- 25 қар. 2019 00:00
- 203
Бөкен жарғақ (ІІ нұсқа)
Баяғыда бір елге оба тарап, оның үстіне ақ сүйек жұт болып, ел түгел қырылып, тек бір жігіт қарындасымен ғана аман қалған екен. Жігіт аң аулап, қарындасы екеуі аңның терісін киіп, етін азық етіп күнелтіп жүріпті.
Шіліңгір шілденің бір күнінде ыстықтамас үшін бөкен терісінен киген киімнің жүнін сыртына қаратып киіп алған жігіт күндегі бөкен аулайтын бөкен жалаққа тартыпты. Ол Бөкен жалақтың маңына таяп барып бөкен аңдып бүк түсіп жатады.
Осы кезде тағы бір аңшы жігіт бөкен ауламақ болып осы маңайға келеді де, бүк түсіп жатқан бөкенді көріп атып қалады. Аңшы жігіт оны бауыздап алмақ болып жүгіріп жетіп келсе, бөкен емес бір жігіттің жайрап жатқанын көреді. Оқыс жазаға жаны ашып кеткен жігіт мұңайып ойға кетеді.
«Бұл жігіт те мен секілді жалғыз ба екен, әлде серігі барма екен? Егер серігі болса іздеп келер» деп тосып отырады. Ертеңінде бір қыз келіп жігіттің өлігін көріп зар еңіреп жылайды. Мұны анадайдан көріп отырған жігіт қыздың жанына келіп:
— Ағаңды бөкен деп мен атып едім, әдейі атқам жоқ. Мен де жалғызбын, адам баласын көрмей далада жүргеніме талай жыл болды. Адам екенін білсем, бүйтер ме едім! Ағаңның өліміне мен де арманда қалып бармағымды шайнадым. Бақиға жол алған оралмайды. Ағаң үшін кегімді алам десең, міне құрал, мені ат та кегіңді ал. Мен де оның соңынан кетейін, бұл өкініштің куәсі болып артымызда сен қал! — деп жігіт қолындағы қаруын ұсынады.
Көп жылап іші-бауыры езілген қыз, ақылы сабасына түскен соң жігітті өлтіруге қимайды да, жігітпен бірге өмір сүруді жөн көреді және жігітке: «Менің өксік атқан зарымды тарихқа қалдырар өнерің бар ма?» дейді. Жігіт: «бар» дейді де ұзақ толғанып алған соң, домбыраға қыздың оқыс өлген ағасын жоқтап зарлап жылаған қасіретін «Әттең, бөкен жарғақ-ай! Әттең, бөкен жарғақ-ай!» деген күйге айналдырып шертеді екен.
Халық күйі «Бөкен жарғақ» осылай шығыпты.