Батыс Қазақстан облысында балабақша бухгалтері 30 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Әйел өзіне заңсыз түрде жоғарылатылған жалақы аударып отырған, деп хабарлайды infohub.kz.
Облыс прокуратурасының ресми сайтында хабарланғандай, Сырым ауданында балабақша бухгалтері бес жыл бойы штат кестесінде бекітілген жалақыдан тыс қосымша ақшаны өз банктік шотына негізсіз аударып келген.
Прокуратура жүргізген тексеру нәтижесінде заңсыз төлемдердің жалпы сомасы 30 млн теңгеден асқаны анықталды. Осы факті бойынша аудан прокуратурасы ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен (ерекше ірі мөлшерде жымқыру) сотқа дейінгі тергеу бастады.
Іс одан әрі тергеу үшін Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жіберілді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
Аталған баптың санкциясы мүлікті тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырумен қатар 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.


