Қызылорда облысының Байқоңыр қалалық соты жергілікті тұрғынның өз әкесінен алимент өндіру туралы талап арызын қарады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, талап қоюшы өзінің жауапкер Ж.-ның қызы екенін, ал өзі күндізгі бөлімде оқитынын, сондықтан материалдық көмекке мұқтаж екенін көрсеткен. Тараптар арасында алимент төлеу туралы келісім болмағандықтан, әйел әкесінен 21 жасқа толғанға дейін ай сайын 25 айлық есептік көрсеткіш — 2026 жылы 108 125 теңге — өндіруді сұраған.

Сот талқылау барысында тараптарға дауды татуластыру рәсімдері арқылы аяқтау мүмкіндігін түсіндірді. Осыдан кейін әке мен қыз шиеленісті партисипативтік тәртіппен реттеуге келісті.

Келісім шарттарына сәйкес, жауапкер талап қоюшыға 21 жасқа толғанға дейін келісімде көзделген мөлшерде ай сайын алимент төлеуге міндеттенді. Сот ұйғарымымен дауды реттеу туралы келісім бекітіліп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.

Бұған дейін Қарағанды облысында кәмелетке толған қыз да әкесіне сотқа талап қойып, жоғары оқу орнында оқу кезеңінде алимент төлеуді талап еткен болатын.