Қазақстан халықаралық бағытта алғаш рет әйелдер вагонын іске қосады: оны Өзбекстан астанасына баратын пойыз жолаушылары пайдалана алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, №1/2 «Алматы — Ташкент» халықаралық пойызының құрамындағы әйелдер вагоны 1 қазаннан бастап жүре бастайды.

«Осы бағыттағы сұраныс пен жолаушылар ағынының артуын ескере отырып, „Әйелдер вагонын“ іске қосу туралы шешім қабылданды. Бұл қызмет ішкі теміржол бағыттарында да жоғары сұранысқа ие. „Әйелдер вагоны“ қызметі іске қосылғаннан бері оны 946 мыңнан астам жолаушы пайдаланды», — деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.

Қазір пойыз күн сайын жүреді: Алматы станциясынан жөнелтілуі — 19:05; Ташкент станциясына келуі — 12:53 (Ташкент уақыты); Ташкент станциясынан жөнелтілуі — 14:41 (Ташкент уақыты); Алматы станциясына келуі — 08:51.

Жаңа вагонның іске қосылуымен «Әйелдер вагоны» қызметі қолжетімді бағыттар саны 14-ке дейін артады: №77/78 «Алматы — Маңғыстау»; №351/352 «Алматы — Маңғыстау»; №45/46 «Павлодар — Түркістан»; №37/38 «Маңғыстау — Семей»; №47/48 «Атырау — Астана»; №33/34 «Ақтөбе — Алматы»; №3/4 «Астана — Алматы»; №71/72 «Астана — Шымкент»; №353/354 «Астана — Семей»; №23/24 «Ақтөбе — Алматы»; №25/26 «Алматы — Шымкент»; №613/614 «Орал — Маңғыстау»; №81/82 «Нұрлы жол — Орал»; №1/2 «Алматы-2 — Ташкент».

Әйелдер вагонында 7 жасқа дейінгі ұл балалардың ересектермен бірге жүруіне рұқсат етіледі. Мұндай вагондарға билеттер тек әйелдерге сатылады, ал оларға тек әйел өткізгіштер қызмет көрсетеді.