Астана тұрғыны шахматтан спорт разрядын алуға үміттеніп, алаяқтың құрбаны болып, 1,8 млн теңге жоғалтты... деп хабарлайды infohub.kz.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, күдікті ортақ танысы арқылы жәбірленушінің сеніміне кіріп, спорт разрядын ресімдеуге көмектесетінін айтқан. Қызметі үшін ол 1,5 млн теңге талап еткен. Ақшаны алғаннан кейін алаяқ мәселенің шешіліп жатқанын айтып, кейін әртүрлі сылтаулармен тағы 300 мың теңгені алдап алған. Барлық соманы алған соң, ол ұзақ уақыт бойы жәбірленушіні алдап, істі реттейтінін уәде етіп, кейін байланысқа шықпай қойған.

Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны басқа қалада ұстап, Астанаға жеткізген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

«Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды сақ болуға және жеке байланыстары арқылы мәселелерді шешуге немесе белгілі бір қызметтер мен құжаттарды алуға кепілдік беретін адамдарға ақша аудармауға шақырады», — деді тәртіп сақшылары.