Екі шетелдік жолаушы ұшу кезінде темекі шеккені үшін жауапкершілікке тартылды. Оқиғалар Сеул — Алматы және Алматы — Шымкент рейстерінде болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің ведомстволық сайтында хабарланғандай, Сеул — Алматы рейсінде 56 жастағы шетелдік азамат авиация қауіпсіздігі талаптарына қарамастан, ұшақтың дәретханасында темекі шеккен. Ұшу аяқталған соң ол акті бойынша көлік полицейлеріне тапсырылған.
Ұқсас жағдай Алматы — Шымкент ішкі рейсінде де орын алған. Онда ұшу кезінде темекі шегуге тыйым салуды бұзған шетелдік жолаушылар анықталған.
«Барлық құқық бұзушылар әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін тұтынғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Көлік полицейлері атап өткендей, әуе және теміржол көлігі нысандарында ережелерді сақтау — ең алдымен барлық жолаушылардың қауіпсіздігі мәселесі», — делінген хабарламада.
Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері әуе және теміржол көлігі нысандарында 62 639 құқық бұзушылықтың жолын кесті. Олардың ішінде ең көп таралғандары — 4 575 алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру фактілері, 2 835 темекі шегуге тыйым салуды бұзу фактілері және басқа да құқық бұзушылықтар.


