Елордада Төле би көшесінің бір бөлігінде жол жөндеу жұмыстары ұзартылды, осыған байланысты Ұлы Дала даңғылымен қиылысы көлік қозғалысы үшін 28 тамызға дейін толығымен жабық болады, деп хабарлайды infohub.kz.

Астана қаласының iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығының мәліметінше, Төле би көшесінде Р. Багланова көшесінен Ұлы Дала даңғылына дейінгі аралықтағы жөндеу жұмыстары аталған күнге дейін жалғасады.

Осыған байланысты жүргізушілерге баламалы бағыттарды пайдалану ұсынылады: Тұран даңғылынан Е 54 көшесі арқылы Төле би көшесіне немесе Ұлы Дала даңғылынан жергілікті жол арқылы Төле би көшесіне дейін.

Шектеу дәл Ұлы Дала даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында қолданылатыны, бұл аралықта көлік қозғалысы толығымен жабық екені атап өтілді.

Орталық жол қозғалысына қатысушыларды сапарларын алдын ала жоспарлап, жол қозғалысын ұйымдастырудағы ықтимал өзгерістерді ескеруге шақырып, уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.