығарған.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде тұрғын үйдің баспалдақ алаңында қоғамдық тәртіптің бұзылғанын көрсететін бейнежазба тараған еді. Сотта 24 тамызда сағат 00:30 шамасында Ж. баспалдақ алаңында тұрып, подъезд терезесінен сыртқа дәретке отырғаны, осылайша ұсақ бұзақылық жасағаны анықталды.

Сот отырысында Ж. кінәсін мойындап, өкінгенін білдірді. Оның кінәсі іс материалдарымен және бейнежазбамен расталды.

ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінің санкциясы 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе 20 сағаттан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды көздейді.

Жаза тағайындау кезінде сот іс-әрекеттің сипатын, қоғамға деген құрметсіздікті және әлеуметтік желілердегі әрекеттердің жария болуын ескерді. Сот қаулысымен Ж. ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі әкімшілік жазаға тартылды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Астана полициясы көпқабатты үйдің терезесінен дәретке отырып, желіде резонанс тудырған ер адамды іздеген болатын.