Шарджадағы жалдамалы пәтерден екі қазақстандық азаматшаның денесі табылған оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер пайда болды. Қаза тапқандар 20 және 22 жастағы туған әпке-сіңлілер Жұлдыз бен Ақжан Бохановтар екені анықталды, деп хабарлайды infohub.kz.

Қыздардың туыстарының айтуынша, олар 2025 жылдың желтоқсанында БАӘ-ге жұмыс істеу үшін барып, сұлулық салонында жұмыс істеген. Денелері табылғанға дейін шамамен 10 күн бұрын олар байланысқа шығуды тоқтатқан.

Қыздардың ата-анасына жіберген соңғы хабарламасы қысқа болған. «Сәлем, мама, бізде бәрі жақсы, простыла, тамағым ауырып тұр, кейінірек хабарласамын», — деген дауыстық хабарлама жіберген қыз.

Қаза тапқандардың әкесі Мейрам Боханов қыздарына жіберген хабарламалары оқылғанымен, жауап алмағанын айтты. «Дүйсенбіде жазамын — оқиды, бірақ жауап жоқ. Денелерін әзірге бермейді. Бір апта қарастырылады деді. Тезірек болуын сұрап жатырмыз. Оларды жерлеу керек қой. Олар сонда қанша жатты... Мен оларды осында әкеліп, адамша жерлегім келеді», — деді ол.

Жұлдыз бен Ақжанның бұған дейін де БАӘ-ге жұмыс істеуге барғаны белгілі болды, сондықтан отбасы оларға алаңдамаған. Бұл жолы әпке-сіңлілер ақпан айында Қазақстанға оралуды жоспарлаған, алайда Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты қайтуды қыркүйектің басына ауыстырған.

Қаза тапқандардың әпкесі Менсұлу Бохановтың айтуынша, қыздар елде туристік визамен болмағандықтан, эвакуация кезінде бірден кете алмаған. «Алдымен туристерді эвакуациялады, олар бір аптаға кетті. Ал олар желтоқсаннан бері сонда болды, құжаттарын рәсімдеу керек болды. Бірден шыға алмады. Бірақ үйге қайтқысы келді. Мен ақша керек пе, бәрі жақсы ма деп сұрадым. Бәрі жақсы еді. Себебі не болуы мүмкін екенін білмеймін», — деді ол.

Қыздардың өлімінің мән-жайы әзірге ашылмай отыр. Туыстарына денелерінде зорлық-зомбылық іздері табылғаны туралы да хабарланбаған. Отбасы әпке-сіңлілерді өлтіруі мүмкін деп есептейді. Расталмаған ақпарат бойынша, күдікті ұсталған, алайда бұл ресми түрде расталмаған.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі тергеуді БАӘ құқық қорғау органдары жүргізіп жатқанын мәлімдеді. «Қазақстанның Дубай қаласындағы Бас консулдығы қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде. Жергілікті билік оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр және тергеу мүддесіне орай ақпаратты жарияламайды», — деп хабарлады ҚР СІМ.

Қаза тапқандардың әкесі Астанадан Эмираттарға ұшып кетті. Туыстықты растау үшін ол ДНК-тест тапсыруы керек. Осыдан кейін ол қыздарының денелерін алып, жерлеу үшін Қазақстанға жеткізе алады.