Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Бүйректің секрециялық қызметі

Бүйрек түтікшесінің әпителийі секрециялык қызмет те атқарады: түтікше қуысына шумақ әпителийінен өтпеген, алғашқы несепте болмаған коллоидты бояулар, пенициллин сияқты дәрілер соңғы несепте пайда болады.

Қазіргі ғылыми әдебиеттерде бүйректің қызметіне тоқтағанда, секреция деген сөзге екі түрлі мән береді. Бірінші түсінік - секреция - қандағы заттардың бүйрек түтікшелеріне өзгермеген күйде енуі. Олар әр түрлі концентрациялық және электрохимиялық көрсеткіштеріне қарамастан, белгілі бір «тасымалдаушылардың» көмегімен өтеді. Мұндай жағдайда олардың өту жылдамдығы артады. Екінші түсінік бойынша, бүйрек түтікшелерінің жасушалары органикалық қышқылдар мен негіздерді секрециялап қана қоймайды, олар кейбір бейорганикалық заттарды синтездеп шығарады. Мәселен, су және калий ионы интерстициядан түтікшелерге жай өтеді (секрецияланады). Бүйректің шумақтық бөлімінен сүзілген калий ионы нефрондық проксимальдық бөлімінде қайта сіңеді. Егер организмде калий ионының мөлшері шамадан тыс көп болса, бүйрек түтікшелерінің дистальдық бөлімі мен несеп жинайтын түтіктерінің ішіне қарай өтеді (секрецияланады), нәтижесінде соңғы несептің кұрамымен сыртқа шығарылады. Бүйректе креатинин синтезделіп, фосфаттар қайта пайда бола бастайды.

Академик Л.П.Орбелидің зертханасында алынған деректерге қарағанда, бүйрек түтікшелері қанда мочевина мөлшері көбейсе, осы мочевинаны сыртқа бөліп шығара алатыны анықталды. Бүйректе мұнымен қатар, қанда жоқ кейбір заттар түзіледі. Мәселен, қанда бар гликол мен бензой қышқылынан түтікшелер эпителийінде гиппур қышқылы түзіледі, ал аммоний тұздары аммиактан синтезделеді. Бүйрек сілті-қышқыл тепе-теңдігін (гомеостазасын) бірқалыпты сақтайды. Сілті-қышқыл гомеостазасы, негізінен, организмде жүретін өте күрделі секреторлық және синтездеу үдерістеріне байланысты. Несептің белсенді реакциясы (рН ортасы) адамда әр уақыт өзгеріп отырады. Ол адамның ішкен тамағының кұрамына, қасиетіне, мөлшеріне, қызметіне, қимылына, ортаның температурасына т.б. жағдайларға байланысты. Кейде несептің реакциясы (рН) 4,5-ке дейін төмендеуі не- месе 0,8-ге дейін жоғарылауы мүмкін (басқаша айтқанда, несептің рН реакциясы қышқыл немесе сілтілі болады). Бірақ қанның рН реакциясы әр уақытта салыстырмалы тұрақты 7,36-7,40 (сәл сілтілі) деңгейде болады. Өйткені бүйрек артық сілті және қышқыл заттарды несеппен бірге сыртқа шығарып тұрады.

Бүйрек қанның (рН) реакциясын тұрақты сақтауға да қатысады. Бұл жағдай бүйрек түтікшелерінің жасушасында жүретін ацидогенез және аммониегенез үдерістерімен өте тығыз байланысты.

Ацидогенез - күрделі иондардың алмасу реакциясы арқылы карбоангидраза, фосфатаза және басқа ферменттердің қатысуымен, бүйрек түтікшелерінде бос су ионы, қышқылды және сілтілі фосфор қышкылының тұздары пайда болып әрі шығарылатын үдеріс.

Аммониегенез - глутамин, глутаминаза ферменттер жүйесінің қатысуымен түтікшелер жасушасында аммиактан және аммоний тұзынан синтезделіп шығарылатын өте күрделі.

Бүйрек қызметін зерттейтін әртүрлі әдістер оның жұмысының сапасын, санын толық қарастырады.

Қазіргі кезде нефрология әдістері көп әрі сан-қилы. Бұл әдістер адамның бүйрек қызметін толық және жан- жақты зерттеуге мүмкіндік береді. Тәжірибе жүзінде де, клиникада да әр түрлі геморенальдық (бүйрек қанындағы тосқауыл) индекстер арқылы бүйректің атқаратын қызметінің жайын және несептің түзілуін, механизмін зерттеуге болады. Бүйректегі қан айналысының деңгейін, шумақтағы сүзілу шамасын, түтікшелердегі қайта сіңу және секреция дәрежесін, бүйректің концентрациялау, несеп жасау қызметін зерттеуге болады. Бүйректің түрлі қызметін зерттеу әдістерінің көбінің негізінде Мальпиги шумақтарында еркін сүзілетін, ал түтікшелерде түрлі өзгерістерге ұшырамайтын және қаннан несепке секрецияланбай, түгелімен несепке өтетін заттарды енгізу жатыр. Қан плазмасына енгізілген түрлі сүзілетін заттардан тазалану коэффициентін анықтайтын әдіс - клиренс тәсілі. Тазартылу коэффициентін немесе клиренс деп бүйректегі сүзілу үдерісі кезінде белгілі бір уақыт ішінде қанға енгізілген заттан тазартылған плазма мөлшерін айтады. Клиренс әдісімен бүйректің сүзілу дәрежесін анықтайды.

Бүйректегі қан айналым шамасын анықтау үшін қанға парааминогиппурлы қышқыл (ПАГ) немесе диодрастты енгізеді. Қайта сіңу шамасы қанға бір затты (глюкоза, мочевина) енгізу, ол заттың қандағы, несептегі концентрациясын анықтау және шығарылатын несеп мөлшерін өлшеу жолымен анықталады. Түтікшелердің секреторлық қызметі диодраст, фенолды қызыл, парааминогиппур қышқылының натрий тұзы т.б. қанға енгізу арқылы тексеріледі. Бұл әдістердің негізінде енгізілген заттардың қандағы, несептегі мөлшерін өлшеп, салыстыру жатыр.

Х. Сәтпаева, медицина ғылымдарының докторы, профессор


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама