Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Әйелі бар еркектердің есінде жүрсін

“Қыз кезінде бәрі жақсы, “сондай” әйел қайдан шығады?” — деген еркектер ғана айызы қанып айтып жүретін “қанатты” сөз бар (Біз жалпы әйел затына топырақ шашудан аулақпыз). Дегенмен қыз кезінде сызылып басыңды айналдырып, әйел болғасын сызданып шыға келетіндері жеткілікті, жеткілікті ғана емес, тіпті көп!!!

Соларға төтеп берер қайран Еркектің жаны сірі. Қазіргі әйелдер еркектен бәрін алды: жұмысты алды, мәшинені алды, үйді, бала-шағаны алды, шалбарды алды, шашты алды.

Нең қалды сорлы еркек? Әйелдер мұны да қанағат еткен жоқ, ендеше көрер “азабың” алдыңда жас отаудың “Еркегі”. Осының бәріне олар ың-шыңсыз, асқан саясаткерлікпен жетіп отыр. “Бір әйелдің айласы қырық есекке жүк болады” — деген аталарымыздың сөзі бар.

Бір есек орта есеппен 200 келі салмақ көтереді екен. Сонда қырық есегің 200 келіден есептегенде 8 тонна болады. Бұл дегенің әр әйелдің басында төрт тонна қулық, арқасында үш тонна сұмдық, ішінде бір тонна айла бар екенін айғақтайды. Аталарымыз есектің санынан қателеспесе бұл дәлелді факт (Біз жалпы әйел затына топырақ шашудан аулақпыз). Аллау, бұл не деген сұмдық…, сегіз тонна… “анандайлар”? Осыдан кейін еркекті қалай жаман дерсің? Еркек жасайтын қулық, сұмдық та қалмады, бәрін әйелдер арқаларына артып алды. Сондықтан еркек таза, еркек пәк, еркек аңғал, ақкөңіл, еркек тәрбиелі, тәртіпті!!! Сол сегіз тонна қулық, айланың жеті жарым тоннасын әйелдер еркек тәрбиесіне жұмсайды. Оның ішіне мынадай параграфтар кіреді:

1.Сүйдім-күйдім, 2. Алдап-арбау, 3. Ұрсу-зеку, 4. Төбелесу-шекісу, 5. Ыдыс-аяқ, оқтау-таяқ, 6. өтірік давление, 7. Скорый шақыру, 8. Милициямен қорқыту, 9. өтірік төркініне кетіп қалып, қайтып келу, 10. Жұмысыңдағы бастығыңа звондау, 11. Рас қызғану, 12. өтірік қызғану, 13. өтірік жылау, 14. Қымбат киімді арзансыну, 15. Таныс, курстас, қызметтес, кластас келіншектерді жамандау, 16. Басқа еркектермен салыстыру, 17. Айлығыңды есептеу, тағы сол сияқтылар.

Бұлар ең негізгілері. Оның ішінде ұсақ-түйек қабақ шыту, теріс қарап жату, сұрағыңа жауап бермей үндемей қалу, шай құйған кесені алыстау қою секілді пункт-тармақтары бар (Біз жалпы әйел затына топырақ шашудан аулақпыз). Міне осындай “жүгі” бар әйелге еркектің еркегі ғана төзіп келеді. Себебі еркек таза, еркек пәк..!! “Сегіз тонна қулығы бар әйелге шыдаған еркектің, сексен түйелік күші бар” — деген мәтел осыдан қалған. Жоқ нәрседен, аяқ астынан ши шығару әйелдердің “атасынан” қалған қасиет. Тиісуге қара таппағанда әйелдер күйеулерін дүкен аралауға, базардан азық-түлік әкелуге ертіп алады. Туған әйеліңмен базарға барғанша төрт-бес жылға каторгаға барған жеңілірек, оны әйелдер де жақсы біледі де әдейі ертіп жүреді. Базар “экскурсиясы” әдетте демалыс күні болады. Сондықтан сен бір күн бұрын өзіңді-өзің дайындауың керек. Дайындық кезінде мына сөздерді қайта-қайта айтып, санаңа сіңіріп таста (“Самовнушение” дейді оны).

Мысалға: “Мен дем алып жүрмін”, “мен базарлап жүрмін”, “мен ашуланшақ емеспін”, “әйелімнің сатып алғандарын арқалап жүрсем, нем кетеді?”, “бәрі семьяның қамы”, “мейлі сатушымен ұрсыса берсін”, “оған менің нем кетті?”, “көптен көрмеген подружкасы шығар, әңгімелесе берсін, мейлі бес сағат сөйлессін”, “мен спокойныймын”, “таңертеңнен кешке дейін жүріп екі келі ет, үш келі памидор ғана алсақ та, зато көше қыдырдық, дем алдық, мен ашуланбаймын” — міне осы сияқты сөздермен өз-өзіңді тәрбиелей біл. Жолшыбай ештеңе алмаса да жиырма магазинге кірсе, жиырма біріншісіне өзің бастап кір, “әлі ана дүкенге кірмедік қой” — деп тағы бір-екеуіне өзің инициатива білдіріп ертіп бар. “Қойшы, шаршадым” — десе — сенің жеңгенің, күнімен көрген азабыңнан айығып сала бересің. Бірақ сыр берме, білдірме “мен де шаршадым” — деп мүләйімсіп қал. Сонда ол да сенен өшімді алдым деп ойлайды, бірақ ол да өзінше білдірмеген болады. Мұны культурный арбасу дейді, себебі екеуің де бір-біріңді жақсы білесің, жақсы көресің, біріңнен-бірің ешқайда кетпейсің. Сонда да жыл өткен сайын екеуара осындай “ойындар” жиі болады. Әйелің киім сатып аларда “мынау қалай, маған жараса ма?” деп сұрайды. Ол сенен ақыл сұрамайды, алам дегенін алады, өйткені ол киімді сенен бұрын бес рет айналып соғып, бірнеше рет қарап алған. “Жарасады”, “жараспайды” — деген сөз аузыңнан шықпасын. “өзіңе қалай, ұнай ма? ¦наса ал” — деп құтыл. Әйтпесе түбінде сен кінәлі боласың. Себебі олардың дүкенде алған дүниесі үйге келгенде ұнамай қалады, ол заңды. Әсіресе аяқкиім алғанда сақ бол. Әйелдердің өмірі жайлы аяқкиімі болмайды. Олар кішкентай аяқкиімді ұнатады. Тар болса да “оймақтай” ғып киіп алады. Әңгіме кейін басталады: “Аяғым ісіп кетті” (тар демейді), “бақайым айқасып кетті”, “балтырым домбығып кетті” — деген сияқты қыңқылға құлағың үйреніп алады. “Енді, үлкендеуін неге алмадың?” — деп қалып жүрме, бәлеге қаласың. “Размерім 37 болса қайтейін, 45 алайын ба?!” — деп шарт ете қалады (Сонда өзі 35 киіп тұрады). Сондықтан аяқ киімге жаба бер. “Қазіргі обувьті қойшы, су тисе тарылып қалады немесе жайылып кетеді, бәрі халықты алдау” — деп аяқкиім фирмаларын қарғап, заманды жамандап, бірәз жерге барып тоқта. Көше қыдырып шыққанда немесе қонаққа барарда ананы ки, мынаны кей дей көрме. Ол сені бәрібір тыңдамайды. Киініп дайын болғанша күт, сосын “Во, мынауың жақсы, маған осы костюм, туфлиің ұнайды, саған жарасып тұрады” — десең болды. Оған осыдан артық комплимент керегі жоқ, мәз боп қалады. Саған одан артық не бақ керек, көтеріңкі көңіл күймен әйеліңді қолтықтап гөләйттәп келесің. Солай ағайын, ашылмаған сыры мол әйел затының 8 тонна айласының екі-үш килограмын ғана шештік. Көрер “қызығың” алдыңда, ендеше келер күнге үмітпен қарайық еркек жұрты!!! (Біз жалпы әйел затына топырақ шашудан аулақпыз).


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама