Біріккен Араб Әмірліктерінде қаза тапқан екі Қазақстан азаматшасының денесі отанына жеткізілді, деп хабарлайды infohub.kz.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Усеновтің айтуынша, 28 тамызда Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы Ақжан Боқанова мен Жұлдыз Боқанованың денелерін отанына жеткізуді ұйымдастырды.

СІМ өкілінің мәліметінше, қаза болу жағдайларын тергеуді БАӘ құқық қорғау органдары жалғастыруда. Қазақстандық дипломаттар эмират тарапының прокуратурасымен және басқа да құзыретті органдарымен байланыста болып, қайтыс болғандардың отбасына қажетті көмек көрсетуді жалғастырады.

«ҚР Сыртқы істер министрлігі қайтыс болғандардың туған-туыстары мен жақындарына тағы да шын жүректен көңіл айтады», — деп атап өтті Жанболат Усенов.

Еске салайық, бірнеше күн бұрын СІМ баспасөз қызметі Шарджа қаласында екі қазақстандық әйелдің қаза тапқанын хабарлаған болатын. Кейін 20 және 22 жастағы апалы-сіңлілердің жалақы табу үшін кетіп, сұлулық салонында жұмыс істегені белгілі болды. Олар жалдамалы пәтерден өлі күйінде табылды. Болған оқиғаның себептері мен зорлық-зомбылық белгілерінің бар-жоғы әзірге анықталмаған.