Дәулет құс
Баяғыда бір шал болыпты. Шалдың бір әйелі, екі баласы, бір дәулет құсы болыпты. Шалдың әйелі өліп, оның орнына басқа әйел алады. Шал бір сапарға кетер алдында дәулет құсын, екі баласын әйеліне тапсырып кетеді. Әйелдің бұдан басқа жалған көңіл қосқан адамы болыпты. Жаңағы кісі сапарға кеткесін, әйелдің үйіне жалған байы келеді де: «Маған дәулет құсты сойып бер», – дейді.
Онда әйел: «Шалымның тапсырып кеткен дәулет құсын сойып бермеймін», – дейді. Сосын жаңағы жігіт өкпелеп кетіп қалады. Бес-алты күн өткесін әйел жігітті шақырып алдырып, «болмас енді» деп, дәулет құсты аспазшыға сойдырып, өздері молдаға кетеді. Молда былай дейді: «Бұл дәулет құстың жүрегін жеген кісі хан болады, ал тобығын жеген адам алтын түкірік түкіреді», – дейді. Бұлар енді үйге келсе, оқудан келген шалдың екі баласының үлкені дәулет құстың жүрегін, ал кішісі тобығын жеп қойыпты. Жігіт енді баланың біреуін сойып бер дейді. Бұған әйел келіспей: «Соймаймын, себебі бұл екеуін әкесі өзім келгенше, ұрмай-соқпай бақ деп тапсырған еді», – дейді. Жігіт тағы өкпелеп кетіп қалады. Жиырма шақты күн өткесін әйел тағы да жігітті шақырып алып: «Қой болмас, балаларды сойдырамын, бірақ өзім соймаймын, баукеспе, ұрыға сойдырамын», – дейді. Сөйтіп, әйел ұрыға бір табақ алтын береді. Ұры есік алдында екі баланы өлтіруге жасырынып тұрады. Бұл кезде екі бала оқуда болады. Балалар оқудан үйге келіп, ұрыны кішісі алдымен көреді. «Анам саған бір табақ алтын берсе. мен саған он табақ алтын беремін», – деп, жерге түкірсе, аузынан он табақ алтын түседі. Ұры алып кетіп қалады. Сөйтіп, екеуі өлімнен құтылып кетеді.
Енді екі бала келе жатып, жолда үш атты кісіге кездеседі. Ол үш кісі әкесінен қалған үш затқа таласып келе жатады. Таласқан заттары: құрым киіз. сауыт, алтын таусылмайтын қобди. Кіші бала: «Мен садақ атамын, соның оғын кім бұрын тауып берсе, соған осы үш затты беремін», – дейді. Үшеуі де оқты бірдей табады. «Енді мұны маған бер, таласқаннан тәуір болар», – дейді де кіші бала ағасын алып, сауытпен ұшып кетеді. Екеуі бір елге келіп қонса, зарлап жүрген адамдарды көреді. Үлкені: «Неге зарлайсыңдар?», – дейді. «Ханымыз қайтыс болып, соның орнына хан болмай тұр. Ханның дәулет құсын қанша ұшырсақ та бір адамға қонбайды», – дейді бір адам.
— Кәне, тағы да ұшырын көріңдер, – дейді бала. Сонда дәулет құсы ұшып, баланың басына қонып, бала сол елге хан болып қалады. Ал кішісі сауытпен ұшып кетеді. Бұл кіші бала ұшып, бір елге келеді. Келсе, тағы да зарлап жүрген кісілерге кез болады. Жөн сұраса келгенде, бұл елдегі ханның қызы жұрттың өзіне теңдес балаларымен алтынмен құмар ойнап, жеңіп отырады екен. Сосын жеңілген кісіні өз қолымен шауып тастайтын болған. Осылайша халыққа зиян келтіріп отырыпты. Бұны естіген кіші бала: «Кәне, менімен ойнап көрсін», – дейді. Ойынның шарты: қарсы жақтағы кісіні он рет жеңсе, ол кісі ұтқан болады екен. Кіші бала ханның қызының алтынын тауысыңқырап, тоғыз рет жеңіпті. «Қалғанын ертең ойнармын», – деп, қыз таянған өлімнен құтылудың жолын іздестіре бастайды. Ол үшін айлакер мыстанға келеді. Қыз болған оқиғаны түгел мыстанға айтып шығады. «Осыны жеңудің амалын тауып бер», – дейді. «Бұны жеңіп шығу үшін, – дейді мыстан, — сен оған шарап беріп мас қыл, есін ауыстыр, сонда ол құсады, құсқанда аузынан бірдеме түссе, соны көрсетпей тығып таста», – дейді. «Жарайды», – деп ханның қызы кетіп қалады. Баланы шақырып алдырып, мас қылып, құсқан уақытта аузынан түскен тобықты тығып тастайды. Бала дені түзелгенсін, жерге түкіреді, түкірсе, жай адамға тән кәдімгі түкірік түседі. Ертеңіне қызбен тағы ойнайды. Бірақ қасиетті тобығынан айырылын қалған баланың алтыны таусылып қалып, қатарынан он рет жеңіледі. Ханның қызы өлтіру үшін баланы дарға алып келе жатады. Сол уақытта бала айтады: «Ақырғы тілегім бар, халық арасында бірер сөз айтайын», – дейді де тысқа шығып алып, сауытына мініп ұшып кетеді. Опық жеген ханның қызы қалып қояды. Бала бір жерлерге келгенде, орман-тоғайдың арасына қонады. Бұл жерде піскен ақ алма, қоңыр алма, қызыл алма тұрады. Қызыққан бала ақ алманы жеп жіберсе, сауысқан болады, қоңыр алманы жесе, қасқыр болады, ал қызыл алманы жесе, сұлу жігіт болады. Бала осылайша орманды кезіп жүре береді. Бір күні баланың алдынан кемпір шығады. Жөн сұраса келгенде, кемпірдің еліндегі ханның қызы соншалықты ажарсыз болып, хан: «Кім қызымды сұлу ететін амал ойлап тапса, соған ат басындай алтын беремін», – деп жар салған екен. Жұрт бұған «ондай амал жоқ» деседі. Сонда ашулы хан халықты қаладан қуып жіберіпті. Сол қуылған кісінің бірі жаңағы кемпір болып шығады. Бала ол көріксіз қыздың өзімен алтынмен құмар ойнайтын қыз екенін біледі де: «Ақ алманы ханның қызына бер, жеген уақытта сарайының есік-терезесі ашық болсын», – дейді. Кемпір алманы қызға әкеліп береді. Хан өзі бас болып, қызы ақ алманы жейін деп жатқан уақытта уәзірлерімен қыз-дың айналасын қоршап отырыпты. Алманы жеген қыз сауысқан болып шығыпты да сарайдың терезесінен ұшып кетіпті. Бүкіл халықты хан жинап, сауысқанды әрең дегенде өліп-талып ұстапты. Мұны адам қылып шығару үшін талай молда мен тәуіптерге қаратыпты, сонда да жазылмапты. Бұны естіген бала ханға келіп: «Мен қызыңды адам қылып шығарайын», – дейді. Сөйтіп, ол қызды біресе қасқыр, біресе сауысқан етіп сабайды. «Енді ақырғы емім бар, ол ем қонады. Бірақ маған әуелі тобығымды тауып бер», – дейді ханға. Хан балаға тобықты тауып береді. Тобықты алғасын бала қызды «сұлу қыз» етеді. Хан балаға алтын сапты қылыш береді.
Бала ханға: «Мен бүгін кетуім керек. Халықты жина, оның ішінде қызың да болсын», – дейді. Хан «жарайды» деп, жұртты жинайды.
— Мен кетемін, бір-екі ауыз сөз сөйлейін, – деп, бала қылышты жоғары көтеріп, ханның қызының басын шабады да сауытына мініп ұшып кедеді. Келіп бір жерге түседі. Осы жерде қайыр сұрап жүрген ағасын көреді. «Бұл қалай?», – деп таңырқап, ағасынан жөн сұрайды.
— Мені әлі баласың деп тақтан алып тастады. Басқа біреу хан болды, – дейді ағасы.
— Олай болса, мына ақ алма мен қоңыр алманы хан мен уәзірлеріне бер, – дейді де ағасына бір қапшық жаңағыдай алма арқалатып ханға жібереді. Хан уәзірлерімен алманы жеп, бірі қасқыр, бірі сауысқан болын қаңғып кетеді.
Екі бала біреуі хан, екіншісі бас уәзір болып, ел билеп, қызықты дәурен сүріпті.