Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Батырғы

Балалар өзен жағасынан бір иірім тауып алып, қармақтарын суға лақтырды. Өздері жағада тұрып, су бетіндегі қалтқыларына көз тікті. Тоқтардың қармағының ілмегі бірден батып кетті. Қалтқысы су бетінде бір орында тұр. Ермектің ілмегі қалқып, ағыспен қайта-қайта су бетіне шыға берді. Мұны байқаған Ермек түкке түсінбеді. Өзінен төрт-бес аттам жерде тұрған Тоқтарға:

— Тоқтар, Тоқтар, мынаны қарашы. Менің қармағым сенікі құсап тыныш тұрмайды. Қайта-қайта аға береді? — деді даусын қаттырақ шығарып.

— Тш-ш-ш!.. — деді Тоқтар сұқ саусағын ерніне тигізіп. — Ақырын! Мұнда қатты сөйлеуге болмайды. Балықты үркітесің.
Іле қармағының сабының ұшын жерге нықтап шаншып, аяғының ұшымен басып Ермектің қасына келді.

— Не дейсің? — деді сосын сыбырлай сөйлеп. Ермек жаңағы сөзін тағы қайталады. «Білмедім?..» деді Тоқтар су бетінде қалқып жүрген қармақ бауына сұраулы көзбен қарап.

— Қап! — деді ол бір кезде санын соғып. — Бағана сенің қармағыңа батырғы байлауды ұмытып кетіппін. Ілмек су түбінде қозғалмай жату үшін оған жақынырақ етіп батырғы байланады. Оны қорғасыннан құйып жасайды. Темірден де істейді. Батырғы өте ауыр немесе өте жеңіл болмауы керек. Яғни, ағысқа ағып кетпей, су түбінде жатып ілмекті қозғалтпай ұстап тұру керек. Енді не істесек екен? — Тоқтар сәл ойланып тұрды да:

— Таптым, қазір батырғының орнына бір тас тауып байлаймыз, — деді.

— Мынау бола ма? — деді Ермек өзінің жұдырығындай тасты көрсетіп.

— Ол тым үлкен. Қармағыңды балық қапқанын білмей қаласың. Балық ілмектегі жемді жеймін деп оған ілініп, бұлқынған кезде батырғыны қозғай алатын болу керек. Батырғы қозғалса қалтқы да қозғалып, қармағыңды балық қапқанын біле қоясың. Міне, мынау жарайды.
Тоқтар Ермектің қармағына бас бармақтың жуандығындай буылтық тасты байлап берді. Сосын суға қайта лақтырды. Бұл жолы ілмек терең бойлап, қалтқы су бетінде қалқып тұра қалды.

Енді олар демдерін ішіне тартып тып-тыныш отыр. Көздері қалтқыда.

— Естеріңде болсын, балық қапқанда, қалтқы дірілдей бастайды. Үлкен балық түссе, қолыңнан жұлқа тартады. Сондықтан қалтқы дірілдей бастағанда-ақ ілмекті балығымен жағаға лақтыру керек, — деді Тоқтар тәптіштей түсіндіріп. — Алысырақ лақтырмасаң, балық қайта шоршып суға түсіп кетуі мүмкін, — деді сосын бұл істе аса тәжірибелі екенін аңғартып.

Қайта тыныштық орнады. Бір кезде Тоқтар «әуп» деген дыбыс шығарды да, қолындағы қармақ сабын бар күшімен серпе тартты. Судан ілмекпен бірге ұшып шығып, бұлқына күнге шағылысқан балық үшеуінің артындағы қалың шөпке түсті. Түскен жерінде шоршып, тулап жатты.
Үшеуі тұра ұмтылды. Үлкендеу сазан екен. Бауыры жарқылдап «мөңкіп» жатыр. Қатты қуанған Тоқтар бас салды. Бірақ ұстай алмады. Жылпылдап қолынан қайта-қайта сусып, шығып кете берді. Сазан шаршап, қимылдай алмай қалған кезде барып әрең ұстады.

— Жолымыз болады, — деді жолдастарына масаттана қараған Тоқтар. — Келгенімізге жарты сағат өтпей жатып үлкен балық ұстадық. Қазір сендер де ұстайсыңдар.

Әлі қолына қармақ алып, оны суға салып көрмеген кішкентай Елдос тіпті ерекше толқулы еді. Балықты өзі ұстағаннан бетер қуанып, жүзі бал-бұл жанды. Қайтып келіп орындарына жайғасқан соң:

— Қармағыңды мен ұстайыншы, — деді Елдос Ермек ағасына өтініш айтып.

— Кел, — деді Ермек інісін қасына шақырып.

Қармақ сапқа алақаны тиген Елдостың бойы дір етті. Сапты екі алақанымен қыса ұстап, ағасына маңғаздана қарап қойды. Үлкендердің балық аулауға неге сонша құмартатынын ол бала жүрегімен ептеп болса да сезгендей еді...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама