Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 7 сағат бұрын)
Атасының еркесі

(аударма)

Спиридон Вангели, Молдова

ПОЧТАШЫ

Почташы қартая бастады, хаттарды да сиректеу әкелетін болды.

Үйде жатқан ескі хаттары бар біреулер сарғая бастаған әріптерін сиямен қайта өңдеп, айы мен күнін, кейде тіпті жылына дейін жаңартып, бүгін келген хаттай оқып отыратын. Мұндай көне хаттарды сақтамағандар ауылға не жаңалық жазып жатыр деп көршілерінен сұрайтын.

Өздерінде де, көршілерінде де ешқандай хат жоқтар қақпа алдына шығып алып, өтіп бара жатқан почташыға қарайтын. Сүйтетін де:

— Е, почташымыз бұдан да қартайып кетсе, әбден сорлаймыз ғой, — деп күрсінетін.

Көптен бері қолдарына хат ұстамағандар бір күні почта маңына жиналды да, көк шөптің үстіне отырып алып ойлай бастады. Почташы болса қартайды, енді не істеуге болады? Қайткенде де бұған бір амал табу керек қой. Қартайған адам енді бәрібір жасармайды.

Ақыры олар олай ойлап, былай ойлап, почташыға жылқышыдан бір ат пен арба алып берді.

Сол күні кешке қарай ауылға екі бірдей хат келмесі бар ма!

Ауыл адамдары түнімен көз ілместен хаттарды кезек-кезек оқып, тыным көрмеді: бір үйдің шамы өшсе, екінші үйде жанады.

Ертесіне оқушылар осы хаттардан оқыған сөйлемдерді бормен тақтаға жазъш, сөз таптарына талдап жатты.

Бір жұма бойы ауылда той болды: почташының саулығы үшін деп шарап ішісті, оның атына әр үй сұлы берді.

Бірақ хаттар тағы тоқтап қалды. Бір күндері жұрт почташының атына сұлы беруді де қойды.

— Не істейсің енді. Почташымыз әбден қартайып бітті ғой, — деп күрсінді жұрт.

— Ал ат ше? Аттың жазығы не? — деп таңданды балалар.

Бір күні почташы жол жиегінде атын жайып, кәрілік деген қуаныш емес-ау деп мұңайып отыр еді. Жанына жылқышы келді.

— Егер хат әкелмейтін болсаң, атымды алам. Түсіндің бе? — деп зілденді ол.

Гугуцэ шыдай алмады, почташымен жақынырақ танысқысы келді. Күні бойы қарияның жанынан кетпей, атын суарысты, жем берді, сонсын жайлап почташыдан мән-жайды сұрастырып білді.

Сонық артынша Гугуцэ дүкеннен еліміздің картасын сатып алды. Және сол картаға қарап отырып, өз аулынан кеткен адамдардың қайда барғанын белгіледі. Ер адамның тұрған жеріне бөріктің суретін, ал әйел адамның барған жеріне гүлдің суретін салып қойды. Содан соң ол өз қолымен ауылдың картасын жасады. Картада хат күтетін үйлердің есігін ашық етіп көрсетіп қойды.

Міне, мынау — Кишиневта оқитын студенттің үйі. Гугуцэ география пәнінің мүғалімінен Кишиневта қандай көшелер барын және онда ауа райы қалай болатынын сұрап алды. Таңертең бала жүгіріп отырып почтаға барды да, почташымен қатарласа отырды. Почташы өзінің бала кезінде мөрді ұстап көрер ме еді деп армандайтыны есіне түсіп, Гугуцэге хатқа басып отырған мөрін берді. Мейлі, ол да басып көрсін деп ойлады.

Сол күні студенттің анасы оқығанда көзі талмау үшін үлкен-үлкен әріптермен жазылған және айқыртып мөр басқан хат алды. Ол хатты көршісіне оқып берді. Сол бойда ауылда Кишиневта қандай әдемі көшелер бары жайлы және астанада нөсер жаңбыр жауып тұрғаны жайлы әңгіме тарап кетті.

Гугуцэ картасына қарап еді, тағы бір есігі ашулы үйді көрді. Үй иесі әскерде болатын. Оның әйеліне не деп хат жазу керек?

Гугуцэ бөлме ішінде өзінше солдат тәртібімен олай жүрді, былай жүрді, киімін жөндеді, бірақ ешкандай ой келмеді басына. Әскери құпияны берік сақтау керек деп ойлады ол. Сөйтті де хаттың орнына көгершіннің суретін салып, оны мөр басылған конвертпен солдаттың әйеліне жіберді.

Ертесіне әйел үй-үйге жүгіріп, қолындағы «хатын» көрсетті:

— Қараңыздар, күйеуім маған қандай сурет жіберген!

Көгершіннің суретін ол тіпті Гугуцэге де көрсетті. Сосын жұрт көрсін деп және даладан келе жатқанда өзі де қарап қою үшін суретті терезенің әйнегіне сүйеп қойды.

— Иә, — деп қариялар өздерінше әңгіме сокты, — басқа-басқа ғой, ал мынадай көгершін суретін біздің ауылда әлі ешкім де салып көрген жоқ.

Сол кезден бастап Гугуцэ почташыға конвертке мөр басуға ылғи да көмектесетін болды, оның картасындағы есігі ашық тұрған үйлердің саны күн сайыи азая берді. Ауьіл адамдары почташы қартты көрген жерде бастарын иіп амандасып, оның атына жем беруге асығатын болды.

ГУГУЦЭ ДИІРМЕН БАСЫНДА

Күн едәуір көтерілсе де, диірменді әлі ашпапты.

Мариуца апай көже пісіретін қазанына үш рет су құйды, ал Ион ағай болса әлі ұн әкелмей жатыр.

Мариуца апайдың ағаш жаруға да қолы тимей, шарбағындағы күнбағыстың сабағын алып отқа салады.

Апай одан әрі шыдамады:

— Қызым, диірменшіге барып айтшы, енді келмесе, оның шарбағындағы күнбағысты жаға бастаймын!

— Болғаны үш-ақ адам келсе, ұнды қалай үгемін. Жүгері аз, несіне әуреленемін, — деп ашуланды диірменші.

Үш әйел келіп оның шарбағындағы күнбағыс сабақтарын жұла бастап еді, диірменші диірменді ашық тастай салып, жалаң бас шыға жүгірді: шарбағын қорғап қалу керек қой, шарбағы жоқ үй иесіз үймен бірдей емес пе.

Ол өз шарбағында қанша күнбағыстың жұлынғанын санап үлгермей жатып, әлгі әйелдердің диірмен айналасындағы шарбақтың ағашына қол сала бастағанын көрді.

Ол енді диірменге жүгірді. Қараса, шарбақты адам сыйып кететінден тесіп қойыпты! Диірменші әлгі тесікке кіре қойып еді, шарбақ бүп-бүтін болып шыға келді.

— Қайырымды жандар, — деп айқайлады ол, — мына шарбақтың ағаштарын орнына әкелгенше, мен осы жерден шықпаймын.

Кісілер құрғақ таяқшалар әкелді, бірақ шарбақтың өзінікі емес. Егер олар пеште жанып жатқан шарбақтың таяқтарын алып келсе, диірмен түгел өртеніп кетер еді, әрине. Алайда диірменші анау-мынауына қараған жоқ.

— Міне, енді дұрысталды, — деп көңілденді ол.

— Ал, ұнды не істейміз? — деп тынышсыздана бастады адамдар.

— Сендер ауылға барыңдар да, жұрттың бәрі тартатын астықтарын әкелсін деп хабарлаңдар!

— Диірменші сен ғой, барсаң өзің бар'

Жұрт алыстан танысын деп диірменші үсті-басына үн сеуіп алды да, орталық көшеге қарай беттеді. Ал оған көмектесуге шыққан үш еркек басқа көшеге бұрылды.

— Кімнің үйінде үн таусылуға айналды? Бидайларыңды тезірек диірменге әкеліңдер! — деп айқайлады төртеуі төрт жерден.

Сол-ақ екен, диірмен алдында жер астынан шыққандай қап-қап бидай пайда болды.

Диірменші мен үш еркек көгалға отырып алып, тағы да жүгері, бидай әкелетін, ауылда егіске шықпай үйінде жүрген кімдер барын ойластыра бастады.

Гугуцэден басқа ешкім болмай шықты.

Диірменші жанқалтасын шекілдеуікке толтырып алып, Гугуцэ үйінің алдына келді:

— Гугуцэ, саған диірмен керек емес пе? Қелсең, бар ғой, ғажап... тура ғажап ұн тартып берейін! Одан пісірген көженің дәмі таңдайыңнан кетпестей тәтті боларына мен кепіл!

Гугуцэ қара тер болып келіп тұрған диірменші байғүсты көріп, қарындасын шақырып алды:

— Сен үйді қарай тұр, мен диірменге барып келейін.

Бөркіне жүгері толтырып, ұн салатын жаңа қап алды да, велосипедіне секіріп мініп, диірмен басына тартты.

Жүгерісін диірменшінің ожауына төге салып еді, диірмен жұмыс істей жөнелді.

— Жарайсың, Гугуцэ! — деп айқайлады тұрған еркектер бөріктерін аспанға лақтырып.

Ал әйелдер қақпа жанында күйеулерін күтіп тұрды.

Әкесі мен шешесі егіс даласынан келгенде, Гугуцэ есік алдында ағаш жонып, былғауыш жасап тұр еді.

САҒАТ

Кейде әкесінің қолы бос екенін көріп қалса, Гугуцэ оның қасына жүгіріп келеді де:

— Әке, сағатың тозып, минуттары азая бастаған кезде оны маған берерсің, — дейді.

Әкесі шашынан сипаса, Гугуцэ келіскені деп қуанады.

Күн өтеді, апта өтеді, әкесі сағатын бермейді. Демек сағаттың минуттары әлі таусылмағаны ғой.

Рас, әйтеуір бір кезде ол минуттардың таусылатыны анық.

Гугуцэ бірде қолына былғары бау байлап, әкесінің жанына келді. Бауға қарап, өзінен-өзі:

— Уақыт қанша болды екен? — деді. Әкесі байқамаған кісі сияқтанды да, ал атасы әлденеге күнге қарай берді.

— Не істеп отырсың, ата? — деді бір күні Гугуцэ күнге қарап отырған атасына.

— Уақыт қанша болғанын қарап отырмын.

— Сенің сағатың сол ма, ата?

— Иә, сол. Өмір бойы уақытты соған қарап біліп келем. Гугуцэ атасының сағатын әкесінің сағатымен салыстырды. Атасының сағаты жақсырақ, әрине.

Әкесінің сағатын балғамен бір ұрса, быт-шыты шығып, минутының біреуі де қалмайды. Ал атасының сағатын тоқпақтасаң да сынбайды. Оның үстіне ол әрі жарқырап, әрі жылылық таратып тұрады. Аңдар мен құстар да уақытты соған қарап біледі. Атасының сағаты бұзылу дегенді білмейді, ендеше оны жөндейтін шебердің де керегі жоқ.

Гугуцэге бұл сағаттың ұнағаны сонша, тіпті қолындағы бауды да лақтырып тастады.

Сонда да бір күні Гугуцэ әкесінен сағатыңның қанша минуты қалды, егер тіпті аз қалған болса, ол сағатты далаға лақтырып тастайтын бала керек емес пе деп сұрады.

Әкесі жауап берудің орнына сағатына қарады да, жеңіне жасыра салды.

— Ал атамның сағаты — ең тамаша сағат, — деді Гугуцэ. — Сағатшы сенің сағатыңды жасағанда атамның сағатына қарап жасаған.

Әкесі Гугуцэні көтеріп алды:

— Ақылдым! Сағатты саған бермесем болмас! — деді.

Гугуцэ енді сағаттың бауын лақтырып тастағанына өкініп,

соны іздеуге жүгіріп аулаға шықты.

Кешкісін атасының сағаты ұйықтауға кетті. Гутуцэ өзінін. сағатыы құлағына басып жатты, оның минуттары таусылып қалады-ау деп қорыққаннан көпке дейін үйықтай алмады.

Бірақ ертесіне тыңдаса, сағаты тықылдап жатыр екен. Гугуцэ оны алақанына салып алды да, шапқылап ауылды кезіп кетті. Біреулер төсегінде жатыр, біреулер есік алдында, енді біреулер құдық маңында жүр екен. Гугуцэ олардың бәріне сағатын көрсетті. Сағаттың аз ғана минуттары қалып еді, бірақ соның өзі ауыл адамдарының уақытты білуіне жарады. Өйткені атасының үлкен сағаты әлі аспанға көтерілген жоқ қой.

ЕТІКШІ

Гугуцэнің көршісі бар, оның үйі толған бала.

Алғашқы қар жауса болды, көрші амалсыздан қолына балға мен ине-жіп алып, балаларының аяғына қар құйылмау үшін ұзын қонышты кішкене етіктер тіге бастайды.

Бір пар етік бітсе болды, есік алдына алғашқы қол шананың ізі түседі.

Көрші екінші баласының аяғын өлшейді. Тағы да күні бойы ине-жіпке тыным болмайды, түн жарымына дейін балға да ұйқы көрмейді. Екінші етік біткенде, есік алдынан сырғанаған екінші шананың ізі көрінеді.

Көрші мұртын сипап қойып, үшінші етікке кіріседі, Сөйтсе, алғашқы етік жыртылып та үлгерген екен. Ол енді көзілдірік киіп, тебен инеге жіптің де жуандауын сабақтап, қолына үлкендеу балға алып, түні бойы етік жамап әлек.

Ал таңертең етік дайын болады да, үлкен ұл секіріп далаға шығып, күні бойы үй көрмейді.

Оның есесіне көршінің өзі қыс бойы үйден шықпайды. Гугуцэ көршінің балаларымен бірге ол үйге отын тасысып, диірменге барып жүретін.

Үй шаруасын бітіріп тастайды да, балалар шананы сүйретіп төбеге жүгіреді. Бойлары етіктің биіктігіндей кішкентайлар қарға малтығып, аласа төбеге өрмелесе, бойы ұзындаулары мұздың үстімен зымырап өтіп, диірмен жанындағы биік төбеге шығып алады.

Тағы да түні бойы балға үйқы көрмейді.

Кейде ескі етікті жамағаннан гөрі жаңадан тіккен оңайырақ. Ал көршінің әйелі осы шаналарды отка жағу керек дейді.

— Қой, оларға тиіспе, — деп жұбатады көрші әйелін. — Өзіміз де бала болдық емес пе!

Ол қайтадан көзілдірігін мұрнына іле салып, қолына балға алады. Тықылдаған балға үнімен ұйықтайтын болды үйдегілер. Тіпті сырттағы қар жапалақтары да үнге елітіп жайлап түсетін сықылды. Ал бүрсеңдеп паналайтын жер іздеп жүрген жалғыз-жарым кұс болса, терезеден қарап, құстарға да етік тігіп беретін біреу болса деп қиялдайтын. Күндердің бір күнінде етіктер жыртылмайтын болды. Көрші етікті алып жіберіп қарайды да, балғамен бір-екі нұқып қалса болды — бүтінделіп шыға келеді. Сосын етікші қыс өтіп кеткен жоқ па деп терезеден қарайды. Жоқ, қыс кететін түрі жоқ, қар деген тізеден жатыр.

Көрші тігетін, жамайтын ештеңе қалмағанына таңданды да, енді өз етігін тігуге кірісті. Асықпай тігетін болды, түнде демалады.

Бірде түн ішінде таныс үннен оянып кетті.

— Түк-түк!

Көрші төсегінен тұрып шам жақты.

Бәрі ұйықтап жатқан сияқты: балға да орнында жатыр. Қөрші желкесін қасып біраз тұрды да, балғаны көпшігінің астына жасырып қойды.

Балғада үн жоқ. Бір мезгілде тағы да:

— Түк-түк!

Қөрші тұрды да, шам жақпастан киініп, дыбыс шыққан жаққа бет алды. Қараңғыда сипалап жүріп есікті ашып, көшеге шықты. Гугуцэнің терезесінде шам көрінді. Көрші терезеге жақындап сығалап қараса, өзінің кіші ұлы мен Гугуцэ қақырап калған етіктің өкшесіне бар пәрмендерімен құлаштап шеге қағып отыр екен.

— Е, әңгіме қайда жатыр! — деп көрші мұртын сипады да, өзін күтіп жатқан жастығына кетті.

Ертесіне оған түнде кеш жаттың, түнімен балға :тықылы маза бермеді деп әйелі біраз ұрсып алды.

Көрші миығынан күлді де, үндемеді. Сосын ештеңе болмағандай инесін сабақтап іске кірісті.

ҚАРЫЗ

Гугуцэ үй маңын ретке келтіріп болғасын, өзінің немере ағасына бір тиын берешек екенін есіне алды. Ертең Жаңа жыл. Мүмкін, оларда ақша жоқ болар. Апарып беру керек, әрине.

Үйде анасы жоқ еді. Гугуцэ бір тиынды бөркінің астына тігіп алды да, ұрылар шабуыл жасай қалса деген сақтықпен пистолетпен қаруланды. Сосын анасының суретін калтасына салып, жағасын көтерді де, немере ағасы тұратын көрші ауылға қарай тартты.

Жол бойы оны біресе ат шана, біресе машиналар қуып жетіп, тоқтай қалады. Гугуцэде төлейтін бірдеңе барын біліп қойған сияқты.

— Мен жаяу-ақ барам, — дейді Гугуцэ. — Аяғымдағы еті-гім жаңа еді, кішкене тоздырмасам болмайды.

Міне, Реут өзенінің үстіндегі көпірге жетті. Енді жарты жол қалды. Гугуцэ анасын сағынып кетіп, қалтасынан суретін алды:

— Анашым!

Содан кейін ол алақанын бір үрлеп қойып, тағы ілгері жылжыды.

Қар болса еріккендей, аяқ астында сықыр-сықыр етеді.

Гугуцэні тағы да екі машина қуып жетті. Ол шоферлерге, егер өзі міне қалса, өрге қарай машинаның жүруіне ауыр соғатынын айтты. Ал үйге қайтарда ауылға апарып салса бірсәрі.

Қөрші ауылда бала біткен үйді-үйге кіріп, үлкендерді Жаңа жылмен құттықтап жүр екен. Олар «гей-гей» деп айқай салып, жаңа жылдық тілектер айтып, қоңырауларын сылдырлатып, сол үшін әр үйден тиын мен қалаш алып жүр. Жинаған қалаштарын таяққа сақинаша кигізіп, иықтарына салып алыпты.

Гугуцэ ойлағанда маңдайға салмақ түспесін деп, бөркін желкесіне шалқайта киді де, өз-өзінен күбірледі:

— Бір тиыныма қоңырау сатып алсам ба екен? Таяққа толтыра тізіп қалаш апарсам ғой, тамаша болар еді!

Сол жерде бір үйдің ауласынан қыз бен бала шыға келді. Таяққа іліп алған қоңырауды екеулеп көтеріп келеді. Гугуцэ бөркін қайтадан баса киді де:

— Ұсақ-түйекпен байланысып қайтем. Мен сияқтылар түнде құттықтайды, — деді өзіне-өзі.

Бірақ ол әлгі екеуінің қоңырауы әп-әдемі сылдырағанын есітіп, бөркін тағы шалқайта киді, тағы ойға кетті. Бұл екеуі Гугуцэні де өздері секілді кішкентай санап, сендерге қосылайын деп өтінер дейтін сияқты. Жо-жоқ, олары бола қоймас! Сосын Гугуцэ:

— Ал, қане, мені кұттықтаңдаршы! — деп қалай айтқанын біл-мей де қалды.

— Осы жерде, жолдың үстінде ме?

— Енді қайда? Мен көрші ауылдан келдім ғой.

— Жол үстінде құттықтамаймыз, — деп бала ілгері жүре берді. Ал қыз жалт қарады да, сыбыр етті:

— Сен, кішкене ағай, анау қораға кір, сосын біз сені құттықтай-мыз.

Гугуцэ үш аттап қақпаға енді. Бала қоңырауын сылдыратып:

— Ән салуға құттықтап, үй иесі, бер рұқсат?! — деді.

— Рұқсат етем, — деп Гугуцэ басын изеді.

Кішкене қыз Жаңа жылдық әнге басты...

-Сыйлықты жинайтын қайсың? — деді Гугуцэ.

Бала ілгері аттап еді, Гугуцэ бөркінен тиынды алып оған ұстата салды. Ал қалаштың орнына пистолетін берді. Енді карақшылардан қорқатын түк жоқ.

Балалар қандай қуанды дейсің!

Гугуцэ оларға ендігі жылы да өзін құттықтауды ұмытып кетпеуін ескертті де, үйіне кетті. Немере ағасы тағы бір реті келгенше кідіре тұрады-дағы. Ол ештеңе емес-ау, дәл Жаңа жылдың алдында ұлын жоғалтып алған анасы кандай күйде екен десейші?!

АЛДИЯР ТАҚСЫР ГУГУЦЭ

Гугуцэнің ұйқысы қанып тұрсын деп күнде таңертең әкесі терезе пердесін жауып қоятын, ал кешкісін оған кояндар беріп жіберді деп нан әкелетін.

Гугуцэ аз күн қояндар берген нанды жеп жүрді де, бір күні түнде қолына жіп байлап, оның екінші ұшын әкесінің аяғына байлап қойды, сөйтіп ертесіне таң қылаң бере оянды.

Әкесі оны егістікке ертіп апарған жоқ, өйткені ұлы әлі кішкентай. Оның есесіне Гугуцэ үйден алыстаған сайын әкесінің бірте-бірте кішірейіп бара жатқанын байқады.

Ол ауылды аралап жұрттың жұмысқа кеткенін көріп еді. Сөйтсе әкесі ғана емес, үлкендердің бәрі де ауылдан ұзаған сайын кішірейе береді екен. Әуелі Гугуцэнің қарындасындай, сосын оның башмағындай, ақырында дәннің үлкендігіндей ғана болып көрінеді. Олармен салыстырғанда Гугуцэ нағыз дәудің өзі ғой! Үлкендер мен ересек балалардың бәрі егістікке кеткенде, Гугуцэ дәл бір корольға ұқсап ауылда қалады.

Кішкене балалар Гугуцэні король деп атауға бірауыздан келісті. Және оның үйіне тығыз әрі маңызды жұмыстармен жиі келетін болды.

— Алдияр тақсыр, біздің үйдің төбесінен су ағып тұр, шифер алуға көмектесші.

— Алдияр тақсыр, диірменге апаратып бидайымды жеткізе алмай тұрмын, арба керек еді...

Міне, Гугуцэнің шарбағына ат болмағанмен, құлын әкелінді.

Көпшіліктің тілегін түгел орындаған Гугуцэ кұлынға мініп алып, қарамағындағы халықты аралауға шықты.

Қақпа алдында жылап тұрған баланы көрді.

— Алдияр тақсыр Гугуцэ, біздің үйректің балапаны жоғалып кетті.

Гугуцэ үш рет ысқырып қалып еді, қайдан шыққаны белгісіз, аттар ма, аттылы адамдар ма — әйтеуір жетіп келді.

— Балапанды табу керек! — деп бұйырды Гугуцэ. — Ол, сірә, анау жырада болар!

Сонсоң ол құлынмен шауып кетті. Бір ғажабы, алдияр тақсыр Гугуцэ найза-қылышсыз және көмекшісіз жүретін.

Бір үйдің мұржасынан бұрқ етіп түтін шықты. Гугуцэ құлынның басын тартып кідірді. Үйден алжапқыш байлаған кішкене қыз шықты, жеңін түріп алыпты.

— Не болып қалды? — Гугуцэ мұржаға қарады. — От неге жағасыңдар?

— Алдияр тақсыр, ата-анама түскі тамақ апаруым керек еді. Күн көтеріліп қалыпты, егістік алыс, тамақ пісіріп үлгере алмай қалам ба деп...

— Түсінікті, — деді Гугуцэ. — Ардақты ата-анаңа алдияр тақсыр Гугуцэден сәлем айта бар.

Келесі көшеде Гугуцэ басына бөрік, үстіне күпі киіп алған балаға кездесіп қалды. Жаздың ортасында мынадай киім киіп алғаны ерсілеу еді.

— Алдияр тақсыр, — деп бала бөркін алды. — Құдықтың ішінен күндіз де жұлдыздар көрінеді деген сыбыс бар. Құдықты тазалап, жұлдыздарға қарауға рұқсат етсеңіз екен.

— Бөркіңді ки. Құдықтарды тек мейрамдарда ғана тазалайды.

Аттылар соның арасында балапанды тауып алды. Олар енді ауыл үстіне сап түзеп, Гугуцэнің үлкен суретін алып келе жатты. Біреуі қақпа алдында Гугуцэні күтіп тұр екен.

— Алдияр тақсыр, патронға оқ-дәріні тығындайтын кендір керек болып тұр.

Гугуцэ қажетті талшықтардың кендір өсімдігінен алынатынын білетін. Ол құлынды өріске қоя берді де, өзі аттылымен бірге король сарайының дәл алдынан жер қазып, кендір екті.

— Енді бір жылға жететін патрондарды оқтап коюға болады! — деп қуанысты аттылар.

Түс қайта алдияр тақсыр Гугуцэ көгалға барып, көбелек аулай бастады.

Көбелек аулау сәтті болды. Қөбелектер нақ король сарайына баруға асыққандай, алдияр тақсырдың тәжіне өз-өздерінен ене берді.

Осындай маңызды істерден шаршап кеткен Гугуцэ кешке қарай ауыл сыртына шықты.

Тұс-тұстан — егістіктен, фермалардан, бақшалардан лек-легімен ауыл адамдары келе жатыр. Олар таңертеңгідей емес, жақындаған сайын үлкейіп келеді.

Алдияр тақсыр енді өзінің кішірейіп бара жатқанын сезді. Кісілер келіп, жетектеп үйге апарғанға дейін ол тапжылмай бір орында тұра берді.

ШАЛҒЫШЫ

— Айтпақшы, қайрақты алуды ұмытып кеткен жоқсың ба, Гугуцэ? — деді әкесі үйден шыға беріп.

Қайрақ... Одан да әкесі шалғысын берсе ғой. Шалғыны иыққа салып алып, көшемен алшаңдай басып өтер ме еді, шіркін! Құмыра мен қайрақты ұстап жүргеннің несі қызық?

Әкесі артына мойын бұрмай, тоқтаусыз аяңдап барады, ал Гугуцэ шабындықта отырған біреу өзін арқанмен тартып жатқандай әкесінің соңынан ілесіп келеді.

Бұлақ. Гугуцэ құмыраға су құйып алды. Міне, өзен жағасындағы көк шалғынға жетті. Әкесі белін буып алып, шалғыны сермей бастады. Шөп арасындағы шегіртке мен көбелектер қорыққаннан тырағайлап қашып жатыр.

Көк шөпке тиген шалғы үні біресе мына жерден, біресе ана жерден естіледі. Әкесі колыи көтерсе болды, Гугуцэ құмыра мен қайрақты алып жүгіреді. Мүмкін, әкесі шаршаған шығар, ұлына шалғыны шөп шабуға аз уақытқа беретін болар? Әкесі құмырадағы сумен қайрақты ылғалдап алып, шалғыны жаниды. Бала тағы былай қалады.

Олар әкесі екеуі ертемен ауылдың ортасымен шабындыққа беттегенде, кісілер шөп шабатын Гугуцэ де, әкесі тек көмектесуге бара жатқан ғой деп ойлаған болар. Егер шын мәнінде солай болса, Гугуцэ жерден жеті қоян тапқандай қуанар еді-ау.

Әкесі баланы тіпті елемейді. Гугуцэ аяғына тікен кіріп кеткенде шынымен-ақ қуанып қалды. Сонда ғана әкесі мұны байқап, тікенекті суырып алды. Бірақ баласына шалғы беру туралы ләм-мим демеді.

Ой! Бөдене әкесінің дәл аяғының астынан секіріп кетті.

Сосын екеуі түскі тамаққа отырды. Анасының дорбаға не тағам салғаны белгілі болды.

Гугуцэ тамаққа тойып, бір әлденіп алды. Әкесіне бұтаның түбіне көлеңке жасап берді де, дем ал деп ақыл айтты.

— Дұрыс айтасың, — деп, әкесі де оны қостап қойды. Шалғының басын бөлек алып қойды да, өзі қисая кетті.

Шалғыны бөлектеп қойды, енді қалай оруға болады?

Гугуцэ өкпелеп қалды, бірақ не істесін, жүгіріп бұлаққа барды да, құмырамен әкесіне су алып келді.

Қелсе, әкесі тағы шөп шабуға кірісіп кетіпті. Мейлі, бермей-ақ қойсын. Гугуцэ теміршімен сөйлесіп, өзіне шалғы жасатып алады. Сонда бұл жерге түнде келіп, айдың жарығымен шөп шабуға болады. Әкесі ертең таңертең не дер екен бұған?

— Мынаны қара! Қоян! — деп айкайлады әкесі. Гугуцэ таңданғаннан аузын ашып, бір орында қалшиды да қалды. Ата жөнелген қоянның соңынан әкесі қуып берді. Қоян зымырап барады, әкесі де аянар емес. Қоян төбешікке қарай қашып еді, әкесі де артынан ілесті.

«Байғұс қоян, біттің! Әкемнің аяғы ұзын».

Гугуцэ есін жиып, ашылған аузын жапты да, жерде жатқан шалғыға жармасты. Алақанына түкіріп жіберіп, шалғыны сілтеп қалып еді, ұшы жерге кіріп кетті. Ештеңе етпес. Шалғыны дұрыстап сілтеуі керек екен. Ал кәне! Ойбай, шалғының ұшы тағы да жерге кіріп кетті!

Әкесі оралғанда, Гугуцэ шөп шауып әлек еді. Шапкан шөбі он талға жетіп қалатын шығар, сірә.

Кешке дейін Гугуцэ қымыздық сияқты әр алуан тәтті шөптердің бір құшағын теріп алды. Өстіп жүріп өзі білетін әннің бәрін айтып тауысты.

Міне, енді екеуі ауылға қайтып келе жатыр. Гугуцэнің қолында әр алуан тәтті шөп, қайрақ, құмыра. Ол алдында келеді. Оның соңынан иығына шалғысын салып әкесі келе жатыр. Жолда кездескен баланың бәрін Гугуцэ үйіне ертіп келіп, неше түрлі тәтті шөптер берді. Ал қоян туралы жұмған аузын ашпады. Сөйтіп қоян дегендерінің жұдырықтай-ақ көжек екенін, әкесі ит әуреге түсіп қуса да, оны ұстай алмағанын тірі жан білген жоқ.

КЕЛІ

Бір күні Гугуцэні анасы ертемен оятты. Ол тұруын тұрғанымен, ұйқысын әлі аша алмай отыр.

— Қалқам, Симион ағайыңа барып, келі сұрап келе қойшы. Кендір дәнін түйейін деп ем. Әкең, кендір сүтін жақсы көреді.

Гугуцэ ауылдың шетіне қарай қалқиып бара жатты. Бір үйден соң бір үй. Міне, ағайдың қақпасына жетті. Сол жерде Гугуцэ ұйқысын ашып, басын ұстай алды: жол бойы кендірден сүтті қалай жасайды деп ойлап келе жатып, кездескен адамдардың біреуімен де амандаспапты.

Гугуцэ кері қарай жүгірді. Кетіп бара жатқан кісіні қуып жетіп амандасты. Енді манағы адамдардың басқасын қайдан тауып сәлем беруге болады?

Ол агрономнан кімнің қайда кеткенін біліп алды да, егістікке қарай жүгірді. Бір беткейде қант қызылшасын, біреулер екінші жерде темекі жинап жатыр екен. Гугуцэ таңертең мені, көріп пе едіңіз деп бас-басынан сұрап шықты. Біреулер көрген, екіншілері көрмеген, енді біреулері көрсе де ұмытып қалған болып шықты. Сонда да Гугуцэ әрқайсысымен түгел амандасты.

Кісілер Гугуцэнің мұнда неге келгенін сұрап еді, ол көмектесуге келіп едім деген сылтау айтты. Сонсоң біреуінен темекі салатын алжапқышын, біреуінен баспалдақ сұрап алып, ағаштың басынан шабдалы жинасты. Жұмыс істеп жатса да, ол жан-жағына жалтақтап қарауды ұмытқан жоқ және біреу-міреу машинамен не арбамен өтіп бара жатса, қалпағын бұлғап амандаса берді.

Гугуцэ тракторшыларға «Қайырлы таң» деудің орнына «Қайырлы күн» деп амандасуды ұйғарды. Ол жұрттың бәрі дала қосына тамаққа жиналғанша күтіп, бәрімен сәлемдесіп, арасында тракторшыларға тамақ ішуге көмектесті.

Сосын ол астық бастырып жатқан қырманға қарай жүрді. Онда адам көп екен. Гугуцэ бәрімен қол беріп амандасып, өзімен бірдей бірнеше қапшықты бидайға толтырды. Ең ақырында тауық қорада жүрген әйелдерге «Кеш жарық» деп сәлем беріп, жұмыртқа санасуға көмектесті.

Әбден шаршаса да, үйіне ол ұрыста жеңіп шыққан батырдай кейіппен келді. Қараңғы түсіп кеткен еді.

— Гугуцэ, келі қайда? — деді анасы.

Гугуцэ санын бір соқты да, Симион ағайдың үйіне жүгірді.

ГУГУЦЭНІҢ ПЫШАҒЫ

Қолтығына араның ұясын кысып алған аю бұлақ басына келді. Әрнені білуге құмар елік аю су ішіп болғанша күтіп тұрды да:

— Не жақсылық бар, қисық аяқ? — деп сұрады.

— Қөрдің бе? Радио! Ән-күй тыңдамасам, ішкенім ас болмайды, — деді аю араның ұясын көрсетіп.

Елік қос құлағын тігіп еді, радио емес, жер селкілдеп тұрған секілді. Қараса, қоянға ініп алған қызыл қоңыз екен.

— Бәріңе! Бәріңе! Бәріңе! Тоқылдақ телеграмма жіберді: «Орманға Гугуцэ келді! — деп жар салды ол.

— Сен болсаң, құр босқа әндетесің! — деп, радиоға кейіген аю оны жерге бір қоюға шақ қалды. — Қызыл қоңыз, айтшы, ол жалғыз ба, жоқ жанында нөкерлері бар ма?

— Қім? Гугуцэ ме? Пышағы. бар, қисық аяқ пышағы бар! Сені қайда деп сұрады.

Аю соны естуі-ақ мұң екен, радиосын қолтығына қысып (өлсем де музыкамен өлейін деген ойы ғой), әйда каш!

«Гугуцэ пышағымен орманда жүр!» — деген лақап лезде аймаққа тарады да кетті.

Тиін ағаш қуысындағы үйін жауып алды. Түлкі борсықтың ініне құйрығын әрең сыйғызып жасырына қойды. Қасқырдын да зәре-құты қашып, қалың түйетікеннің ішінде селкілдеп отыр: егер кешегі жеген қойы Гугуцэнің ауылынан болса қайтеді?

— Бәріңе! Бәріңе! Бәріңе! Гугуцэ борсық інінің жанына келді!

Осыны естуі-ақ мұң екен, қу түлкі іннен тұра қашып, жөке ағашының арасына қойып кетті:

— Қап! Жұма күндері қара тауық ұрлауды қоямын деп әлдеқашан өзіме-өзім ант берсем де, мына төрт аяғы құрғыр тыңдамай-ақ қойды. Енді Гугуцэге не бетімді айтам?!

— Дәл қазір Гугуцэ түйетікеннің жанына келді! — деген дауыс шықты.

— У-у-у! — деп ұлыды қасқыр. — Аю радиосын бұрап, соңғы жаңалықтарды тыңдап отырған шығар. Мен байғұс сұп-сұр түсімнен көзге шалынып, құритын болдым-ау.

Қасқыр алды-артына қарамай зыта жөнелді. Оның оң көзін бұрын малшылар шығарып қойған еді, сондықтан ол солға қарай жүгірді.

— Гугуцэ пышағымен жөке ағашының жанына келді! — деген дауыс естілді.

Ол жерде аю мен түлкі бұғып отырған. Түлкі аюдың радиосын арқалап алыпты, әйтеуір жалғыз қалмасам екен деген ой болса керек.

Орман іші күні бойы осылай астан-кестен болды. Аңдардың қашқан дүбірінен жер солқылдап, зәресі ұшқан балапандар ұяларынан құлап түсе жаздады.

— Апатай! Бұл не? Соғыс болып жатқаннан сау ма? — деп, аналарының бауырына тығылды олар.

Кешке қарай әбден әлі құрып, сілесі қатқан аю:

— Шыдай алатын емеспін енді. Өзім жан сақтаймын деп терімнің бәрін бұтаға жырғыздым. Түлкі, баршы әлгі тоқылдаққа, Гугуцэ деген кім екен өзі, түрі қандай екен. Қолындағы пышағы мылтықтан да қорқынышты ма екен — сұрап кел, — деді.

Мұны естіген тоқылдақ ішек-сілесі катқанша күлді:

— Е-е! Зәрелерің кетті ме?! Сол керек! Ал Гугуцэ үйіне баяғыда барған. Таңертең ертемен келіп, пышағымен сыбызғы жасайтын бұта кесіп алды да, балапандарына жем беруге кеткен.

ГУГУЦЭНІҢ ӘТКЕНШЕГІ

Күн сайын Гугуцэ әткеншек жасап алайын деп жиналады.

Балалар әткеншек тебеміз деп оның жанына жетіп келгенде, Гугуцэ ұялғаннан жерге кіріп кете жаздайды. Екі бағананы орнатып беруге әкесінің қолы тимей-ак қойды.

Бүгін қолы тимейді, ертең қолы тимейді, оның арғы жағында Гугуцэ қартайып бітеді — сосын қалай әткеншек теберсің!

Осы телеграф бағаналарының арасына әткеншек орнатып көрсе қайтер екен? Кенеттен телеграф сымдары үзіліп кетіп, телеграмманың бәрі Гугуцэнің үйінің алдына шашылып қалса ше?

Бірақ бір күні Гугуцэ әткеншек жасаймын деп әуреленуін қойды.

— Шамасы, бұның басына тағы да жаңа бір ой келген ғой, — деген шешімге келді үйдегілер.

Гугуцэ сол күні ұшты-күйді жоқ болып кетті. Анасы аяғы сарсылғанша іздеп таба алмай қойды.

Әкесі бұл кезде бақша мен құдықтың арасында шелекпен су тасып, помидор суарып жүрген. Жаңа ғана су тасып болғалы жатыр еді, қайдан шыққаны белгісіз, Гугуцэ жетіп келді.

— Қайда жоғалып кеттің? — деп кейіді анасы.

— Ешқайда жоғалған жоқпын, әкеммен бірге помидорға су құйыстым, — деп қарап тұр Гугуцэ.

Әкесі әуелі шелегіне, сосын өзінің қолына, сосын кабағын шытып баласына қарады да:

— Сен өзің байқа! — деді.

Сенбі күні кешкісін Гугуцэ тағы жоғалып кетті. Анасы іздеп-іздеп таба алмады. Дауыстап шақырады, — дыбыс жоқ.

Осы кезде көрші әйел гүлге су құйып жүрген. Құдық үстінде қауқиған үлкен қол шығыр біресе тіке көтеріліп, біресе төмендейді.

— Олина апай, Гугуцэні көрмедіңіз бе?

Олина басын шайқады да, соңғы шелек суды гүлдеріне құйып еді, жер астынан шыққандай Гугуцэ тұр. Анасы ұрысып жатыр, Гугуцэ де қалысар емес:

— Мен Олина апаймен бірге гүлге су құйдым ғой!

— Тоқтай тұр, бәлем, әкең де келер жұмыстан...

Анасы Гугуцэні қолынан дедектетіп отырып ат-арбамен құдық басына кеп тоқтаған әкесіне алып келді. Шағым айта бастап еді, Гугуцэ тағы ұшты-күйді жоқ болып кетті.

Әкесі құдықтан аттарын суарып, жетелеп жүре беріп еді, соңынан Гугуцэ еріп келеді.

— Ал, енді қайдан шықтың?

— Әкеме ат суарыстым, басқа не істеуші ем?

Әкесі мен шешесі бір-біріне қарады да, бастарын шайқады.

Ертеңіне анасы Гугуцэні дәрігерге апару керек деген байламға келді. Бірақ әуелі қиярды суарып тастау қажет.

Анасы құдыққа келді. Ол құдық жанында жатқан тастарды көрді. Ал шығырдың басындағы себеттің ішіне қауғаны көтеретін тастардың орнына басқа бір нәрсені салып қойыпты. Ол не өзі? Жасаған-ау, мынау Гугуцэнің қалпағы ғой!

— Қарай гөр тұрған жерін! Қане, тез түс!

— Түспеймін. Мен деген қиярға су құюға саған көмектесіп жатырмын ғой.

Сол күні кешке қарай әкесі әткеншек жасап берді. Ол әткеншекті көршінің балалары тепті. Ал Гугуцэ аяғын да салған жоқ, тек қарап қойып тұра берді.

Өйткені бұл әткеншек шығырдың басына отырып алып тербелгеннен артық емес деп ойлады ол.

ОР ЖӘНЕ ЕХ

Баяғы заманда жер үстінде бойлары шай қасықтың сабындай-ақ адамдар өмір сүрген деседі. Бір қойдың жүні бүкіл бір ауылдың адамдарына шұлық тоқуға жетеді екен. Үш сиырдың сүті бүкіл елді асырапты. Үйлердің үлкендігі біз су ішіп жүрген кружкадай ғана екен. Бір үйдің төбесін күнбағыстың бір ғана қалпағымен жабатын болыпты.

Елдің ең шетінде гүл өсіретін көгілдір көзді келіншек тұрыпты, оның бойы сіріңкедей-ақ егіз ұлы бар екен. Келіншек гүлдерді тойларға, шілдеханаларға апару үшін өсіріпті. Сондықтан ел оны аса құрметтеп, сыртынан ылғи мақтап жүретін болыпты.

Әйел жылына бір рет елдің басшысы корольге гүл жібереді және одан ешқандай соғыс ашпауын, өйткені оның өз бақшасындағы гүлдердей жақсы көретін екі ұлы бар екенін айтып өтінеді.

Бір ұлының аты Ор, екіншісінің аты Ех екен. Екеуі де әкесіне тартқан, көздері қара. Ехтың қолынан келмейтіні жоқ, анасына гүл шоқтарын жасауға көмектеседі. Ор гүлдерді суарады. Одан соң екеуі кең алқапта неше түрлі қызық ойындар ойнайды. Алқаптағы жәндіктер де бұл екі бала гүл өсіруші әйелдің ұлдары екенін біліп, оларға барынша көмектесіп жүреді.

Ех инелікпен достасып алады да, бір күні Ор екеуі оның үстіне отырып, вертолетпен ұшқандай самғап елді шарлап кетеді.

Анасы балаларын өте жақсы көретін.

Егіз ұлдың әжелері жоқ еді. Бір күні екі бала анасы күлген кезде көзінің айналасында әжім пайда болатынын байқайды. Сосын екеуі біздің анамыз да, әжеміз де болсын деп шешесін ылғи күлдіре береді.

Уақыт өте берді. Бір күндері анасы өзінің бойындағы күш-куатын да, әдемі ажарын да гүлдер ұрлап алғанын бір-ақ білді. Сонан соң ол сүйікті ұлдарына арнап сақтап жүрген екі пар ғажайып кебісті берді. Ол кебісті киген адам ешқашан аш болмайды екен. Енді Ор мен Ех өздерінің вертолет-инелігіне отырып алып, алысқа шарлап үшатын болды. Екеуі тек кешке ғана үйге қайтып оралатын, анасы сонда сап-сау келген ұлдарын көріп қуанатын.

Бір күні балалар байқамай елдің шетіне дейін ұшып барды да, инеліктен көрші мемлекетке апаруын өтінді. Ақыры екеуі бөтен елдің үстімен ұшып, көрмеген жердің әдемілігін тамашалады. Бөтен елдің дәл орта тұсына жеткенде, күн батып, қас қарайып кетіп еді. Ағайынды екеуі шегірткені қалың жапырақты ағаштың түбіне қондырып, сол жерге түнемек болды. Ор мен Ех от жағып, инелікті тамақтандырды да, ағаштың түбіне қисая кетті.

Түн ортасында Ор орнынан тұрды да, ептеп келіп Ехтың аяғындағы ғажайып кебісін шешіп алды. Сосын ағаш басына шығып отырды. Ор әуелден осы кебісті қолға түсіруді көздеп жүрген. Ондағы ойы: ғажайып кебісті өз елінің короліне сыйға тартып, корольдің қызы ханшаға үйлену еді. Бұл кезде Ордың мұрты тебіндеп, жігіт болып қалған және кеш сайын сұлу ханшаны көзіне елестетіп, қиялға бататын.

Ор Ехтың кебісін қойнына тығып, ағаш басында отыр еді, бір кезде көзі ілініп кетті. Сол-ақ екен, ағаштьщ бір бұтағы Ордың үстінен жылжып түсіп бара жатқандай болды және сырт ете қалған дыбыс естілді...

Таң ата Ор оянды да, жасырынғысы келді. Сөйтсе, өзінін кебісі де, Ехтың кебісі де ұшты-күйді жоқ. Инелік те зым-зия.

Ор Ехты оятты да, түнде қарақшылар келіп төбелес болғанын, өзінің әрең құтылғанын айтып сыбырлай бастады. Қарақшылардың Ехқа тиіспеген себебі ол Ордан бір сағат болса да соң туған, кіші ғой. Ал екеуміздің де кебісімізді солар алып кетті деді. Ех ызадан жұдырығын түйіп тістеніп еді, Ор оған:

— Мен барда қысылма, сенен бір сағат үлкенмін ғой! Күн шыққанша күте тұрайық. Мүмкін, қарақшылар кебістің бір парын түсіріп алған болар, біз оны тауып алып, кезек-кезек киетін боламыз, — деді.

Ор Ехтың ағашқа шығуына көмектесті, сосын өзі де шықты.

Жарық әбден түскесін екеуі қолдарына бір-бір таяқ алып, ағаштың түбін, жапырақтардың арасын түгел шарлады. Бірақ кебіс түгіл оның өкшесін де таба алмады. Инелік оралмады, ал бұл жердің жәндіктері оларды тыңдағысы да келмеді. Амалы құрып, екеуі үйге жаяу тартты. Кешікпей қарындары ашып, көздері қарауыта бастады.

Жақын бір ауылда жолаушылар бір шаруаға құрт өлтіруге жалданды. Сөйтіп бір ауылдан екінші ауылға жылжи берді. Бірде көлден шабақ ұстап алды. Оларға шабақ кит секілді үлкен болып көрінді және оны мақтап екеуі үш күн бойы жеді.

Ағайынды екеуі кез келген жерден кебісін іздеумен болды. Сонсын Ор кебісті инелік ұрлап әкетті, әйтпесе қарақшылар бұларға қиянат жасайын деген жоқ еді деп лепірді.

— Анамыздың көзі тірісінде үйге жетсек екен, — дейтін Ех күн сайын таңертең.

Ағайынды екеуі өз елін ұзақ іздеді, тіпті қарттық шіркін самайларына ақ кіргізе бастады. Екеуі де таяққа сүйеніп жүретін халге жетті. Бір күні аяқтарының астына бір жаңғақ түсе кетті. Жаңғақ ағаш басында отырған қарғаның аузынан түскен еді.

— Қане, бізге қарға не сыйлады екен? — деп, Ор жаңғақты арқасына салып, жақын маңдағы үйге қарай жүрді. Екеуі үйден балта алып шығып, жаңғақты жарып көріп еді, өз көздеріне өздері сенбеді: жаңғақтың ішінде су жаңа екі кебіс тұр екен.

— Бұл біздің кебісіміз емес, біз мұны алмаймыз, — деді Ех.

Ор қолын соза беріп еді, Ех кебісті лақтырып жіберді.

Екеуі балтаны кезек көтеріп, ілгері жүре берді. Жолшыбай олар кездескен жаңғақтарды жарып көрді, бәрінің ішінен де жап-жаңа кебіс шығатын болды, бірақ өз кебістерін ақыры таппай қойды. Сонда да екеуі осыншама әдемі кебістер көбейіп кеткеніне қуанышты еді. Әнеугүні кебісті алған ұрылар емес, өзі отырған ағаш екенін Ор енді ғана түсінді. Сөйтіп ол інісіне бәрін айтып, мойындады.

— Мені кешір, Ех, — деді. — Шамасы, сенің кебісіңді корольдың қызының қолына түспесін, онан да ағаштардың басында өсіп, балаларды қуантсын деп ағаш алып кеткен ғой.

Ех Ордың сақалынан сілкіп қойды. Сосын екеуі екі жаңғақты жарып, бір-бір кебіс киіп алды да, гүл өсіруші аналарын көзі тірісінде қуанту үшін үйлеріне жетуге асықты.

ИОН КРЯНГЭНІҢ ӘРІПТЕРІ

Атай мектепте бар болғаны екі жыл оқыған, яғни оның екі кластық қана білімі бар. Ол қолы тиіп кетсе, әкесінің Гугуцэге жасап берген партасына барып отырып алады.

— Заман түзелді-ау, тіпті үйден оқуға болатын болды, — деп қояды Атай. — Ал мен болсам, баяғыда бірінші класты тоғыз шақырым жердегі Стрымбу селосына барып-келіп оқып едім. Анам мені ертемен тауық шақырғанда оятады да, кітаптарымды дорбаға салып, шыныға құйған сия береді қолыма, сосын мен тоғыз шақырым жолға шығам. Онда да жолмен емес, Реут өзенінің бойын жағалап жүрем, әйтпесе адасып кету де ғажап емес-тін.

— Ата, сен Ион Крянгэмен1 бірге оқыдың ба?

— Болмаған нәрсені болмады деу керек. Крянгэ менен көп үлкен ғой. Мен оқып жүрген кезде, ол Яссыда мұғалім болатын. Бірде біздің жаққа Крянгэде оқығандардың біреуі келді. Оның қалай оқығанын, қалай білім алғанын біз қояр-да-қоймай сұрадық. Ой, Гугуцэ, бұл бір ғажап қызық тарих.

Крянгэ күнде мектепке келгенде, қолтығына қағаз қорап қысып келеді екен. Қораптың іші толған әріп. Оның өзі қарапайым әріп емес, үннан бетіне қант сеуіп пісірген әріп екен. Ол әріптерді бір-бірлеп алып, түйреуішпен тақтаға бір сөз шығатындай құрастырып жапсырады да, бірер оқушыны шақырып:

— Оқы, қаттырақ оқы, тақтада не жазылған? — дейді. Егер оқушы дұрыс оқыса, Крянгэ оған әріптердің ішінен таңдағанын алып жеуге рұқсат етеді. Бала әріпті жеп алып, тілін жалап отыра бергенде, Крянгэ тағы айтады:

— Тақтада не жазылған, тағы бір рет оқып жібер, бірақ әлгіде өзің жеген әріпті ұмытып кетпе.

Ион Крянгэнің әріптсрінің тәттілігін сөзбен айтып жеткізуге болмайды. Тәттіге бала біткен үйір келеді емес пе, тақтаның алдында бір жыл тұр десе де тұруға бар.

Ион Крянгэ өте кедей болған адам ғой. Соған карамай күн сайын бүкіл балаға тәтті пісіріп әкелетін болған.

— Сондай тәтті әріпті мен де жер едім, ата.

Атасы қабағын тыржитты да:

— Сандықшаның түбін қарашы, осы Ион Крянгэнің бір тоқашы жатқан жоқ па екен.

Гугуцэнің үй ішінде қопармаған жері жоқ — ешқандай тоқаш

табылмады. Шамасы, тышқан жеп кеткен болар.

Ол енді Ион Крянгэнің тоқашы туралы ұмытып та кетіп еді, атасы тағы келіп:

— Таптың ба, Гугуцэ? — деп сұрады.

— Сен жай әзілдеген боларсың, ата?

Атасы оны қолынан жетектеп алды да, үйге кіргізді. Сосын кітап сөресінің жанына әкеліп, бір кітапты алды да:

Міне, айналайын Гугуцэ, Ион Қрянгэнің пешінен шыққан тәтті әріптер осы. Қане, ашып көрейікші! Мысалы: «Ерте, ерте, ертеде. Ешкі құйрығы келтеде...» Қалай? — деп немересіне күлімдей қарады.

Гугуцэ кітапты ептеп алып, қойнына қысты да, атасына:

— Ата, сенің екі кластық білімің барлығы өтірік! Екі класс емес, сексен кластық білімің бар ғой! — деді.

ГУГУЦА

Гугуцэні мектепке шығарып салуға көрші-қолаң түгел жиналды. Қарындасы гүл алып жүруге көмектесті. Әкесі бұлардың соңында Гугуцэнің атақты партасын машинамен алып келе жатыр. Директор омырауына өзінің барлық медальдарын қадап, мектептің алдында Гугуцэге қолын беріп амандасты. Партаны екінші класқа, ал баланы бірінші класқа қабылдап, жаңа партадағы бір қыздың қасына отырғызды.

— Сен кімсің? — деді оған Гугуцэ сабақ басталған кезде.

— Менің атым Гугуца, — деп жауап берді қыз сабақ аяқтала бергенде.

Екінші сабақта мұғалім нүкте салыңдар деп тапсырма берді. Гугуца өзі салған нүктелерді Гугуцэ көшіріп қоймасын деп қолымен қалқалап отырды.

Әр күні бір-бір әріптен жаздырады. Мұғалім апай тақтаға ақпен қараға жазады, ал оқушылар ол әріптерді өз дәптерлеріне әкеліп қондырады, тек олар аққа қарамен жазады.

Жаңа әріпті үйреніп алғасын, Гугуца партасының астынан кауын шығарып, Гугуцэге иіскеп көрүге ғана береді де, өзі бүкіл үзіліс бойы жеп жүреді. Ал өзі жеп тауыса алмайтындай үлкендеу қауын болса, Гугуцэге де бір шеті тиіп калатын.

Үлкен үзілісте Гугуца терезені ашып тастап, құстарға оқу үйретеді:

— Міне, мен мына жерге «Чик» деп жаздым. Менімен бірге қайталаңдар. Жарайсыңдар! Ал енді «Чик-чик» деп тағы да қайталаңдар. Бәрің қосылып: «Чик-чирик»- — деңдер.

Гугуцэ мұндай ұсақ-түйекпен айналыспады — не дегенмен оның партасы екінші класта тұр ғой!

Гугуца мектептен қашық тұратын. Ол әрбір әріпті жаңа дәптерге жазады. Соның кесірінен оның портфелі күн сайын ауырлай береді.

Қызының күші көп болсын деп анасы оның портфеліне тамақты толтырып салатын.

Гугуца әрбір әріпті үйренген сайын келесі класка көштім, менің әріптерім екінші жылға қалмайды деп мақтанатын.

Парта терезе алдында. Күн сәулесі көз қаратпайды. Гугуца көршісінің сабақ айтуын ылғи күтіп отырады. Егер Гугуцэ сабақ айтса, денесі күн сәулесін қызға түсірмей тұрады. Сондықтан Гугуца үзілісте балаға кауын беріп, өзімнің қол шатырымды тамақтандырып жатырмын дейді.

Гугуцэ бұған ашуланып қалды да, қауынды қабағын түйіп жеді. Сосын сабақта үндемей отырып көріп еді, көп шыдай алмай, қолын көтерді. Қыз тағы да көлеңкеде рақаттанып отырды.

Оларға «Я» әрпін және бір-екі әріпті үйрену ғана қалып еді, мұғалім апайды аудан орталығына жұмысқа алып кетеді деген сыбыс шықты.

Бұл қалай? Олар өз апайларын «А» әрпін қалай жақсы көрсе, сондай жақсы көретін еді ғой. Мектепке келе жатқанда қолдарына түскен гүлге дейін соған алып келетін. Гугуцэ апайға арқасында жиырма бір нүктесі бар сары қоңыз ұстап әкеліп еді.

— Басқа мұғалім келеді! — деп жұбатты апай балаларды.

— Сіз бәрінен де әдемісіз, — деп қоймады оқушылар. — Енді қыс түседі. Біз сізді шанамен сырғанатамыз.

Мұғалім апай шанамен сырғанауды, әриие, жақсы көреді. Бірақ оны министрдің өзі мұғалімдерді оқыт деп шақырып жатса, не істейсің.

Енді оны жібермей қоюға директордың да шамасы келмейді.

Сонымен, не керек, мұғалім апай балалармен қоштасып, мұғалімдер бөлмесіне кетті.

Гугуцэ де портфелін алып, пальтосын киді де, кластан шығып кетті. Бір бала оның мектеп алдындағы баспалдақта портфелін тізесіне қойып, ешкімді шығармау үшін екі қолын екі жаққа созып жіберіп отырғанын көріпті.

Содан кейін бәрі кластан жүгіре шығып, баспалдаққа отыра қалысты. Апай мектептен шығуға бет алып еді, өзін жібергісі келмеген оқушыларын көргенде, көзіне бір тамшы жас үйірілді.

Кешкісін апай Гугуцэнің ауылында қалатынын айтып министрге хат жазды.

Ертеңіне кластағылар Гугуцэні староста етіп сайлады. Сонан соң бала менің партам екінші класта деп мақтанбайтын болды.

ГУГУЦЭ ЖӘНЕ ҚАР АДАМДАР

Гугуцэ қар жапалақтарьшың қалай түсетінін бақылап еді, оның көзіне ақ ешкілер мен қойлар, сосын ақ қояндар мен ак аюлар, тіпті қардан жасаған жолбарыстар елестеп кетті. Бірақ аппақ адамдар көрінбеді.

Гугуцэ қолғабын шешіп алып, әлгі ақ ешкілер мен қойларды, кішкентай ақ қояндарды, жолбарыс пен аюларды уыстап араластырды да, аппақ кемпір жасады. Онысы әдемі болып шықты. Сосын Гугуцэ оған аппак шал жасап берді. Екеуіне көңілдірек болу үшін қардан бірнеше бала жасады.

Басқа үйлердің алдында да қардан жасалған адамдар пайда бола бастады.

Әбден қараңғы түсіп, ешкім көрмейтін кезде қардан жасалған әлгі адамдар жүріп үйрене бастады. Сөйтіп олар бір-біріне қонаққа барып, кішкентайларына көк мұздақ сыйлады.

Құстар араласпаса, бәлкім, қар адамдар осылай өздерімен-өздері өмір сүре берген болар еді.

— Әй, қарақшылар! — деп айқайлады құстар! Нандарың бар ма?

Қар адамдар иықтарын қөзғап, бастарын шайқады.

— Адамдарда нан бар, — деп гуілдесті құстар, — ал сендер тек қарақшы ғанасыңдар: нан да, дән де жоқ сендерде. Адамдар жер жыртады, егін егеді. Ал сендер олай істей алмайсыңдар!

— Біз не егеміз? Қарды ма? Нені орамыз? Тағы да қарды ма? — десті қар адамдар.

— Мына қырсықты қарашы! Қастрюльдің бәрін әкеліп басымызға теңкеріп қойды, ботқаны неден жасайтынын көрсеткен жоқ. Бізде дән болса, кұстың бәрін тамақтандырар едік те, олар бізді келемеж етуін қойған болар еді, — десті қар әйелдер.

Қардан жасалған балалар: «Гугуцэ оңбаған. Оның достары — ылғи ашық ауыз», — деп бір-біріне телеграмма бере бастады.

Қар балаларға бұлардан бір нәрсе қажет болып тұрғанын ауыл балалары түсіне қойды да, олардың әрқайсысына бір-бір сыпырғыш ұстатты: ауланың іші кең, мейлі сыпырып тазалай берсін.

Құстар нақ осыны күткендей, топ-топ болып жиналып келіп, кішкене қар адамдарды мазақтап, әбден естерін шығарды.

Қар адамдардың шыдамы таусылды. Олар қараңғы түсісімен көтеріліске шықты. Алдымен Гугуцэнің үйіне карай қозғалды.

Қар еркектер сыпырғыштарын ызалана сермеп, әйелдер мен балалары бақыраш, кастрюльдерін ала жүгірді.

Гугуцэнің үйі жан-жағынан қоршауда қалды. Ит үрді. Шам жағылды. Біреу терезеден қарады. Ата-анасы ештеңеде байқаған жоқ. Оның есесіне Гугуцэге бәрі де түсінікті болды. Егер сенің үйің қоршауда қалса, бұл әзіл емес кой. Гугуцэ ауыз үйге шығып, есіктің ілгешегін ашты да, саңылаудан басын сұғып:

— Не керек сендерге? — деді.

Ертеңіне таңертең қар адамдар түк болмағандай орын-орнында екен және бәрі де дән мен нанның қалдықтарын ұстап тұр.

АТАСЫНЫҢ ЕРКЕСІ

Жаңа жылдың алдында Гугуцэ қалада тұратын ағасынан хат алды. Ол хатында қалада қалаш нан көп, бірақ қоңыраулатып, әндетіп Жаңа жылмен құттықтайтын адамдар жоқтың қасы деп жазыпты. Гугуцэ өгіздің өкіргені секілді дыбыс шығаратын бугай деген құралды, сосын ең үлкен қоңырауды алды. Әкесі тездетіп шанаға ат жегіп, құйғытып отырып баланы вокзалға алып келді.

Поезд ертегіде айтылатын қанатты арғымақтай, ормандарды басып зымырап келеді. Гугуцэ түні бойы ұйықтамай терезе жанында жаңа жылдық әндер мен тілектерді ыңылдап айтумен болды. Бұрын айтылып жүрген тақпақ, әндердің кейбір жерлеріне өзі жанынан шығарып шумақтар қосты. Ондағы ойы — қаладағылар ауыл баласын не заманғы әндерден басқа түк білмейді екен демесін.

Қалаға келген соң ағасы вокзалда қарсы алды. Гугуцэ оны сол бойда-ақ қышқыл квас әкелуге жұмсады. Себебі бугайды қышқыл бір нәрсемен сүртпесе, дыбысы шықпайды.

Жаңа жыл кеші де болды. Гугуцэ ең алдымен ағайын құттықтады. Сосын ағасы оған құттықтау керек деген адамдардың тізімін жасап берді.

Гугуцэ өзінің немере інісіне бугайды қалай «өкірту» керек екенін үйретті. Өзі қолына қоңырауын алды да, екеуі қаланы аралауға шықты. Кала Гугуцэге таныс болмағанмен, немере інісі бес саусағындай біледі екен.

Екеуі көшеге шығып еді, Гугуцэнің қолындағы коңырау өзінен-өзі сыңғырлап қоя берді. Үйлердің есігі бірінен соң бірі бұлардың алдарынан ашыла бастады. Адамдар көшеге жүгіріп шықты. Бірақ олардың колдарында жаңа жылдық құттықтау айтқан балаға әдет бойынша берілетін қалаш нан емес, қоқыс салған шелектер екен.

Гугуцэ қорқып кеткені соншалык, тұра қашайын деп еді, немере інісі шегі қатқанша күліп, сосын оған қалада қоқыстарды жинап алып кететін машина келгенде әдетте қоңырау сылдыратады деп түсіндірді. Адамдар қоқыс жинайтын машинаны іздеп жан-жағына көз жүгіртеді. Біреуі Гугуцэнің қолтығындағы бугайды көзі шалып, балаларды үйге кіріңдер деп шақырды.

Екеуі есіктен кірер-кірместен:

— Ән салуға, сізді құттықтауға рұқсат етіңіз! — деп айқайлады.

— Рұқсат, рұқсат, балақайлар!

Ағайынды екеуі бөлменің ортасына шығып алып, Троян батыр туралы білетін ақпақтарын зулатты-ай кеп! Сосын олар балконға шығып, жаңа жылдық құттықтауларын жалғастырды.

— Жарайсыңдар, жарайсыңдар! — деп, үй иесі мәз болды. Сонан соң бір үйге телефон соқты да, трубканы Гугуцэге ұстатты. Ар жағынан шыққан дауыс оның Жаңа жылмен құттықтауын өтінді.

Гугуцэ бугайды телефон жанына әкеліп өкіртіп жіберді де, қоңырауын сылдыратып әндете жөнелді. Үй иесі бұларға тағы бір-бірден қалаш берді.

Тағы телефон шылдырады. Шамасы, Гугуцэнің қалаға келгенін жұрттың бәрі естіп алған ғой. Не істейсің енді. Тағы телефон трубкасы арқылы бірнеше адамды қүттықтауға тура келді. Сосын балалар ағасы жасаған тізімді алып, сол бойынша үйлерді аралауға кірісті. Олар бірнеше көшені тауысты, тіпті автобус пен троллейбусты да құттықтады.

Гугуцэ үйге келгеннен кейін ағасына:

— Ой, атам мен әкемді, апамды, бүкіл ауылды құттықтар ма еді қазір! — деді.

Ағасы телефонға ұмтылды да, Гугуцэнің ауылына әлі телефон жүйесі жүргізілмегені есіне түсіп, тоқтап қалды.

— Жарайды. Бірдеме ойластырармыз, — деп, ол пальтосын жамылып шығып кетті.

...Жаңа жыл түні. Гугуцэнің әкесі мен анасы, атасы мен кішкене қарындасы стол айналасында телевизор көріп, Жаңа жылды тойлап отырды. Тек Гугуцэнің орындығы бос тұр. Сонда да анасы оның алдына нан мен қасық, шанышқы қойды. Телевизор экранына бастарында қаракөл бөркі бар үш бала шығып, «гей-гей» деп өздерінше Жаңа жылдық құттықтау айта бастады. Дауыстары әлсіз, аптасына екі рет қана тамақтанған балалар секілді.

— Біздің Гугуцэ қайда отыр екен? — деп күрсінді анасы.

— Анау қоңырау тәрізді шыршаның айналасында шығар, — деді әкесі.

— Бугай! — деп айқайлап жіберді қарындасы осы кезде.

— Біздің бугайдың даусы ғой мынау!

Әлгі үш бала ығысты да, экранға Гугуцэ шықты!

— Сіздерді құттықтап, ән салуға рұқсат етіңіздер! — деп айқайлады Гугуцэ экраннан.

Үйдегілер ауыздарын ашқан күйі сөз айтуға шамалары келмей қалды. Алдымен анасы есін жиды:

— Шырқа, ұлым, әніңді шырқа! Тек мен саған қалашты қалай берер екем?

Гугуцэ бар даусымен әнге басты. «Гей-гей!» деген қайырмасын айтуға келгенде, қызып кеткені сондай, тіпті басындағы беркін жұлып алып, еденге соғып-соғып қойды. Бугайды да барынша өкіртіп, қоңырауын да әдемі сыңғыратып тұрды.

— Көрмегенді көреді деген осы-ау! — деді әкесі.

Ал атасы стаканға толтырып шарап құйып алды да, телевизордағы Гугуцэнің бөркімен қағыстырып жіберіп:

— Сенің денсаулығың үшін, атасының еркесі! — деп көтеріп салды.

СЫПЫРУШЫЛАР

Гугуцэ екінші класқа көшті. Оның бұған қуанғаны сондай, қолына сыпырғыш алып, өзінің үйінен мектепке дейінгі жолды тазарта бастады.

Мына істі көрген көршінің бірінші класс оқитын баласы да көшеге сыпырғыш алып шықты. Ал содан соң басқа көшелерде де сыпырғыштар көріне бастады. Қешке қарай балаларға ауылда тазалайтын жол қалмады.

Ертеңіне үшінші кластықтар ала таңнан тұрып, бұлар да өздерінің жақсы ата-ананың балалары екенін, үшінші класка тектен-тек көшпегендерін көрсетуді ұйғарды. Әрқайсысы үйлерінің айналасы мен көшені тазартуға және өз маңына басқа сыпырушыларды жібермеуге шешім алды. Тек Гугуцэге ғана үйінен мектепке дейін сыпыруға рұқсат етілді. Қалған екінші кластықтардың үлесіне көшенің түкпірлері ғана тиді. Оның есесіне олар емхананың жанындағы жүзім қоймасының ма-ңында жұмыс істейтін еді.

Көшелер үйдің ішіндей тап-таза болды. Ауылдың шетінде оқушылар қойған тексеруші тұрды. Ол ауылға келе жатқан адамның аяғының тазалығын тексерді. Аяқ киімі барлар қалталарынан шөткелерін алып тазаланып, ал жалаң аяқтар Реут өзеніне барып, аяқтарын жуатын тәртіпке көшті.

Адамдар Гугуцэ екінші класка көшкен тамаша күнге дейін ауыл көшелерінің қаншалықты лас, қоқысқа толып жатқанын естеріне алмауға тырысты.

Тіпті шағын базар да ауыл сыртына көшірілді.

Қыста балалар ауыл ішінде жүретін жол салды. Ал бұл жолдардың бойына кішкене қыздар іңірде жүре қалса қорқынышты болмасын деп, қардан күзетші-кемпірлер жасап тізіп қойды.

Көктем келді. Окушылар жаңа сыпырғыштармен қаруланып, таң сәріден байырғы көше тазартушылар секілді іске кірісетін болды.

Ауыл адамдарының арасында балалардың осы еңбегіне ақы төленетін болыпты деген сыбыс шықты. Біреулер медаль береді деп күтіп жүрді. Конфет аламыз деп қапшық даярлап қойғандар да болды.

Міне, Гугуцэнің үйінің жанына ауылдың белгілі адамдары жиналды. Қариялар әуелі екі колды жан қалтаға сальш жүретін балалар қанша жерді тазалағанын есептеді. Олардың тазартқан жолының ұзындығы сыпырғыштың сабынан да қысқа екен. Сосын олар Гугуцэ мен оның жолдастары бір күнде қанша жерді тазартқанын есептеді. Олардың тазартқан жерін есептеп, бәрін қосып қарағанда, ұзындығы аудан орталығына апаратын жолдай жерді тазалаған екен. Бірақ мұндай жерді балалар бір күнде ғана тазартты ғой. Ендеше бұл ұзындықты бір жылдағы күннің санына көбейту керек. Сонда ұшы-қиыры жоқ ұзақ сан шықты.

— Мұндай ұзақ жолмен бір рет жүріп өтсе де, теріс болмас еді, — деді қариялардың бірі.

Балаларға машина таңдап алуға рұқсат етілді. Олар да осыны күткендей, жапырлап жүк машинасының кузовы аузы-мұрнынан шыққанша отырып алды. Гугуцэ шофермен қатар кабинаға отырды. Машина Қара теңізге қарай тартып берді, одан кейін тауға қарай беттеді.

Балалар жүріп келеді, жүріп келеді, осынша ұзақ жолды тазалағандарына тіпті өздері де таң қалды.

ҚЫСҚАШ

Ауылда жаңғақ жинайтын мезгіл болса-ақ, оның басы-қасында ылғи Гугуцэ жүреді. Ұзын сойыл да жетпейтін ағаш басындағы жаңғақты Гугуцэден басқа кім түсіре алушы еді!

Сондықтан жанғақ жинайтын адам алдымен Гугуцэнің әкесіне келеді:

— Құда, жаңғақтың тең жарымын алсаң да, анау кішкентайынды көмекке бермесең болмас. Әйтпесе қарға біткен шұқып кететін түрі бар.

Гугуцэнің үйіне жаңғақ капшық-қапшық келіп жатады.

Әкесі ұсақтау жаңғақты былай койып, тек ірі, сопакшаларын ғана аламын дейтінді шығарды. Бәрібір — күндіз бе, түнде ме, жаңбырда ма, ыссыда ма — Гугуцэ үйінің есігіне тыным болмады. Тіпті есік шыдамайтын болды. Әкесі байғұс есікті бүтіндегені үшін ағаш шеберіне де жаңғақты қаптап тасумен жүрді. Есікті қондыруы-ақ мұң екен, тағы біреулер жаңғақ алып жетіп келеді. Тағы есік тыным көрмейді.

Күз түсіп, енді жаңғақ піседі-ау деген кезде әкесі де қақпа қағушылардың көбейетінін сезіп, істі оңай шешуді ойлады:

— Гугуцэ қарағым, мүмкін, сенің аяғың ауырып отырған болар?

— Жоқ, әке, қазір ауырмайды.

Гугуцэ тағы да биік ағаштардың басына шығып жаңғақ тере бастайды. Қайтадан үйіне қапшық-қапшық жаңғақ әкелініп есікке дамыл жоқ.

Ағаш шебері биыл да жүмыстың көп болатынына қуанышты еді, бір күні ол да Гугуцэні жаңғақ жинауға шақырды.

Гугуцэнің әкесі иығы салбырап әбден шаршады. Ағаш шебері миығынан күліп жүр.

Бір күні ауылдағы темір ұстасы істейтін жұмыс таппай қойды. Қішкене қыдырып қайтуға көшеге шықты. Гугуцэ үйінің есігі шиқылдап тұрғанын естіді де, сол үйге келді:

— Мен сіздерге жаңғақ жаратын қысқаш жасап берейін, — деді.

— Міне, міне, — деп қуанды Гугуцэнің әкесі. — Осыны өзім де айтқым келіп, аузыма түспей қойып еді. Келгенің жақсы болды, құда!

Темір ұстасы жаңғақ жаратын қысқаш жасап берді.

Жаз өтіп, күз де келді. Жаңғақ та пісіп қалды. Дәл сол кезде, неге екені белгісіз, Гугуцэнің аяғы ауырып калғаны.

Қысқаш тып-тыныш сандықтың түбінде жатты да қойды. «Гугуцэнің аяғына не болды екен?» — деп ойлап жатты ол.

АТАСЫНЫҢ ТАЯҒЫ

Атасының туған күні болды.

Гугуцэнің шешесі атайға көйлек, әкесі үйге киетін кебіс, қарындасы гүл, ал Гугуцэ атасы сүйеніп жүрсін деп таяқ сыйлады.

Атасы гүлді вазаға, көйлекті сандыққа салды, сосын сол қолымен Гугуцэні құшақтады. Өйткені оң қолына таяқ ұстап тұр еді. Олар тамақ ішуге отырғанда да, таяқ атасының қасында сүйеулі тұрды және атасы ылғи сол туралы айтып мақтады. Әкесі кебіс туралы әңгіме қозғағысы келіп, кереуеттің аяқ жағында жатқан кебіске қарай берді және атасынан аяғың тоңбай ма деп сұрады. Атасы оған жауап берудің орнына таяғын көрсетті.

Сол кеште Гугуцэ көпке дейін ұйықтай алмады. Бұның сыйлаған таяғы атасына ұнағаны сонша, ол енді жатпастан, таяғына сүйеніп таң атқанша жүреді, әрине. Көп жүргесін таяқ желініп қысқарады-ау, себебі ол темір емес қой.

Таң атқасын Гугуцэ темір сақина тауып, сол бойда атасына жүгірді. Жолшыбай ол кез келген адамнан қолына таяқ ұстаған атамды көрмеді-ңіз бе деп сұраумен болды.

Біреулер жауап берудің орнына иықтарын қиқаңдатты, біреулері қолдарын сермеді. Гугуцэ атамның таяғына бірдеңе болып қалған жоқ па екен деп одан сайын үрейленді.

Үйге келсе, атасы ұйқыдан жаңа ғана тұрып, Гугуцэнің шешесі берген көйлекті, әкесі әперген кебісті киіп бөлме ішінде жүр екен. Ал Гугуцэ сыйлаған таяқ тып-тыныш шегеде ілулі күйінде тұр. Тіпті ұшы да мұқалмаған.

Шамасы, атасы Гугуцэ өзі біліп темір сақына кигізгенше күте тұрайын деген болса керек.

Үйде сіріңке таусылып қалыпты. Атасы қазір дүкенге баратын болар, Гугуцэ сонда темір сақина салған таяқ атасына ауырлық етпей ме екен — соны білетін болады.

Бірақ атасы сіріңкеге Гугуцэні жіберді.

Келесі жолы Гугуцэ темір сақинаны алып тастап, орнына резеңке сақина салды. Енді таяқ жеп-жеңіл болып кетті. Атасын сол кезде қой қора салуға шақырып жатқан, жеңіл таяқ ұстап баратыны тіпті жақсы болды. Ол таяғын ұстап шығады, сонда Гугуцэ резеңке сақина салған жеп-жеңіл таяқпен атасының қалай шапшаң жүріп бара жатқанын көреді. Алайда атасы қасына Гугуцэні ертті, ал таяқ сол шегеде ілінген күйінде қала берді.

Құрылыста Гугуцэ бір минут та тыным алған жок. Ол бұрын ешқашан да қой қора салып көрген емес қой. Гугуцэ бағаналарды ұстасты, атасына тақтай тасып берді. Қораның есігін жасаған кезде қойдың бәрі өрісте еді. Гугуцэнің қүрылыс басына келгені мұндай тамаша болар ма! Есікті соның бойына өлшеп жасады. Сосын шопан Гугуцэге бір аяқ айран мен үлкен ағаш қасық берді.

Жаз да өтті. Атасына анасы сыйлаған көйлек те күнге күйіп бітті. Әкесі берген кебіс те жыртылды. Ал таяқ сол шегеде әлі тұр.

Бір күні атасы Гугуцэні базарға ертіп кетті. Екеуі ештеңе сатқан жоқ. Атасы көрші ауылдардан келетін таныс қариялармен әңгімелесті. Гугуцэге де іс табылды — атасы оған балмұздақ сатып әперді.

Бала оң қолына балмүздақ ұстады да, сол қолымен атасының қолын ұстап тұрды. Өйткені адам көп, адасып қалуы мүмкін ғой.

Екеуі базардан қайтып келе жатты. Гугуцэ ретін тауып атасына былай деді:

— Ата, сен ғой менің берген таяғымды керемет мақтадың, ал өзің оны ұстамай шегеге іліп қойдың.

Атасы оның қалпағын көзіне түсіре тартып, иығынан құшақтады да:

— Гугуцэ, менің сүйенетін таяғым өзіңсің ғой! — деді.

ШАШТАРАЗ

Шашын қидыру керек дегенді естісе болды, Гутуцэні қолға түсіру қиын. Қараңғы түсіп, қас қарайғанша үй көрмейді. Ал бірде түнде шаш қиямын деп біреудің құлағын кесіп алып аузы күйген шаштараз осы күні іңір түскесін патшаның өзі келсе де қолына қайшы алмайды.

Куні бойы шаруадан қолы тимеген ауыл адамдарының бірі кешкісін шаштараздың есігін қаға қалса:

— Мен бұл жердің адамы емеспін ғой, қайырымды жандар, — деп терезеден айқайлайтын ол. — Құлақсыз жүргілерің келіп, мазамды ала берсеңдер, қалаға кетіп қаламын.

Шаштараздың өзі айына бір рет үстіндегі халатын шешіп, аудан орталығына шашын қидыруға барады. Түс әлетінде кайтып оралады да, айнаның алдында отырып алып, аудан орталығындағылар шашын қалай қиғанын көреді. Осыдан кейін ауылдағы адамдардың бәрінің басы шаштараздың басынан аумай қалатын әдеті.

Ал Гугуцэнің басы шаштараздың басына да ұқсамайды. Себебі шаштараз оның шашын түп-түгел сыпырып тастайды да, басынан шертіп көріп, қарбыз әлі піспеген екен деп үйіне қоя береді.

Сол кезде дәл Гугуцэдей ызаланған адамды бүкіл жер бетінен іздеп табу қиын. Оның үстіне жолшыбай кездескен адамның бәрі «қарбыз, қарбыз» деп оның шекесінен түртіп қоймайды, сол кезде Гугуцэнің өзі шынымен-ақ басым қарбыз болып кетіп, үйге жеткенше сиыр жеп қоймаса игі еді деп ойлайды. Сондықтан осы жолы да ол шашын алдыратынын естігенде, терезе алдындағы биік ағаштың басына шығып алды.

Анасы ағашты айналып әрі жүрді, бері жүрді, жұдырығын түйді, сосын басқыш алып келем деді, — бәрібір Гугуцэ қыңқ етпеді. Сол жерде құс болып кеткен екенмін деп жарты күн қозғалмастан отырды. Бірақ жерге түскенде, бұрынғысынша адам екенін білді. Ал шашы тіпті өсіп кеткен екен, мұны көрген анасы әбден ашуланды.

— Мен саған шаштаразды шетелден әкелуім керек пе?

— Апа, ашуланбашы, шашымды көрсетпеу үшін қалпағымды киіп алайын, — деп, Гугуцэ қалпағын киді. Бірақ түскі ас кезінде қалпағын шешсе, шашы бұрынғыдан да өсіп қалған екен. Қырсық дегенің осы! Сенбі күні анасы пирог пісіріп, оны шаштаразға беріп жіберді, Гугуцэ пирогты шаштараздың есігінің алдына тастады да, өзі шашын қидырмастан үйге қайтып келді. Шаштараз пирогты жеп отырып, пайда түсуден қалды, адамдар шаш қидыруға келмейді деп қынжылды. Шынында да ауыл адамының бәрі жұмыста, шаш туралы ойлауға мұршалары жоқ.

Сөйтіп жүргенде шаштараздың әйелі бір әдіс ойлап тапты. Ол ауыл адамдарының тізімін жасап, кімнің қай күні шаш қидырғанын белгіледі. Шашы өсті-ау деген шамада ол адам келмесе, үйіне барып, қақпасын кағады.

Үй иесі сонда ғана шашын есіне алып, қалпағын шешіп қа-рағанда әйелдің айтып түрғанының растығына көзі жетеді:

— Міне, ғажап! Тіпті қалпақтың астында өсіп жатқанын да көріп қойыпсыз, мүмкін, сіздің бинокліңіз бар шығар?

— Неге болмасын, — деп күлімдейді шаштараздың әйелі. Тек бір адам ғана әлгі тізімге іліккісі келмеді. Ол кісі шашы демалып тұру үшін қалпағының тебесін тесіп алды да, өз ісімен айналыса берді. Шаштараздың әйелі оны «түтін шығатын адам» деп күлкі етті.

— Менің шашым осы қалпында-ақ сенің күйеуіңнің қиға-нынан жақсырақ, — деп жауап берді оған шаруа.

Тізім жасалғаннан бастап іс оңға басты. Шаштараздың аудан орталығына барып шаш қидыруға да мұршасы болмады. Өзінің шашының өскендігі сондай, тіпті құлағы көрінбей қалды.

Бір күні Гугуцэ шаштаразға тағы да пирог алып келіп, үндеместен үйіне қарай аяңдай беріп еді.

Есігінде кішкене саңылау бар шаштараз пирогтың иісін бірден сезді де, оны кімнің әкелгенін біле қойды. Қуанып кеткен ол терезесін ашып жіберіп, шашыңды қимаймын, қорықпа деп, Гугуцэні қасына шақырды.

Бала қайтып келді.

— Үйге кіруіңді өтінем, Гугуцэ, — деп, шаштараз пирогты жеп жүріп есік ашты. — елгенің жақсы болды. Бүгін менің шашымды қиып бермесең болмас. Тек желке тұсын... Өзің маған қарашы, нағыз аю секілдімін. Жұрттың қиғызған шашының бәрі менің басыма шығып алған ғой деймін.

— Қиюды ұмытып қалмасам, қиып көрейін, шаштараз аға, — деп батылдана сөйледі Гугуцэ.

Оның көптен бері күткені де осы еді. Сол бойда үстіне ақ халат киіп алып, машинканы шаштараздың желкесіне былай да былай сүңгітті-ай келіп!

Денесі топ-толық шаштараз бірте-бірте кішірейіп бара жатқандай.

— Шымши ма?

— Иә... Кішкене демалуға рұқсат етші, — деп қара тер болған шаштараз қып-қызыл желкесін сипады. — Құлағымды байқа!

Гугуцэ тағы да машинканы ойнақтатты.

— Әлі көп пе? — деп сұрады шаштараз.

— Аз қалды, — деп терін сүртті Гугуцэ.

Шаштараз бір кезде басын сипап көріп еді...

— Әй басымды не жасап қойдың сен! — деп орнынан атып тұрды.

Гугуцэ машинканы лақтырып тастап, терезеден карғи жөнелді.

Шаштараз бір қолымен басын ұстап, екінші қолымен шаш қиғанда балаларды отырғызатын орындығын алып, Гугуцэнің соңынан жіберді.

Сол күні шашынан айрылған шаштараз көшеге бас киіммен шықты. Ал күн әуе айналып жерге тускендей ыстық болатын. Кісілер шаштаразға қыста тиген салқын әлі шықпай жүр-ау деп ойлап, оның ден саулығын сұрап жатты.

Қас қылғандай дәл осы кезде коңырау соғылды да, ауыл ортасындағы мектептен балалар жүгіріп шықты. Бәрі жан-жақтан келіп шаштаразға сәлем беріп жатыр. Ол біресе оңға, біресе солға бұрылды. Бірақ бәрімен қалай амандасуға болады? Ол басындағы бөркін ала беріп, сол бойда қайтадан кие қойды. Бәрібір ол кешігіп қалған еді: балалар ауыздарын ашып қалыпты. Олар үйлеріне жеткенше мектепте не оқыған-дарын да ұмытып қалды. Білгендері бір-ақ нәрсе: біреу шаштараздың шашын сыпырып алыпты! Балалар шаштараздың бұларға жасағанын өзінің алдына келтірген бір адамның табылып, олардың қайғысын бөліскеніне қатты қуанды.

Гугуцэнің ауылдастары шаштараздың шашы сыпырылғанын, оны көрсетпейін деп бөрік киіп жүргенін естігенде: «Е-е, бұның шашын аудан орталығында осылай қиған болар, енді бұрынғы әдеті бойынша біздің де басымызды тақырлайды екен», — деп ойлады. Сол күннен бастап шаштараздың үйіне адам жоламайтын болды.

Біреулер шашын көрші ауылдарға барып қиғызып келіп жүрді. Қалпағын тесіп, шашын қиғызбаған кісі жаңа машинка сатьш алғанша, ауыл адамдары шаштараз көрмей жүре берді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама