Астанада бір әйел әлеуметтік желіде басқа қала тұрғынын балағаттағаны үшін сот алдында жауап берді. Бұл оқиға кеңінен таралып, тіпті арнайы комиссия оның сөздері жазылған бейнежазбаны қарастырған еді... деп хабарлайды infohub.kz.

Іс құжаттарына сәйкес, балағаттау фактісі бейнежазбаға психологиялық және филологиялық сараптама жүргізген мамандардың қорытындысымен расталған. Айыпталушы кінәсін толық мойындап, көпшілік алдында кешірім сұрауға дайын екенін білдіріп, азаматтық талаппен ішінара келіскен. Алайда жәбірленуші қатаң жаза тағайындауды талап етіп, моральдық зиянның өтелуін және сот шығындарының өндірілуін сұраған.

Сот айыпталушының кінәсін мойындауын, өкінуін және бұрын сотты болмағанын ескеріп, оған 30 АЕК мөлшерінде, яғни 129 750 теңге көлемінде айыппұл салды. Алайда амнистияға байланысты ол айыппұлды төлеуден босатылды. Үкім заңды күшіне енбегендіктен, оған шағым жасалуы мүмкін.