Достық пен махаббат
Үш перделі драма
Қатынасушылар:
Сәуле — жас инженер.
Мирон — қарт механик, кен комбайнының конструкторы.
Темір. — ұшқыш.
Қазыбек — Сәуленің әкесі, қарт Жұмысшы.
Тайман — қарт Жұмысшы.
Абзал — Тайманның ортаншы баласы, обкомның екінші секретарь.
Мырқал — Тайманның үлкен баласы, шахтаның уақытша бастығы, кейінде шахта бастығының орынбасары.
Сайран — жас Жұмысшы.
Шекер — ол да.
Перизат — участка бастығынын көмекшісі.
Бөлекбас — участка бастығының көмекшісі, кейіннен шахта бастығынын. көмекшісі,
Баян — Сәуленің шешесі.
Қарт шахтер.
Ерлер, әйелдер, жұмысшылар, пионерлер.
БІРІНІШ ПЕРДЕ
Бірінші сурет
Шахтаның іші. Лаваның көлденеңнен қарағандағы орта тұсы. Сахнаның залға қарама-қарсы қараған беті көмір қабырғасы. Соның түбінде ұзыннан-ұзақ тартылып конвейер науа (рештак) жатыр. Оның екі ұшы алысқа созылып көрінбейді. Науаның бергі түбінен жағалай темір құрсалуы тіреу қойылған.
Перде ашылған кезде сахна қараңғы. Тек шахтерлердің қолындағы лампасының ғана жарығы көрініп, алыстан хор даусы естіледі. Шекер, тағы басқалар жанталасып, көмірді селдей ағызуда. Сайранның ғана қимылы баяу. Ол рациядағы әнге қосылуда.
Сегіз қырлы ақ алмас
Батыра соқ қайланы.
Қайламыздан сорғалап,
Ақсын жердің қаймағы.
Соқ, соқ қайланы!
Талқандалсын жақпар тас,
Тайсалмай соқ балғаны.
Шаттық әнге сала соқ,
Қызсын еңбек майданы.
Соқ, соқ балғаны!
Жау көзіне қадалсын,
Аянбай соқ, соқ қайланы.
«Рақмет!» — десін партия
Көтере соқ балғаны!
Соқ, соқ балғаны!
Дауыстар. «Сал, қимылда тез, ей, салыңдар!» «Сайран, сал көмірді». «Сала бер әніңді». «Шекер, сен бірдеңе де Сайранға».
Конвейер кенет тоқтай қалады, жоғарыдан, төменнен әртүрлі дауыстар естіледі.
1-дауыс. Ей, не болып қалды?
Тайман (сырттан). Бүлініп қалды, шақыр механикті.
2-дауыс. Ей механикке жүгіріңдер!
1-дауыс. Телефон соғыңдар!
Тайман. Бөлекбас бар ма?
3-дауыс. Жоқ, жоқ.
Тайман. Кетті ме ешкім?
3-дауыс. Кетті, кетті.
Тайман. Мына қырсықты-ай, ә!
Сайран. Қап, жаңа қызып келе жатыр едім. (Шалқасынан жатып ән шырқайды.)
Шекер. Бүгін қандай боран болар екен?
Жұмысшы. Шілденің күнінде ме?
Шекер. Ананың желігуіне қарағанда, кәдік.
Сайран. О, керемет... керемет. Мені көрсе болғаны, қыз атаулы қиядан тиіседі.
Жұмысшы. Ол не үшін?
Сайран. Сүйгісі келген соң, болар.
Жұмысшы. Әй, дәл сондай қызды көре алмай жүрмін-ау.
Сайран. Пәлі, ағай. Қыздардың әдеті емес пе сүйгісі келгенде қиядан шалатын.
Жұмысшы. Шекер-ay, мынау не дейді?
Шекер. Өзінің етігіне өзі шалынып жүрген соң сөйдемегенде, не десін.
Сайран (әнін кенет тоқтатып). Не дейсің, ей қыз?
Шекер (жұмысшыға). Ағай, қайлаңыз қайда?
Жұмысшы. Оны қайтесің?
Шекер. Ананың жыны ұстап келеді, сақтаныңыз.
Сайран. Мен жынданбаспын, жындансам, қайла тұрсын, қанжар тоссаң да қайтпаспын.
Шекер. Құреке шаман, келмей жүріп, қанжарда нең бар сенің?
Сайран. Шамамның қандай екенін көрсетермін, асықпа.
Шекер. Күшіңді алдымен көмірге көрсетсең де төбең көкке жеткендей боларсың.
Сайран (қолын сермеп). Өй, сенімен сөйлесіп тұрған мен ақымақ.
Шекер. Ақылды болу қолыңнан келмесе, ақымақ болмағанда қайтесің.
Сайран. Қоясың ба, жоқ па?! (Тап береді, жоғарыдан Тайман келе жатады.)
Тайман. Бұл не ойын?
Сайран. Жәй, еріккен соң.
Тайман. Жұмыс барда ерініп, жоқта ерігетін әдетің-ау сенің.
Сайран. Менен бұрын мынаны жөндеп алсаңыз деймін.
Жұмысшы. Қалай, ақсақал, жөнделетін емес пе?
Тайман. Ой, бүйткен ақсақалы бар болсын!
Сайран. Е, бригадир емессіз бе, жөндеңіз.
Тайман (сыртқа қарап). Ей, кім болсаң да бас ашыңды! (Бөлекбас келе жатады.) Қайда әлгі Мироның?
Бөлекбас. Қазір, ақсақал, қазір. Қарт адам ғой, жүгірсе де жете алмай жатқан болар. Уһ, өкпем нетіп кетті ғой. (Терін сүртіп.) Ал, жолдастар, біздің шахтаны енді бір жылдан кейін барлық шахтаның алды дей беріңдер.
Тайман. Бір жылға дейін арты болсақ жетіскен екенбіз.
Сайран. Ағай, соғыстың қашан бітетінін айтыңызшы?
Бөлекбас. Е, мен оны қайдан білейін?
Сайран. Шахтаның бір жылдан кейін қандай болатынын білгенде, оны қалай білмейсіз?
Бөлекбас. Шырақ, мен сенің құрдасың емеспін, байқа.
Тайман. Құрдасы болмасаң ағасысың, айт түсіндіріп.
Бөлекбас. Түсіндірсем мынау: Донбастан келген ана бір Мирон дейтін шал көмір комбайнының жаңа түрін ойлап тауыпты. Сол жайында Сәулемен бәрі кеңесіп отыр екен. Олар маған: «Бұған сіз не дейсіз, осы реальный ма?»—деп еді, мен гениальный дедім. (Ойланып.) Тағы не деп едім?
Сайран (қасындағыларға). Ол не деген сөз?
Бөлекбас. Иә, мен де көмектесермін, тезірек қолға алыңыздар дедім.
Сайран. Ағай, «түсіндірсем мынау» дегеннен басқа сөзіңізге түсінбей қалдық.
Бөлекбас. Әй ,өзің саңыраумысың?
Сайран. Жоқ, бәрін де естіп отырмын.
Бөлекбас. Естісең былай: олардың жасайтын машинасы іс болып шықса, дәл сендей елу жігіт беретін көмірді оның жалғыз өзі береді.
Сайран. Көмірді де өзі қаза ма?
Бөлекбас. Өзі қазады, өзі ұсақтайды, науаға да өзі салады. Сонда сен секілділер қайла, күрек дегенге пысқырып та қарамайды.
Тайман. Мынау бір тамаша екен, бадалар, ә?
Сайран. Е, ондай машинаға қол жетпейді ғой, жете, күрек қана емес, дәл мына Шекердей қыздарға да пысқырмас ем.
Бөлекбас. Айтпақшы, сүйінші, ақсақал!
Тайман (қуанып). А, құдай, ақсарбас, немене, Нұрлан келді ме?
Бөлекбас. Жоқ, Нұрлан емес.
Тайман (ренжіп). Енді неменеге сүйінші?
Бөлекбас. Сіздің Абзалыңыз обкомның екінші секретарьі болыпты.
Тайман. Сол ма? Оны өзім де естігенмін... Мырқал не болыпты?
Бөлекбас. Оны білмедім. Өз ойымша, ол кісіні бастық ете қоймас. Өйткені, біздің шахта Қызыл тудан айрылды ғой.
Тайман. Не дейсің? Қызыл тудан айрылды?
Бөлекбас. Қалай айрылмайық, еткен айда бізден басқа бір участка жоспарын орындаған жоқ, басқалар бізден үлгі алсын деп жиылыс сайын қанша қақсадым, біреуі тыңдады ма?!
Тайман. Масқара-ай, масқара болған екенбіз ғой?! Жайшылықта алған тудан соғыс кезінде айрылсақ, не болдық? Қорлық-ай, не беттеріңмен отырсыңдар науаны толтыра бермей?
Мирон (келе жатып). Тоқта! Көмірді далаға шашайын деп пе ен?
Тайман. Ойбай, мұндар-ау, ыңк-ыңқ етпей, жүрсеңші.
Мирон. О, не болып қалды?
Тайман. Сенің мына бүйен құсаған мұндарың тоқтап қалып, жүйкені кескен жоқ па?! Екі сағаттан бері екі түйір көмір бергеніміз жоқ.
Мирон. Тоқтап қалса, неге жүргізбейсіңдер, механиктерің қайда?
Тайман. Оны военкомат шақырып кетіпті. Құдай үшін, жүргіз тезірек, масқара болдық, тудан айырылыппыз.
Мирон. Тудан айырылсақ, сенің анау бастық балаң баратын жеріне неге бармайды? Барып тұрып, жауды жеңу үшін құрал керек, Құралды жасау үшін де кемір керек екенін неге айтпайды? Әй, оны айту үшін де жүрек керек қой. (Екеуі жоғары өрлеп көрінбей кетеді.)
Сайран. Ағай, анау алдыңғы шал кім?
Жұмысшы. Ол Мирон дейтін қарт. Әлгі керемет машинаны. жасайтын осы кісі. Оның қолы тисе мынау темір науа қазір безек қағады, әзірлен.
Сайран. Жоқ, мен ең әуелі сол бастықтың өзімен майдандасып алмасам, жәйім келер емес.
Жұмысшы. Не үшін?
Сайран. Не үшін? Келгеніме ай болды, жатар орын, жұмыс киім әлі жоқ. Жалғыз костюмым мынау нәре-нәре болған. Мұны білгенде, үйден киімді үйіп келетін едім ғой. Қараңызшы, осында келгенде су жаңа еді, тізерлей-тізерлей тебен шаншитын жері қалмаған. Осының кесірінен ең ақыры ана бір Шекер дейтін қыз да жөн қарамайды.
Жұмысшы. Қайтесін, шырақ, қазір соғыс уақыты ғой, шыдайсың да. Шіркін, біздің жұмысшылар соғыстан бұрын тамаша жақсы тұрушы еді-ау.
Сайран. Соғыс, соғыс! Басқа шахталарда неге осылай емес? Кеше мен өзіммен бірге келген бір жігітті көрдім. Бірінші шахтада істейді екен. Мұздай киініпті, онда бәрі бар, бәрі мол көрінеді. Ал, бізде неге олай емес? (Осы кезде конвейер қозғалып, толқындана аққан көмір жаны көрінеді, жұмыс қызу жүріп жатыр. Мирон, Таймандар келеді.)
Тайман (Шекерге). Қарашығым, онан шаршап қаласың, былай сал. (Көмірді өзі салып көрсетеді.)
Шекер. Түсіндім, ата, енді өзіме беріңіз. (Күрегін қайта алады.)
Мирон. Бәрекелді, мынау қандай ер еді... Бұл кім өзі?
Тайман. Менің бұл қызым ба, менің бұл қызым тірі болса, талай жігіттің құйрығын қарға шаншар-ау әлі.
Мирон. Мына бір жігітке қарағанда жаман емес. (Сайранға.) Соғысқа барсаң, оққа қандай тез ұшар екенсің, ә?
Сайран. Бұл қандай әулие еді тағы. А, сіз бе едіңіз. Иә, сөйлеңіз, әулие. Сізше, қайтуым керек?
Мирон. Бере тұр күрегіңді. Ер жігіттің қалай қимылдайтынын көрсетейін.
Сайран (Күректі лақтырып жібереді). Бар, керек болса, өзіңіз барып алыңыз.
Мирон (Тайманға). Осы ма сенің үйреткен өнегең? Жоқ әлде жұмыс үйреткеніңе ғана мәзбісің?..
Тайман (Сайранға жақындап). Қайтемін, не істеймін сен мұндарға, кеше не айттым саған? Анау, өзіңдей Шекерді қарашы. Қыздан қалсаң, ұл болып несіне тудың? Мә, сал жылдам! (Сайранның күрегін әкеліп қолына ұстатады. Өзі де соның қасынан орын алады.) Бүгін жоспарды орындамай шықпаймыз, қимылдаңдар, балалар (Жұмыс қызу жүріп жатыр. Забойдағы жарың сахнаның алдындағы тұсына түсіріледі де, сырттан келе жатқан Сәулеге Мирон кездеседі.)
Сәуле. Мирон Павлович, немене екен бүлінген?
Мирон. Жүрегі тоқтап қалған екен, қазір қайта coғa бастады. Бүгін забойда елдің өте аз қалғанын көрдің бе, қызым.
Сәуле. Көрмесем де сезіп келемін. Не істейтінімді білмеймін, бар үмітім сіздің комбайн еді, комиссияның қорытындысы ол үмітті де үзіпті ғой.
Мирон. Қай комиссияның?
Сәуле. Шахта бастығы құрған комиссияның.
Мирон. Олар не депті?
Сәуле. Өздерінен естігеніңіз жөн болар.
Мирон. Оны сен несіне жасырасың?
Сәуле. Жасырғым келмесе де, айта алатын емеспін.
Мирон. Аяғаныңа рақмет, олардың не дегенін айтпасаң да ұқтым. Тек есіңде болсын, қызым. Табанды күрессіз баянды жеңіске жету мүмкін емес. Сендегі білімді мендегі тәжірибемен ұштастыра білсек, қорқатын тук те жоқ. Кешке кел, өзіміз тағы бір кеңесейік. (Кетеді.)
Сәуле. Мақұл. (Жарық қайтадан забойға түседі.) Іске сәт, жолдастар!
Тайман. Айтқаның келсін, қарағым.
Дауыстар. Айтсын, айтсын.
Сәуле (Шекерге жақындап, Сайранға дауыстайды). Сайран, сен бері келші.
Тайман. Е, соны бір жөнге салшы, қарағым.
Сайран (Сәулеге қарай келе жатып). Осы қыздарақ қыр соңымнан қалмай қойды-ау.
Сәуле. Бауырым-ау, соңыңнан қалмай жүрген қыздар ма, жоқ әлде қырсық па? Алдымен соны біліп алсаң еді. Бері, мұнда кел. Сен енді қазірден бастап мына Шекердің қарауында боласың, бұл не айтса да орындайсың. Кесірленбей, кежірленбей жұмысты жөн істейтін бол!
Сайран. Егер де бұл қыз мені құшақта, бетімнен сүй деп бұйырса да орындай берейін бе?
Сәуле. Егер Шекер шынымен солай дей қалса, оны да орында.
Шекер (Сайранға). Не дедің, қайта айтшы?
Сайран. Жәй, әншейін, сені аты қандай тәтті болса, өзі де сондай деп турмын.
Шекер. Байқа, аузың күйіп қалмасын. Егер менің қасымда қалсаң, мынаны осы бастан ұғып ал: Мен былай нұқысам (Күрекпен бүйірге түртіп) жалқауланбай, қимылда дегенім. Ал арқаңа былай қақсам (Күрекпен арқаға салып қалады) жарайсың, адам боласың дегенім ұқтың ба?
Сайран. Е, бір мылқаудың қолына түскен екенмін ғой. Құдай үшін, құтқарыңыз мына ноқай қыздан.
Сәуле. Жақсы қыздан қашқан жалқау жігітті көргенім осы. Қылжақты қой да, мына жерден орын ал. Ал, Шекер, берік бол.
Шекер. Көрерміз. (Сәуле жұмысшыларды жағалап кетеді.)
Сайран (белін бекем байлап). Өлермін, өлмесем, көрсетермін! (Жұмысқа қызу кірісіп кетеді.)
Тайман. Балалар, қыздыра беріңдер. Мен төменгі жақты бір қыздырып келейін. (Төмен түсіп кетеді. Лавадағы жарық сахнаның алдыңғы, жағына түседі. Сәуле мен Перизат келе жатыр.)
Перизат . Сәулетай-ай, сорладың-ау тоқташы.
Сәуле. Не болды, жаным-ау?
Перизат (ентігіп, жөнді сөйлей алмай). Не болғанын сұрама, екеуміз де сорлаппыз.
Сәуле. Не дейсің, не сұмдық айтқалы келесің?
Перизат. Айтарым сол, масқара болыппыз. Нұрлан мен Павел немістердің қолында қалыпты. (Тайман естіп, кенет тоқтай қалады, екі қыз оны байқамайды.)
Сәуле. Немістердің қолында? Қалайша, не үшін?
Перизат . Не үшін екенін ешкім білмейді, біздің трестің жаңа орынбасары Русак айтып келіпті. Ол екеуі Донбаста, соның қарауында істеген екен. Сірә, бір жамандығы болуы керек. Мырқал ағай оларды азғындар деп қалш-қалш етеді. Соған қарағанда олар...
Сәуле. Өшір үніңді, өшірсін бәрі де! Өз көлеңкесінен қорыққандар маған десе отқа түссін. Мен өзіме қандай сенсем, Нұрланға да сондай сенем. Осы қашан да болса менің айтарым. (Тайман ұмтыла бере тоқтап қалады.)
Перизат. Қайдан білейін, мен де Павелға өзімдей сенуші ем. Бірақ Мырқал ағайдың үрейленуінен қорқамын. Меніңше, ол тегін үрейлену емес.
Сәуле. Сондағы айтпағың не?
Перизат. Айтпағым сол. Біз заңды түрде әлі қосылған жоқ едік қой, енді оларды білмейтін болайықшы.
Сәуле. Қалай білмейтін боламыз? Оларды сүйген жүрегімізді жұлып тастаймыз ба?
Перизат. Міне, қымс етсе, осылай қасара кететін. Егер ертең осы хабар анық болып шықса, өмір бойы ел бетіне қарай алмай өтпейміз бе?
Сәуле. Онда Павелді сүйгенің бекер екен.
Перизат . Сөзді қой, адасқан адам еш уақытта өтірік адаспайды. Тіпті мен болмасам сенің қайғыратын түгің жоқ. Бағыңа Темір де қайтып келіпті.
Сәуле. Темірі кім?
Перизат . Сені жас кезіңде атастырған Темір дейтін бар екен ғой.
Сәуле. Иә?
Перизат. Сол осында келіп, сені сұрап жүрген көрінеді.
Сәуле. Ол айдаудан қалай келіпті?
Перизат. Айдаудан емес, майданнан жараланып келіпті. Тоқта, Мырқал ағай өтіп кетсін. (Мырқал келеді.)
Мырқал. Так, так! Бұл не тұрыс, қарындастар? Екі сағат той,таған қай участка?
Сәуле. Біздің участка.
Мырқал. Ол неге тоқтайды?
Сәуле. Механизм бүлініпті.
Мырқал. Так, екі сағатқа дейін оны неге жөндемегенсіңдер?
Сәуле. Мен кеш естідім.
Мырқал. Дер кезінде көрмей, қайда жүрсіңдер?
Сәуле. Мирон Павлович мәжіліс шақырып, мен сонда кеткен едім. Мұнда Бөлекбас еді.
Мырқал. Тағы да комбайнның ертегесі ме?
Сәуле. Бізше, ертегі емес.
Мырқал. Енді не?
Сәуле. Бізше, бұл — біздің елде ғана болатын, біздің адамдардың ғана қолынан келетін керемет күш.
Мырқал. Меніңше, сендердің керемет деп жүргендерің — кесел. Так. Ол жөнінде ғылым адамдары да ғылыми куәлігін айтты, енді жетті ме?
Сәуле. Бір ғана бас инженердің айтқанын ғылыми куәлік деп білесіз бе?
Мырқал. Мен саған есеп бергелі тұрғаным жоқ, так. Елдің ойын сондай сырты жылтыр, іші қара идеяға аударып, өндіріске бөгет жасап жүргендеріңді, оған енді өзімнің төзе алмайтынымды қатты ескертемін, так. Жүр, Перизат. (Олар кетеді. Сәуле ауыр ойда тұрып қалады. Аздан соң ақырын басып Тайман жақындайды, көзінде жас.)
Тайман. Қарағым, Сәуле-ай, тірідей көрге түсіппін ғой. (Жылап жібереді.)
Сәуле. Ата, жан ата, нені сезіп келдіңіз? Тайман. Сезіп келдім, естіп келдім бәрін де. Сен екенсің ғой менің ендігі... Нұрланым.
Сәуле. Рас, Нұрланыңмын жаң ата. Болмасам да боламын... Бірақ естігеніңіз естіген жерде қалып, аузыңыздан шықпасын. Беріңіз осы тілегімді.
Тайман. Бердім, шырағым, бердім. Аузымнан шықса, ант ұрсын. Тек жасырмай айтшы, мүмкін бе осы?
Сәуле. Жоқ, мүмкін емес, оның жүрегі менде. Арыммен ант етемін, маған сеңіңіз.
Тайман. Ендеше, сендегі сол сенім менің үмітімнің шам-шырағы болсын, қарағым, қарағым. (Құшақтайды.)
Шымылдық
Екінші сурет
Мырқалдың кабинеті. Перде ашылғанда Перизатпен сөйлесіп тұр.
Мырқал. Так, так, бәрі де түсінікті. Бәрі де өз ойымнан шығып отыр. (Асығыс жаза бастайды.) Иә, айта бер, қарындас, айта бер. Мені Нұрланның ағасы екен деп іркілме де, Күдігің болса жасырма.
Перизат. Іркілейін деп отырғаным жоқ, қасындағы елдің бәрі кетіп жатқанда, олардың не үшін қалғанына көзім жетпей отыр.
Мырқал. Ойлана бір қарасаң, көз жетпейтін түк те жоқ. Сенің жаңағы дәлелің дұрыс. Ол Громовтың қарындасын алмақ болған да қалған, так. Әйтпесе, туған жері, өскен елі, туған-туысы — бәрі мұнда. Сондай жан сүйер жақыны үшін болмаса, үкіметтің: «Кетіңдер, құтылыңдар, сендер тылға керек адамсыңдар»,— дегеніне қарамастан, өзін-өзі өлімге не үшін тастады ғой дейсің.
Перизат. Мүмкін, олар партизан болу үшін әдейі қалған болар.
Мырқал. Масқара болғанда, олар партизандардың ішінде де жоқ болып отыр ғой. Ол маңдағы партизандардың кімдер екені Русак жолдасқа белгілі көрінеді. Және олар ешкімге айтпастан, құлатуға үлгерілмеген бір шахтаның ішінде жасырынып қалыпты.
Перизат (терең күрсініп). Онда олардан үміт жоқ екен.
Мырқал (ол да күрсініп). Да, олардан енді үміт жоқ.. Сен енді мынаны істе. Осы айтқандарыңның барлығын, әсіресе Сәуле мен Павелдің қандай жақын екенін толық жазып бер, так. Соғыс уақыты әрбір совет адамынан аса қырағы болуды талап етеді, жаңағы бір айтқаным айтқан. Сәуле басқарып келген участкені енді сен басқар. Ол оқыған оқуды сен де оқығансың, қорқатын тук те жоқ. Ол участка — бізде ең үлкен, ең жауапты участка. Оны Сәуле сияқты саяси сенімсіз адам басқаруға болмайды. Ұқтың ба?
Перизат . Ұқтым.
Мырқал. Ұқсаң, мынау анкетті толтырып әкел. (Анкета береді. Перизат қуанышты түрде алады.) Бұған қоса өмірбаяныңды жаз. Алдымен Сәуленің аналармен байланысы жайын жаз.
Перизат. Мақұл.
Мырқал. Мұны өзіңнен басқа ешкім білмесін.
Перизат. Мақұл, мақұл. (Қуана жүгіріп кетеді. Аздан соң біреу есік қағады.)
Мырқал. Да, да!
Мирон (есікті ашып). Рұқсат па екен?
Мырқал. Тоқтай турыңыз. (Мирон есікті қайта жабады. Мырқал телефонды алып.) Маған бас инженердің кабинетін бер. А, Николай Сергеевич, мен ғой, саламатсыз ба? А, бұл кім өзі, Сәуле! Бас инженер, қайда? Онда сен айтып жіберші мынаны. Әлгі Американың көмір комбайнының аты қалай еді? Тоқтай тұр, жазып алайын. «Жыпыри» дедім, дұрыс па? Енді қалай? Адам аттарымен айтшы. Дәлдүнбай, Жартыбай, Есербай, Перизат, Тағы да Перизат, Рәсуа, Итбай, тоқта, сонда бұл болды «Джеппри» дұрыс па? Енді мынаны айт: осы әлгі өзімізде жасалып, соңынан жарамай қалған комбайнды жасаушы конструкторы кім еді? Сердюк. Ол академик пе, немене? Бәсе, жарамай қалғаны сондықтан екен ғой. (Телефонды орнына қояды. Секретарь қыз кіреді.) Бара тұр ойымды бөлмей.
Қыз . Өзіңіз шақырдыңыз ғой.
Мырқал. А, айтпақшы, ана шалды жібер. (Қыз кетеді. Мырқал біресе жаңағы жазуына қарап, біресе аспанға қарап, аузын жыбырлатып жаттап отырады.) Керек уақытта аузына түспей қал, сонда болсын. Джеппри, Джеппри, Сердюк, Сердюк. Джеппри, Сердюк, Джеппри, Сердюк. (Мирон келеді.) Қалай, қарт, дүниедегі ең сұлу қыздың үйіне орналастырдым, халыңыз жаман емес шығар, ә?
Мирон. Хал қайдан жақсы болсын. Туған Донбасс жаудың табанында жатса, Донбасты жоқтатпаймыз дейтін біздер көмірді артық берудің орнына кем беріп, Қызыл тудан айрылып отырсақ...
Мырқал. Иә, ұранымыз жаман емес, бірақ ойымызбен бірге ісіміз біраз алжасып жатыр. Сондықтан да біз тудан айрылып, масқара болып отырмыз. Есіңізде болсын, алғыр ой, өнімді енбексіз, ұранымыз қанша жақсы болса да, ұзаққа бара алмаймыз.
Мирон. Оған мен де түсінетін сияқтымын.
Мырқал. Түсінер болсаңыз, келгеніңізге екі ай болды, не істедіңіз? Соғыс кезінде екі ай емес, екі сағат та көп уақыт. Тіпті, сіздің осы істеп жүрген ісіңіздің өзі... Но ладно... Ол жөнінде кейін сөйлесерміз, алдымен келген шаруаңызды айтыңыз.
Мирон (қолындағы папкасын аша бастайды). Менің айтарым — Қарағандыда тұрып Донбас деп соққан жүрегім ұйқы берер емес.
Мырқал. Тоқетерін айтыңызшы.
Мирон. Тыңдаңыз, кеше кешке осындағы инженер-техниктердің мәжілісі болды, сол мәжілістің тапсыруы бойынша сізге келдім.
Мырқал. Тағы да комбайн жайы ма?
Мирон. Иә.
Мырқал. Онда маған несіне келесіз? Мен айтарымды мұнан бес Күн бұрын айтқан жоқ па едім?
Мирон. Айттыңыз. Бар деген тресіңізге де бардым. Бастығы Москваға кеткен екен, ал Русак дейтін орынбасарымен түсінісе алмадым.
Мырқал. Неге?
Мирон. Ол кісі өмір тарихымды сұрап алды да, менің ешқандай институт бітірмегенімді естігеннен кейін тікесінен тіке: «Бұл сіз түгіл академиктердің де қолынан келмей жүрген жұмыс. Қолыңыздан келмейтін іске әуре болмаңыз», — дегені.
Мырқал. Шынымды айтайын, сіздің осыныңызға мен де түсініп жүргенім жоқ. Егін комбайны болса бір сірә, дәл мына көмір комбайны дегеніңіз тіпті миыма кірмейді. Жалғыз менің ғана емес, менен он есе білімді адамдардың да миына кірген жоқ. Мен сіздің проектіңізді өзімнің бас инженерім бастаған комиссияның зерттеуіне берген едім, олардың да миына кірмепті.
Мирон. Қалайша?
Мырқал. Ғафу етіңіз, сізге бір сұраулар қояйын,
Мирон. Сұрай беріңіз.
Мырқал. Сіз мұны қашаннан бері ойлаған едіңіз?
Мирон. Аз ойлағаным жоқ, кемі бес жыл.
Мырқал. Aha, онда тағы бір сұрау беруге рұқсат етіңіз. Қалайша сіз мұны бұл уақытқа дейін жарыққа шығармадыңыз? Қалайша сіз мұны Донбаста қолға алмай, мұнда келгеннен кейін қолға алдыңыз? Әлде Донбастың күші жетпеді ме?
Мирон. Донбастың күші жететін еді, соғыс басталып кетті де, мен үлгіре алмадым.
Мырқал. А, соғыстан бұрын?
Мирон. Сіз тергеушіге лайық екенсіз. Мұндай нәрсені жете зерттеместен қолға алудың керексіз екенін білетін боларсыз.
Мырқал. Тергеуші болмасақ та мұндай мәселені ұшқары қарауға қақымыз жоқ, так соғыс уақыты соны талап етеді. Маған мұндай сұрау бергізіп отырған да сіздің идеяңыздың қауіптілігі.
Мирон. Нендей қауіп?
Мырқал. Жасырарым жоқ, біріншіден, бұл — біздің үлкен мамандарымыздың да көптен бері қолға алса да, әлі шеше алмай келе жатқан мәселесі. Олар шеше алмаған мәселені шешу сіз екеуміздің қолымыздан келмейді. Екіншіден, бұған көп қаражат, көп материал, көп уақыт керек. Ен алдымен бірнеше инженер керек. Ондай мол мүмкіндікті мен бұл соғыстан көре алмай отырмын. Үшіншіден, бұл жасалынып шыққан күннің өзінде біздер үшін пайдасыз.
Мирон. Неге пайдасыз?
Мырқал. Сіз жаңа келген адам болғандықтан, әлі таныс емессіз, мұндағы көмірдің пласты алуан түрлі. Біреуі жұқа, біреуі қалық. Тіпті бір пластың өзі әртүрлі, кей жері жұқа, кей жері қалың. Мұның әрқайсысына әртүрлі машина жасай алмаймыз ғой. Оның үстіне бұрынғы жасалған комбайндарға енгізген өзгерістеріңіз көңілге қонбайды. Осы айтылған Күдіктер көңілде тұрғанда мен сіздің бұл идеяларыңызға сене алмаймын, оған ғафу етіңіз.
Мирон. Болдыңыз ба?
Мырқал. Болдым.
Мирон. Болсаңыз, мен де бір сұраулар берейін сізге.
Мырқал. Қысқарақ...
Мирон. Сіз бұрынғы жасалып, жарамай қалған комбайындардың жайын, әсіресе, олардың көмір пластына қарай өзгертіліп отыратындай етіп жасалмағанын білмейтін сияқтысыз. Оны білместен бұған үкім айтуыңыз қалай?
Мырқал. Ха, ха, ха! Мен бе білмейтін? Ғафу етіңіз, мен өзіміздің төл комбайндар былай тұрсын. Американың «Джепири» атты машинасының да біздің шахталар үшін не себептен жарамсыз болып шыққанын жақсы білемін.
Сәуле (есікті ашып). Рұқсат па?
Мирон. Кел, қызым, кел.
Мырқал. Басқа айтар сәуегейлігіңіз жоқ болса, алтын уақытты арзан жіберуді қойыңыз. Кеше мына қарындас екі сағат бойы жұмысты тоқтатып қойған. Бұл — совет адамдарының қылығы емес.
Сәуле. Мен не жұмыспен кеткенімді айтқан едім ғой.
Мырқал. Сендер соғыс кезінде осындай пайдасыз жұмысты неге қоймайсыңдар осы?
Сәуле. Ол пайдасыз емес, ағай. Бұл комбайнның бүгінге де, ертеңге де пайдасы бар,
Мырқал. Осы, сендер, көз алдағыларыңды көре алмай жүріп, ертеңгі күнде, тіпті одан да арғы болашақта нелерің бар осы. Көрпені бойларыңа шақтап жамылу керек емес пе?! (Қасында Сайран мен Шекер бар Тайман кіріп келеді. Мырқал суық түспен.) Әке, мен қазір бос емеспін, бара тұрыңыздар.
Тайман. Көтерме тұмсығыңды. Аман ба, Миром. (Қол алысып амандасады. Мырқалға жақындап.) Мына сияқты жаңа келгендерге жұмысты үйрету керек, маман ғып шығару керек деп жиылыс сайын өңештейсің кеп, уәдені бересің кеп, соңынан өз уәдеңді өзің ұмытасың, бұл не? Бұларға жұмыс киім, жататын орын бересің бе, жоқ па? Колхоздан киіп келген киімдері жыртылын болды, қылышын сүйретіп қыстың келе жатқаны Мынау. Біреуіңе бірдеңе десе, бар кінәні соғысқа аудара саласыңдар, басқа шахталарда неге мұндай емес? Немістермен соғысып жатқан жалғыз осы біздің шахта ма?
Мырқал. Дүниеде өз әкеңнің өзіңе сыншы болғаны жаман екен ғой.
Тайман. Бақыр мейлің шақыр мейлің, мына екеуін мен өзіміздің үйге жатқызамын, айтпадың деме. (Сайрандарға.) Балалар, жатар орын, ішер тамақ үшін бүлк етпеңдер, тек жұмыс киімін алмай келмеңдер. (Столды бір ұрады да, шығып кетеді.)
Мырқал. Ей, қалған күніміз сендерге қарап қалса да барыңдар, бар.
Сайpaн. Біз бригадирдің бұйрығын орындамай кетпейтін шығармыз енді.
Мырқал. Мен саған бара тұр дедім ғой.
Сайран. Қоя тұрыңыз. Менің басқа да айтар арызым бар. Тоғыз жыл оқып, тоқымдай Құректі көтеріп жүрер жайым жоқ. Бізге күрек емес, анау көмір шабатын машинаның өзін беріңіздер.
Мырқал. Оны қайтып жүргізбексіңдер?
Сайран. Үйретіңіздер, көрсетіңіздер, оқытыңыздар. Сонсоң жүргіземіз.
Мырқал. Оның дұрыс, так, так. Өзің бір адам болатын бала екенсің.
Сайран. Мен қазір адам емеспін бе?
Мырқал. Ұнап тұрғаныңды айтамын.
Сайран. Әрине, ұнаймын. Қазір сиқым кетіп тұр ғой. Әйтпесе, бұрын мына Шекер сияқты талай қыздар ұнататын.
Сәуле. Сайран! Ойынның орны бұл емес. (Мырқалға.) Ағай, шынында бұларға қиын болып жүр, ана сіңлімді мен өз қасыма алайын. Мына бала шалдың үйінде тұра тұрса қайтеді?
Мырқал. Так, так. Жұмысшы жоқ болса, көмір бере алмаймыз, көп болса үй бере алмаймыз, пәле болды-ау әбден. Жарайды, солай-ақ болсын. Әй, екеуің ауызғы үйге бара тұрыңдар.
Сайран. Мен сізге бір нәрсе айттым-ау деймін.
Мырқал, Оны кейін көрерміз.
Сәуле. Жұмысты жақсы істесең, бәрі де табылады, бара беріңдер.
Сайран. Онда жон. (Кетіп бара жатып Шекерге.) Бәрінің керегі жоқ, комбайн мен дәл сен қолға түссең екен. (Шекер ере шымшылап шығып кетеді.)
Мирон (манадан жазып отырған қағазын Мырқалға ұсынып). Құрметтім, сізден енді басқа тілек тілемей-ақ қояйын, мына қызым екеумізді қызметтен уақытша босатыңыз да, бізге көмір шабатын машинаның бір-екі моторын алуға рұқсат етіңіз. Біз мұны заводсыз-ақ дәл осы мехцехтың өзінде жасап шығарамыз.
Мырқал. Мехцехтың өзінде?
Мирон. Иә, өзінде.
Мырқал. Адам қартайғанда бала секілді болады екен-ау. Мынауыңыз баланың сөзі ғой.
Мирон. Баланың?
Мырқал (ашулы). Иә, баланың! Біздің шахтаның өндіретіні темір емес, көмір. Алдымен соған түсіпсіз.
Мен сізге керек екен деп көмірден темір жасай алмай мың так. Екіншіден, сіз еріккен екен деп мемлекет дүниесін шашып, сотқа кете алмаймын, так. Үшіншіден, қашан соғыс біткенше сізді бір күнге де босата алмаймын.. Егер бұл үшін жұмысқа салқын қарайтын болсаңыз, аяусыз жазаға тартамын, так. Соғыс уақыты соны талап етеді. Енді түсінікті ме?
Мирон. Түсінікті, әбден түсінікті. Бірақ осы үшін ертең өзінің өкінетінін жолдас Тайманов түсіне ме екен?
Мырқал. Мен ешуақытта өкінбеймін. Енді алтын уақытты босқа кетірмеңіз, барыңыз!
Мирон. Өкінесің, құрметтім, өкінесің. Өйткені, бұл — іштен шыққан бала, мен өз баламды өзім өлтіре алмаймын және ешкімге өлтіртпеймін. (Кете бастайды.)
Сәуле. Мырқал аға, түсінісейік те, Мирон Павлович, тоқтаңызшы.
Мирон. Жоқ, қызым, жалынуымыз жетті, жетті. (Кетеді.)
Сәуле. Ағай, біраз ойланбадыңыз-ау.
Мырқал. Жә, бәрің бірдей білгішсінбей. Жұмысшы таба алмай жатқанымда, комбайн дегенді қайдан шығардыңдар осы. Сен дейді ғой мұны желіктіріп жүрген.
Сәуле. Иә, мен. Әзіңіз ойланыңызшы. Жұмысшының аздығынан мынандай күйге ұшырадық. Ертең соғыс бітіп, донбастықтар өздерінің Донбасына, колхозшылар колхозына кеткенде қайтеміз, шахтаны жабамыз ба?
Мырқал. Алдымен соғыс бітсін, сонсоң көрерміз.
Сәуле. Соғысты тез бітіру үшін де бұл керек болып тұр ғой.
Мырқал. Ә, қойшы тақылдамай, осы сендер қызықсыңдар, қолдағы машинаны жүргізе алмай отырып, мидағы машинаны жүргізем дейтіндерің не осы? Ашып айтпаса түсінбейсіңдер, оның жасайын деп жүрген комбайны көмірдікі ме, жоқ әлде бәріміздің сүйегімізді бытырлатып көмір ғып жіберетін өлімдікі ме, қайдан білесіңдер? Ертең ғой бұл сондай бір бәле болып шықса, бәріміздің де су түбіне кеткеніміз.
Сәуле. Ағай, расыңызды айтыңызшы, маған сенесіз бе?
Мырқал (қадала қарап). Расымды айтсам, мен қазір сен түгіл бірге, туған бауырыма да сенбеймін, так. Соғыс уақыты соны талап етеді.
Сәуле. Онда қойдым сөзді. Ал, ініңізден не хабар бар?
Мырқал. Інісі бар болсын, менде Абзалдан басқа іні бар ма?
Сәуле (ызалы күлкімен). Сіздің жаныңыздай көретін тағы бір ініңіз бар еді ғой, ұмытпасам, аты Нұрлан болар.
Мырқал. Жаппа ондай жалаңды, мен оны еш уақытта жақсы керген емен.
Сәуле. О, онда сіз өзіңізді де жақсы кермейді екенсіз.
Мырқал. Ей, қыз, жыныма тие бермей, тезірек кетсең қайтеді. Мен сені шақырған жоқ едім ғой.
Сәуле. Мен сізге өзіңіздің құдайыңыз Русактың сілтеуімен келдім. Сізде ол алып келген бір листовка бар, соны көрсетіңіз.
Мырқал. Міне, тағы да жала жауып отырсың. (Телефонды ала сала бұрайды.) Маған тресті беріңізші... Коммутатор ма, маған Русак жолдасты тікелей қосыңызшы... Александр Дементеевич тағы да сәлем. Сіздің Қазыбекова деген қызды маған жібергеніңіз рас па?.. Мұныңыз кішкене иелеу сияқты, сәл ойлассақ қайтеді? Солай ма? Онда сөйтсем сөйтейін, сау болыңыз. (Трубканы орнына қояды да.) Мен ол листовканы қолыңа бермеймін, тыңдай бер. Алдымен естігеніңді жан баласына айтпасқа ант етіп қолхат жаз.
Сәуле. Мақұл. (Жаза бастайды.)
Мырқал (ішкі қалтасынан алып бір қағазды оқи бастайды). Отандастар! Тыңдаңыздар! Кекке толы жүрекпен тыңдаңыздар! Қаламыздың қақ, ортасынан жаңа бір індет пайда болды. Ол — Совет өкіметінің ежелгі жауы Роман Данилюк бастаған азғындар тобы. Роман Данилюк кім? Ол — Азамат соғысы кезінде осы Донның даласын жұмысшылардың қанымен бояған генерал Красновтың бандыларының бірі. Шет елге қашып кеткен ақ офицері. Бұл күнде неміс басқыншыларының ең қанды қол жендеті. Оның тобындағы Павел Данилюк кім? Ол — жалған атпен жасырынып келген халық жауы Громовтың баласы, ол — Роман Данилюктің туған жиені. Нұрлан Тайманов кім? Ол — Павел Громовтың ежелгі сыбайласы. Шахтаны немістерге бүтін қалдыру үшін жасырын әрекет жасап келген опасыздың бірі. Венера Громова кім? Ол — халық жауы Громовтың қызы, Отанын сатқан Нұрлан Таймановтың қалыңдығы.
Отандастар! Егер де Отанымыз өздеріңе қарғыс оғын атсын демесеңдер, өлтіріңдер сол азғындарды!
Жасасын отандастар! Жоғалсын Отанын сатқан опасыздар!
Сәуле. Сандырақ! (Телефон шылдырайды.)
Мырқал (Тыңдап). Тайманов тыңдап тұр. Ә, амансың ба, достым. Е, хәлдің несін сұрайсың, тудан айрылдық, соны қайтып аламыз деп мықшыңдап жатқан жай бар. Ол не? Так. Біздің шахтаны ғана тексере ме екен? Так... так... Онысы қалай? Жұмысшылар хат жазыпты. Қайда, кімге?.. Жүмысшылардың атын жамылып жүрген осындағы обывательдер ғой. (Сәулені көзімен атып.) Білем олардың кім екенін, білем. Жарайды, рақмет. А, жоқ, машинаны жеңгең базарға мініп кетіп еді, әлі қайтқан жоқ, жарайды. (Ызаланып, дірілдеп телефонды тастай салады.) Біздің шахтаның жайын Алматыға дейін жазып жүрген кім?
Сәуле. Мен қайдан білейін.
Мырқал. Көрерміз білмегеніңді. (Абзал келеді.)
Абзал. Кіруге болар ма екен?
Мырқал. А... (Өзгеріп.) Неге болмасын, кел, кел.
Абзал. Сәлеметсіздер ме?
Мырқал. Танысыңдар. Мынау — Москвадан оқып, биыл келген Сәуле Қазыбекова деген қарындасың. Бұрын поминженер еді, қазір осындағы ең үлкен участканың бастығы.
Абзал. А, Сәуле дейтін қарындас сіз бе едіңіз? Қуанамын, қарындас, қуанамын. Инженер қыздар көбейе беріңдер, тілектеспін. (Киімін қыстырып келіп қайта орана бере.) Ал, жолдас, участка бастығы. Соғыс кезінде тудан айрылу абырой атақтан ғана емес, ар-намыстан да айрылу ғой, бұл қалай? Намыс қайда? Жігер қайда? Осыған өз жауабыңды берші.
Сәуле (күлімсіреп). Ғафу етіңіз, келе тергей жөнелген ағайдың кім екенін мен біле алмай отырмын.
Абзал. Облыстық партия комитетінін тапсыруы бойынша осы шахтаның, жұмысымен танысқалы келген адаммын.
Сәуле. Аты-жөніңізді білуге болар ма екен?
Абзал. Абзал Тайманов. Басқа сұрауың болмаса сөйле, қарындас.
Сәуле. Не дерімді білмей отырмын. Кейін айтсам қайтеді.
Абзал. Неге қазір емес?
Сәуле. Айтылар сөзден адасып қалдым.
Абзал. Бекер айтасың, қарындас, бекер. Айтқың келгені Мырқал жайы болар да, мен бұл кісінің інісі болған соң, айтылар сөзден айныған боларсың. Оның — нағыз адасу. Туралықта туыстық жоқ. Соны ойла да айта бер.
Сәуле. Егер өз участкамның жұмысы жаман болмаса, не айтамын?
Абзал. Басқалар қандай, соны айт.
Сәуле. Бір ғана біздің участка мұнда жоспарын орындап келе жатқан.
Абзал. Басқалар неге олай емес, әлде оларда жұмысшы аз ба?
Сәуле. Жұмысшы саны бірдей, бірақ бізде донбастықтардың бай тәжірибесін пайдалану, колхоздан келген жас жұмысшыларды үйрету бірдей емес.
Мырқал (ызалы). Кейін бірін де айта алмай қаларсың қазір бәрін де айтып қал.
Абзал. Сіздің қызметкерлеріңіз жасқаншақ қой, бұл қалай?
Мырқал. Немене, мені қарауындағы елді қаһарымен жасқайтын бұрынғының болысы ғой деп отырмысың?!
Абзал. Несіне жасырамыз, ондай мінез кейбіреулерімізде әлі де бар ғой. (Сәулеге.) Иә, қарындас, сөйлей бер.
Сәуле (аз бөгеліп). Егерде бір қарапайым адам, бір өзі елу кісінің, елу емес, бірер жылдан соң бірнеше елу мың кісінің істейтін ісің өзі істейтін көмір комбайнын ойлап шығарар болса, соған сіз қандай жәрдем етер едіңіз?
Абзал. Айтып отырғаның Мирон Павлович қой. Ондай адамнан барымызды аямаспыз, бірақ осы мүмкін бе?
Сәуле. Мүмкін емес дегенді Мырзекең де, осындағы бас инженер де, трестегі Русак жолдас та айтатын көрінеді. Ал, біздер әбден мүмкін дейміз.
Абзал. Бұл өздерін не істеп жатырсыңдар?
Сәуле. Бұл әлі мидың ішінде жатыр.
Абзал. Неге?
Сәуле. Көмушілер бар да, көмектесуші жоқ.
Абзал (Мырқалға). Бұл жөнінде сіз не істеп жатырсыз?
Мырқал. Басқалардан сұрап алып, маған сонсоң кел.
Абзал. Сердюк, тағы басқалардың көмір комбайнын білетін кісі ме бұл?
Сәуле. Әбден біледі, Донбаста жүргенде ол машиналарды көп зерттеген, сондықтан олардың жарамай қалған себебін де біледі.
Абзал. Ол кісіні көруге болар ма екен?
Сәуле. Қазір ертіп келейін.
Абзал. Тоқта. (Ойланып.) Жоқ, келтір, келтір, тақыр бәрін де, инженер, техниктерді, парторг Сафоновты да шақыр.
Мырқал (мысқыл күлкімен). Пай, пай, шіркін жастық-ай. Кейде көзді де байлап тастайсың-ау. Құрметті жолдастар, сіздер көздеріңізді ашып, жан-жақтарыңызға бір қарасаңыздар екен. Осы кабинетте қарақшы ма, әлде кім, біреу отыр. Соған бір көз салсаңыздар екен.
Абзал. Бара бер. (Сәуле кетеді.)
Мырқал. Бұл қай басынғандық. Осы шахтаның бастығы сен бе, мен бе? Менімен келісу жоқ, кеңесу жоқ, шақыр да шақыр, шақыр да шақыр. Бұл не? Менің беделімді түсіру арқылы жинамақ па едің беделді. Қарап тұр, жаңағы сияқты обывательдер елге барып, мен туралы не дер екен енді.
Абзал. Сабыр, сабыр. Менің өз беделім өзіме жетеді. Елді тығыз шақыртуымның сізге зияны тимес. (Жанына келіп.) Әлде сіз, Нұрланға сенбегеніңіздей, маған да сенбейсіз бе?
Мырқал. Ой, Нұрланың бар болсын. Нұрлан, Нұрлан дейді ғой. Байқаймын, соның жат хабары келгеннен бері, кейбіреулер тіпті менің өзімнен де сезіктенетін сияқты.
Абзал. Ол неліктен?
Мырқал. Туысы жаттың өзі де жат дейтін болар.
Абзал. А, ол неліктен?
Мырқал. Неліктені қалай? Өзің Нұрлан жайында Русактың не деп келгенін есіттің бе?
Абзал. Есіттім. Тіпті, өз аузынан есіттім.
Мырқал. Енді не айтып отырғаның?
Абзал. Оның сөзі құлағыма кірген жоқ. Өйткені, Нұрланның ондай жолға түсуі мүмкін емес.
Мырқал. Мен де солай ойлаймын, бірақ ол әлгі Сәуле деген қыздың күйеуімен ете дос екен. Сол азғырып әкетті ме деген ой жеңе береді.
Абзал. Сәуленің күйеуі кім еді?
Мырқал. Сол Нұрланмен бірге оқыған Павел Громов дейтін. Нұрлан соның қарындасын алмақшы екен.
Абзал. Оны кімнен естідің?
Мырқал. Солармен бірге оқыған осында Перизат дейтін қыз бар. Кейбір сөздеріне қарағанда, ол қыздың
өзі бізге келін бола жаздап барып қалған сияқты. Нұрлан осыны аламын деп жүріп, сол Павел дегеннің, қарындасына ауып кеткен сияқты.
Абзал. Қызға ауған көңіл неміске де ауа ма екен? Осындай сөзді айтудың өзі ұят емес пе.
Мырқал. Сенің бұл сөзің қимағандық па, жоқ әлде...
Абзал. О, қойыңыз енді. (Мырқалдың қасынан тұрып кетеді.) Есіңізде болсын, Нұрлан мені мен сіз емес. Оның жүрегі біздің жүрегімізден үлкенірек, ондай жүрек фашистердің шеңгеліне сия қоймайды.
Мырқал. Онда қойдым.
Абзал. Қойсаңыз сол. Уақыт аз қалды, әлгі айтылған кісілерді тезірек келтіріңіз.
Мырқал. Олармен не жайында кеңеспексің?
Абзал. Мирон Павловичтің комбайны жайында.
Мырқал. А, ондай мәжілісте мен жоқпын. (Кетуге әзірленеді.)
Абзал. Бұл не сөз?
Мырқал. Менің есім әзірше cay, қайдағы бір есі ауысқан шалдың сандырағына кетіретін уақытым жоқ.
Абзал. Мына сөзіңіз есі саудың сөзі емес, тоқтаңыз.
Мырқал. Мен өзгенің ақылымен бай болғаннан, өз ақылыммен кедей болғанды жақсы көремін. (Кетеді.)
Шымылдық
ЕКІНШІ ПЕРДЕ
Үшінші сурет
Қазыбектің үйі. Перде ашылғанда Сәуле жалғыз, жұмыс үстінде отыр. Аздан соң көрші бөлмеден Баян келеді.
Баян. Күнім-ау, түні бойы көз ілген жоқсың, дем алу дегенді мүлдем ұмыттың, бүйтіп жүріп аурулы боласың ғой, бір мезгіл дем алсаңшы.
Сәуле. Дем алатын күн алыста тұр-ау, апа. Тым болмаса мына комбайнды тез бітірсек екен.
Баян. Тіл ал, күнім. Өзің күннен күнге жүдеп барасың. Дулат болса хабарсыз кетті, көкең екеуміздің, сенен басқа енді кіміміз бар, өз жайыңды да бір ойласаңшы.
Сәуле. Aпa, мені жүдемесін десеңіздер, кеп қайғыра бермеңіздер.
Баян. Қойдым, күнім, қойдым. (Тұрып барып Дулаттың суретіне қадалады.) Дулатым, ботақаным, қайда кеттің, қайда екенсің, жалғызым. Сағындым ғой, зарықтым ғой, ботам! (Диван үстінде жатқан кішкене жастықты құшақтап.) Кетер күні таңертең дәл осы жастықтың үстінде жатып: «Апатай, енді көрем бе, көрмеймін бе» деп едің-ау құлыным. Енді өзің түгіл бір ауыз хабарыңа зар болғаным мынау.
Сәуле. Aпa, жаңағы бір тілегім осы еді сізден. (Есікке беттейді.)
Баян. Күнім-ау, тамақ ішпестен қайда кеттің?
Сәуле. Мирон Павловичтің үйіне кіріп шығамын. (Кетеді.)
Баян. (Телефон шылдырайды, жақындап). Бұл шүлдірлектің тілін білмеймін, енді қайттым? (Телефон қатты безілдейді.) Ой, Тайман Құсаған шіркін, бар-бар етіп қайтеді. (Трубканы алып тыңдайды.) Қойсайшы үздікпей. Бұл кім өзі? Бөлекбас! Ол кім? Е, е, әлгі бұйра бас бала екенсің ғой, айта бер, Күнім, айта бер. Кім дейсің? Темір! Ол кім! Қайдағы Күйеу бала? Сайдақтың Темірі! Сұмдық-ау, не дейді? Көкесі, әй көкесі. (Екінші бөлмеден Қазыбек келеді.)
Қазыбек. Ол кім?
Баян. Ойбай, көкесі, кел мұнда. Мына бұйра бас бала бір сұмдықты айтып тұр. Сайдақтың Темірі келіпті, осы үйге барады дейді. Келмесін, көрсетпесін қарасын, мә, сөйлес тезірек.
Қазыбек. Сайдақтың Темірі дейді, рас айта ма? (Трубканы алып.) Ә, Бөлеш, саумысың? Ол кім? Е, байғұс, ол айдаудан қашан қайтыпты? Ал, сонан бері қайда жүрген? Әй, рас болса жақсы-ау, шырағым. Өзі қайда? Парткомда отыр? Е, мұның да жақсы хабар екен... Қашан келмек дейсің? Ертең деймісің? Е, келсін, келсін деп айтты де. (Телефонды қояды.)
Баян. Жоқ, ойбай келмесін де, жалынамын, көкесі, келтірме оны. Ол мұнда жақсы ниетпен келгелі отырған жоқ.
Қазыбек. Сабыр, кемпірім, сабыр. Дос болса құшағыма кірсін, жау болса сырттан торымасын, келсін қайта. Оның айдаудан қайтуына әлі үш жыл бар еді, жаңағының айтысына қарағанда, ол мұнан жеті жыл бұрын босап, сонан бері әскер қатарында жүрген көрінеді.
Баян. Бетім-ау, сен соған сеніп отырмысың?
Қазыбек. Басқасына сенбесем де, жазықсыздығына сенемін.
Баян. Жазықсызың не айтып отырған? Ол өзінің нағашысын өлтіргендігі үшін сотталған жоқ па еді?
Қазыбек. Иә, сол үшін сотталды. Бірақ ол кісі өлтірсе де кінәсіз еді. Ол сотта нағашысын не үшін өлтіргенін айтқанда мен өзіме-өзім ие бола алмай, егіліп жылап жіберген едім.
Баян. Соның қара сиыры сен екеуімізді көрде де тыныш жатқызбас-ау. Тек, кесіріміз Сәулетайға тимей кетсе екен.
Қазыбек. Қара сиыр түк те емес-ау, кемпірім. Сайдақ марқұмның өлігінің үстінде тұрып айтқан менің антымды айтсаңшы. Сол ант шемен болып жиырма жылдан бері іште әлі жатыр.
Баян. Қайдағы ант тағы да?
Қазыбек. Өлерінің алдында қолымды ұстап: «Жалғаннан тілер жалғыз тілегім бар, оны сенен ғана тілеймін, Қазыбек. Темірімді жетім деп Сәулені бермей кетіп жүрме, бересің бе осы тілегімді?»— дегенде, мен: «беремін»,— деген едім. Сол минутта оның: «Енді менде арман жоқ»,— деуге ғана шамасы келген еді, қимас қымбат достың өлер алдында айтқан сол бір сөзі есіме түскен сайын жазықсыз кеткен жас баласын есіркеп жүрегім әлі қан жылайды.
Баян. Беу, байғұс-ай, Сайдақ десе сарнай қалатының-ай сенің. (Шығып кетеді. Қазыбек қайтадан төргі бөлмеге кетеді. Аздан соң Сайран, Шекерлер келеді.)
Сайран. Сонда мен сен үшін әрі жұмыс істеп, әрі машина үйреніп, әрі бұлардың комбайн жасауына көмектеспекпін бе?
Шекер. Енді қалай, іздегенің осы емес пе еді?
Сайран. Өлмейміз бе онда.
Шекер. Өлсең қайтер дейсің, терең қазып тұрып көмерміз.
Сайран. Өлсем өлейін, тек (әндетіп.) Қозы Көрпеш Баяндай,бір молада өлсем-ау сенімен. (Шекерді құшақтамақ болады.)
Шекер (жақтан тартып жібереді.) Міне, сенің Баяның. (Сәуле мен Мирон келеді.)
Сәуле. Бұл не жанжал?
Шекер. Мына біреу сандырақтап.
Сәуле. Мирон Павлович, қатесі болса кешірерсіз. Түнімен отырғанда тапқаным осы болды, қарай беріңіз. (Сайранға.) Сен не деп едің?
Сайран. Жай әншейін, екеуміз қашпаған қашардың уызына мас болған Есбалақтың есеріне ұқсап тұрмыз. Комбайнды ең алдымен мен жүргізем десем, соған бұл қыз қиқайып көнбейді.
Сәуле. Қайдағы комбайн?
Сайран. Мынау сіздер жасағалы жатқан комбайн ше.
Сәуле (екеуін бірдей құшақтап). Қос қанатым менің, өтірік емес, шын талассаңдар екен тек. Біз оны жасап шығып, сен екеуіңнің көмірді селдей ағызғандарыңды бір көрсем, барлық жара жазылар еді.
Сайран. Ондай күнге жетсек, той жасар ма едіңіз?
Сәуле. Жасар едім. Бір емес, екі той жасар едім. Ол үшін сен Шекердің тілін алуың керек.
Шекер. Бұл ұрған сайын семіре беретін борсық секілді, тілден көрі таяқты сүйеді.
Сайран. Тілінді беріп байқасаңшы...
Шекер. Осы комбайн жасалмай кетсе де шықшы өзің.
Сәуле. Шекер, әзілге әзілмен жауап бергенің жөн.
Сайран. Ұрыспай-ақ, қойыңыз, сізге көз ғып тұрғандағысы ғой. Әйтпесе мені сізден де жақсы көреді.
Шекер. Тфу, ұятсыз. (Шығып кетеді.)
Сәуле. Орынсыз қылжақты сен де қой. Ерге лайық әзілің болсын, езге лайық қылығың болмасын. Ел сүйсінер қадірің болсын, ер жігітке сол лайық. Өзің елді сүйсең, өзіңді ел сүйсін десең, еңбек ет. Сонда сені сұлу жар да, абырой-атақ та өзі іздеп келіп табады. Соны ұмытпа, бар, дем ал. Ертең жұмысқа кірісеміз. (Сайран кетеді.)
Мирон. Рақмет, қызым, рақмет. Ғылымсыз тәжірибенің, тәжірибесіз ғылымның күні қаран. (Қазыбек келеді.)
Қазыбек. Дәл осы отырыстарыңыз тіпті ұнап тұрған жоқ. Мырқал көнбесе, обкомге айтып, алдымен жағдай жасатып алмайсыздар ма бұл?
Мирон. Саспа, құрметтім, саспа. Алдымен біз макетін жасап алайық, сонсоң обкомның алдына өзіне лайық үлкен талап қоямыз. Ал, көмектесетін адамды өзіміз іздеп таппасақ, әзір ешкімді бермейтінін Абзал ескерткен. Бізді қинайтын сол ғана.
Қазыбек (сәл ойланып). Тіпті ешкімді таба алмасаңыз, қайтадан жұмысқа түскелі жүрмін, мені сіз алыңыз, Мирон Павлович. Есіңізде болсын, мен отыз жыл ұста, он жыл механик болған адаммын. Аурулы болғандықтан былтыр ғана пенсияға шыққанмын. Енді үйде отыра алатын емеспін. Сізге көмектесуге кәміл жараймын, .
Мирон (Қазыбектің қолын ұстай алып). Рақмет, достым, рақмет. Сәуле екеуміздің айтқалы келген шаруамыздың өзі осы еді. Бірақ келерін келсек те, сізді аяғандықтан айта алмай отыр едік.
Қазыбек. Мені аямаңыздар, сонау жаумен алысып жатқан бауырларды аяңыздар.
Сәуле (әкесін құшақтай алып). Көкетайым менің. (Қайтадан Миронға жалт қарайды.) Менің көкеме еңбек-ақының да керегі жоқ. Өз пенсиясы өзіне жетеді. Мырзекеңе де енді жалына қоймаспыз. (Сайран жүгіріп келеді.)
Сайран. Мирон Павлович, обкомнан біреу телефонға шақырып тұр.
Мирон. Мен енді обкомға да мақтанып баратын болдым.
Қазыбек. Мақтана беруіңізге болады. (Мирон мен Сайран кетеді.)
Сәуле. Көке, ұят та болса бір сыр сұрайын, жасырмай айтыңызшы.
Қазыбек. Сұрай ғой, ботам.
Сәуле. Осында Темір деген біреу келіпті, ол кім?
Қазыбек (аз ойлап ауыр күрсінеді). Айтайын, ботам, тыңдай бер. Жас кезімде менің Сайдақ дейтін досым болды. Ол кезде біздер ағылшын байларының жұмысын істейтінбіз. Ағылшындар Совет үкіметінен қорқып, алғаш қашқанда шахтаны құлатып, бізді тірідей көміп кетті. Бірақ жүмысшы деген халық ұйымшыл, қайратты халық қой. Сол Сайдақ бастаған бір топ жұмысшылар, құлаған шахтаны демге жібермей, аршып, біздің бірсыпырамызды тірідей құтқарыпты. Ол кезде мұндай үй жұмысшылар түгіл ағылшын байларында да болмайтын. Сайдақ екеуіміз бір бөлмелі жер үйде тұрушы едік, жұмысшылар мені шалажансар күйімде сол үйге алып келіпті. Бір кезде есімді жиып, көзімді ашсам құлағыма бір нәрсенің даусы келеді... ол сенің даусың екен. Мен өлім құшағында жатқанда, сен өмірге келген екенсің. Сол қуаныштың үстінде Сайдақ екеуміз анттасқан едік. Онан арғысын сұрап қинама әкеңді.
Сәуле. Ол үшін несіне қиналасыз?
Қазыбек. Сен емес қинайтын, балам, ескіліктің салған бір жарасы. Оны қазір айта алатын да емеспін, кейін естірсің бәрін де, қинама әкеңді, қинама. (Шығып кетеді.)
Сәуле (жалғыз, ауыр ойда). Бір басымның қайғысы бұрын үшеу еді, енді төртеу болды. Бәріне қарсы қоярым — сенімі берік жүрегім. (Пианино ойнап, ән салады.) Нұрлан салатын, сүйіп салатын ән. Әні мұнда, өзі қайда? Кім бар жауап беретін кім бар? (Омырауында Қызыл Ту ордені бар, қолында таяқ, ақсаңдай басып Темір кіреді.)
Темір. Мен бармын.
Сәуле (жалт қарап, ұшып түрегелді.) Ғафу етіңіз, мен сізді байқамаппын. Кешіріңіз.
Темір. Ондай кінәден мен де сау емеспін. Аңсаумен алысып келсем де, кіруге ерлігім жетпей сыртқы есікте тұр едім. Жаңағы бір салған әнің құлағыма келді де, еркімді билеп әкетті. Соның салдарынан рұқсат сұрауды ұмытып, баса-көктей кіріп келдім, ол кінәмді сен де кеш. Келші, Сәулем. (Құшағын жаяды, Сәуле кейін шегіне береді.) Бұл қалай, амандасу да көп болды ма?
Сәуле. Біздің амандасуымыздың мәні басқа болар. (Қолын ұсынады.)
Темір. Қолына қолым тиген соң, еркімді ернім билесе, оған мен айыпты емеспін.
Сәуле. Еркіндіктің қадірін білгендей болған шығарсыз. Қадірсіз іске бара кермеңіз.
Темір. Менің саған құшақ жайып тұрғанымның өзі еркіндікті бағалап құрметтегендік емес пе? Есіңде болсын, мен Құдалықтың құрығын салып тұрғаным жоқ, жүрегімнің бұйрығын айтып турмын.
Сәуле. Төрге шығыңыз, отырыңыз.
Темір. (қадала қарап, аз үнсіз отырады). Сенің кім екеніңді, сипатыңның қандай екенін, ел қонып, ебелек ұшқалы ұрынын, ғана мекені болып келген бір елсіз таудың басында қарауыл қарап отырып ұры нағашымның аузынан естіген едім...
Сәуле (Күлімсіреп). Естіген жеріңіз де, кісіңіз де айтарлық емес екен.
Темір. Сен олай десең, мен сол жерді де, сол нағашымды да мәңгі ұмытпаймын. Өйткені, сол күннен бастап сен менің арманым болдың. Сол күннен бастап мен саған жетер бақыт жолын іздедім.
Сәуле. Онда бақыт жолын қан төгумен іздегеніңіз қалай?
Теміp. Есіңде болсын, мен қан төксем де кінәсізбін.
Сәуле. Мұныңыз бір жаңалық екен. Онда кісі өлтірушіні не деп айтамыз?
Темір. Тыңдап ал да, уға біл онда. Неге екенін білмеймін, сені естіген сәттен бастап, көрсем деген бір аңсау көкейімнен кетпеді. Көріп қана қайтайын деп төрт Күн бойы жалындым. Қанша қақсап зарласам да, сенің барар елің жоқ деп қайыспады нағашым. Оның бұл сөзінен өзімнің ең бақытсыз жолда жүргенімді сезіп, бесінші күні елге қарай қашып едім, нағашым қуып берді. Екеуара бір мылтық болатын, ол менде еді. Атайын десем қимаймын, атпайын десем, мінезі белгілі, ол мені қияды. Екі аттың сыры екеуімізге де мәлім, оның астындағы ат еті қызғаннан кейін жетпей қоймайды, жетсе болды — мен өлдім. Соны ойлап қорыққанымнан «Жан керек болса қайт!»—деп едім, онан сайын өршеленіп, атына қамшыны баса түсті. Амал жоқ, мылтықтың аузын кейін қаратып кездеместен бір бастым да, жөнеле бердім. Бір кезде артыма қарасам, нағашымның аты келеді, өзі жоқ. Ұры болса да он жыл асыраған адам ғой, елімге қимай қайта барсам, ол қызыл ала қан болып өлім халінде жатыр екен. Мен естен танып аттан құлап түстім. (Күрсініп.) Міне, менің бар істеген қылмысым.
Сәуле. Сіз сол үшін сотталдыңыз ба?
Темір. Сол үшін деуден көрі сен үшін десем, дұрыс болар! Өйткені, мен оны саған жету үшін өлтірдім ғой. Есінде ме, сол күні мен сіздің үйге бір келіп кеттім ғой.
Сәуле. Есімде.
Теміp. Бірақ сендер менің кім екенімді білмеген едіңдер. Нағашым сені айдың қиығынан жаралған болар деп мақтаушы еді, сол күні сен маған Күн секілді көріндің. Сол күнгі нұр сәулетті Сәуле қайда жүрсем де көз алдымнан кеткен жоқ. Сол күнгі жүрегіме түскен отың қайда жүрсем де өшкен жоқ. Бүгінгі күні алдыңа әкеліп отырған да сол бір Күнгі жалының. (Аз үнсізден соң.) Иә, мен сотталдым. Бірақ сот он жылға кессе де, Жоғарғы сот мені алты айға жеткізбестен босатып жіберді. Өйткені мен оларға арыз жаздым. Дұрысында арыз-емес, он сегіз жылдық өмірімді жаздым. Өскен ортамды, көрген тәрбиемді, істеген қылмысымды жаздым. Мен өлтіргенде нені өлтірдім. Келешегімді кеспек болған кеселді, бақытымнан айырған сорды өлтірдім. Мен қайдан қайда қаштым? Жаманшылықтан — жақсылыққа, бақытсыздықтан — бақытқа қаштым. Егер де мен оны істемесем, өзім сол ұры нағашымның соңынан еріп өмір бойы бақытсыз өтетін едім. Егер әке-шешеден жеті жасымда жетім қалып ұры нағашымның қолында өспеген болсам, ондай күйге түспеген де болар ем. Мен соны жаздым. Осы шындықты айтқаным мені құтқартқан.
Сәуле. Сонан бері қайда жүрдіңіз?
Темір. Еркіндікке жеткен қуаныштың үстінде: «Осы үкімет мені не үшін есіркеді, мүмкін, менің жетімдігімді ескеріп есіркеген болар; мүмкін, менің болашағымнан үміт еткен болар» деген ойға келдім де, жас шағымды гол үмітті ақтау жолына құрбан етпек болып, өнер іздеп кеттім. (Аз уақыт үнсіз.) Әлдекімді зарыға Күткендей жаның Күрсінуде ме, қалай өзі?
Сәуле. Мүмкін.
Темір. Онда соны ести отырайық, ол кім еді? Сәуле деген атыңды жүрегіне нұр еткен Темір ме ол күткенің, жоқ әлде басқа ма? (Күлімсіреп.) Бұл соғыс кейбір санасы саяз қыздарды жомарт қып жіберген көрінеді, сен де соның бірімісің? Солай болар деп ойлаймын, өйткені, соғысқа дейінгі Сәулені сәулетті Күйінде деп естігенім бар еді.
Сәуле. Бір көріскен ағадан мұндай ащы, ауыр сөзді естимін деген жоқ едім. Әттең ағаны сыйлайтын әдетім жібермей тұр еркіме. Әйтпесе, сөзіңіздің орайына—түріңіз жаңа болғанмен, жүрегіңіздің әлі ескі екенін жасырмай-ақ айтар ем.
Темір. Жараның аузын ашқан болсам, айып етпе, сүйіктім. Сыпайылықты ұмытып кетіппін. Сөзім дөрекі, мінезім ожарлау екенін өзім де сеземін. Ағат сөздер айтылып кетсе, бір сапарға кешіре сал.
Сәуле (аз уақыт үнсіз). Тағы айтарыңыз бар ма?
Темір. Бар айтарым сол — он жылдан бері жүрегімді жеген ауыр дерттен енді мүлдем айықпақпын. Оған пе дейсің?
Сәуле. Тілектеспін, барлық дерттен мәңгі бақи айығыңыз, менің дейтінім сол ғана.
Темір. Ақ Сәуленің ақ ниетінен шыққан тілек болсын деп мен де тіледім.
Сәуле. Шындықтан басқа сенерім де, сүйенерім де жоқ шын тілегім сол.
Темір. Шындыққа мен де бас ұрдым. Бірақ сен жеркенетін Күнәнің бәрінен де арылып, алдыңа келіп отырмын. Дәл мұны тілемеген боларсың.
Сәуле. Тілемесем де, күнәдан арылғаныңызға ризамын. Майданға барып абыроймен қайтыпсыз, оныңызға шексіз қуанам. Мұнан да абыройлы, мұнан да бақытты болуыңызға тілектеспін. Менің қашан да болсын айтарым осы.
Теміp. Мың мәртебе алғыс мұныңа. Бірақ алдағы бақытымның кілті сенің қолыңда тұрса қайтемін?
Сәуле. Ол кілтіңіз жоғалған кезде келдіңіз...
Темір. А, солай де. Алыстан тілеп ұшсаң да, тары да жер соқтың де. Жөн, жөн. Жаңа түсіндім, жаңа сездім сырыңды. Онда бітпейтін жара салған екенсің жаныма.
Сәуле. Әлдекім үшін жаныңыздың жаралы болуы қалай?
Темір. Сен маған әлдекім бе едің? Қате айтасың, әлдекім үшін өз жанын өзі азапқа салатын мен де есуас емеспін. Өмір мен өлім шайқасында, жеті мың метр биікте жүріп, жау самолетіне атқан тұңғыш оғымды да, көк жүзінде жараланып жүріп жауға атқан соңғы оғымды да «Отаным үшін», «Сәулем үшін!» деп атқанмын. Көктен құлап, естен танып жатқанда да жүрегімде жатқансың, кеткен жоқсың есімнен. Өткен өмірімнің өткеліне көз салсам, нелер асулардан асыппын, соның бәрінен алып ұшқан қанатым сен екенсің ойласам. Енді қанатым қиылған болса, қайда барып құламақпын.
Сәуле. Темір аға, сіз маған не айтсаңыз да мен сізге бір ауыз қатты сөз айта алатын емеспін. Тек, мен үшін де, өзіңіз үшін де бір нәрсені қатты ескеріңіз. Әкелеріміз Қарабай мен Сарыбайдың жолын қуған екен деп өзіміздің кім екенімізді, қай дәуірдің адамы екенімізді ұмытып кетпейік. Ендігі айтарым сол ғана. (Телефон.) Мен тыңдап тұрмын, саламатсыз ба, жақсы... бар, осында. Қазір (Темірге.) Темір аға, сізді райком секретарь! сұрап тұр.
Темір (трубканы алып). Темір Петрович мен. Жұрт әлден жиналып қалды ма? Мақұл, қазір жетемін, қазір,
Сәуле. Ағай, Петрович аталуыңыз қалай?
Темір. Ол өзімді ұшқыш етіп есірген әкемнің аты.
Сәуле. Мұныңыз да бір тамаша екен!
Теміp. Сәулеш, осы үйге келуім қиын болып еді, кетуім онан да қиындап тұр. Қош деген сөзді айта алар ма екенмін, сірә.
Сәуле (сәл басып келіп, Темірдің қолын ұстайды). Сыртыңыздан қанық ем де, танып ем, тая баспай дәл тапқан секілдімін. Жандай жақын жары бар, жардай қымбат досы бар бақытты бір жан болайын, өмір бойы құрмет тұтып аға деп етейін, беріңіз осы тілегімді.
Темір. Жоқ, сүйіктім, мен жаңа не айттым, соған ойлана бір қарасаң — мендегі жан сырына өзің де түсінерсің, қош! (Жалт беріп шыға жөнеледі. Сәуле соңынан жүгіре бере, тоқтап қалады.)
Шымылдық.
Төртінші сурет
Абзалдың үйі. Күн кешкірген кез. Шымылдық ашылғанда көрші бөлмеден әлдекімдердің Күлкісі естіледі. Сахнада жалғыз Сайран отыр, оның қолында домбыра.
Сайран (домбыраға қосыла әндетіп). Шекер... Шекер... (жоқ, болар емес,)
Шекер, Шекер ай сұлу,
Сенен асар қай сұлу,
Сен бір жалын қызыл шоқ,
Жүрегіме салдың от.
Шекер келіп есік көзіне тұра қалады. Сайран оны байқамай сол еленді қайталай берген кезде Шекер күліп жібереді.
Шекер. Шіркін-ай, бұл өлеңді қай кітаптан ұрлап алдын. екен.
Сайран. Әттең ұрлай алмай қор болдым ғой, егер ұрлай алсам бүкіл жиһандағы ең атақты ақындардың ең асыл өлеңдерін ұрлап алып, бір ғана саған сыйлар едім.
Шекер. Ол дүниеге барған соң ұрларсың, әзірше Сәуле тәтемді шақырып жіберші.
Сайран. Мемлекет мәселесін кеңесіп отырған адамды шақыратын мен ақылсыз емеспін.
Шекер. Енді қайттым? Үйге Темір келіп еді, оның Сәулемен бір тілдеспей кететін түрі жоқ.
Сайран. Темір?.. Жоқ, қайта Сәуленің оған көрінбегені жақсы. Ол кемпір мен шалдың жанында отыра беруге жалығады да кетеді. Онан да сен Абзал ағаның Алматыдан әкелген жаңалығын тыңда.
Шекер. Ол не?
Сайран. Әзірлене бер. Біріншіден, мына біздің Мирон қарттың комбайының облыс басшылары да қолға алатын болыпты.
Шекер. Онда тез бітеді екен ғой.
Сайран. Тез біткенде қандай, сен де тез үйрен. Ол бітісімен, екеуіміз көмірден таулар жасаймыз. Екіншісі, айтуға сөз жетпейді әзірлене бер.
Шекер (ынтыға түсіп). Ол не?
Сайран. Он жетіге толған қыз бен он сегізге толған жігіттер бүгіннен бастап бойдақ жүрмейтін болыпты. Сірә, солар сен екеуіміздің некемізді бүгіннен қалдырмай қиятын болар.
Шекер (оның құлағынан ұстай алып). Мүмкін, сол некенің жолына мынандай құлақты жұлатын болар,
Сайран (алғашқы әнін әндете бастайды).
Шекер, Шекер ай сұлу,
Сенен асар қай сұлу...
Көрші бөлмеден Мирон, Абзал, Тайман, Сәуле келеді.
Мирон (сөйлей келеді). Сіздің бұл сөзіңізден мен ерліктің кілті достықта екенін ұқтым-ау, Абзал Тайманович.
Абзал. Ол ғана емес, біздің елдің ең берік қамалы да сол достық. Жау біздің талай тас қамалымызды талқандап өтті, бірақ достығымызға қылау түсіре алған жоқ. Қайта біздің елдің достығы шыңдалған сайын шымырай түсетін болат темірге ұқсап, жау соққысы тиген сайын шымырланып кетті.
Мирон. Ғажап, ғажап! Ойлаған сайын біздің елдің ғажап екенін көре түсесің.
Абзал. Иә, ғажап ел. Оның қаһарындай қаһар, оның намысындай намыс, оның ерлігіндей ерлік, оның дарындылығындай дарын ешбір елде жоқ. Соның бір куәсі — сіздерсіздер. Сіздер ертеңнен бастап жаңа заманның жаңа құралын жасағалы отырсыздар. Бұл — бүгін жауды жеңуге қандай керек құрал болса, ертең өмірімізді өркендетуге де сондай керек құрал. Сондықтан, сіздер бұған бір кісідей жұмылуымен бірге барлық ақыл-ойларыңызды жұмсай біліңіздер. Ол үшін достықтарыңыз күшті болсын.
Сайран. Бұл үшін обкомның да көмегі керек секілді-ау, Абзал аға.
Абзал. Обкомның ғана емес, Орталық Комитеттің. де көмегі әзір. Ендігі істің тетігі Сәуле мен сізде Мирон Павлович. (Сайран мен Шекерге.) Сен екеуіңнің бұл машинаны осы бастан үйрене бастағандарыңа қуанамын. Бірақ өздерің ғана үйреніп қоймай, басқа жастардың да үйренуіне көмектесіңдер.
Сайран. Өзіміз біреуден үйреніп жүріп, біз кімді үйретпекпіз?
Абзал. Үйрену бар да, үйрене жүріп үйрету бар. Мұндағылардың көпшілігі — өздерің секілді өндіріске жаңа келген жас балғындар, соларға үлгі болыңдар.
Сайран. Қолынан келсе кімнің құдай болғысы келмейді дейсіз.
Абзал (Миронға). Тағы да ескертемін, мұндай үлкен істің шахтаның мехцехында жасалуы мүмкін емес, сондықтан макетын жасап заводқа беретін болыңыздар.
Мирон. Жоқ, құрметтім. Өзіміз сынап алмай, өзгені әуреге салалмаймыз, тек Сәуле екеумізді жұмыстан уақытша босатыңыздар.
Абзал. Егер біріңізді де, бір күнге де босатуға болмаса ше?
Мирон. Онда тез бітіреміз дей алмаймын.
Сәуле. Мен қазір, боса да, жұмыссызбын ғой, Мирон Павловичтың көрсетуі бойынша макетін қолға ала берсем қайтеді?
Абзал. Ұят, Сәуле, ұят. Он күннен бері жұмыссыз жүргенін қандай ұят болса, мұны айтуың онан да ұят.
Сәуле. Істер лажым болмаса қайтейін?
Абзал. Лажың неге жоқ? Партия мен өкімет орындары қайда? Оларға неге айтпадың? Неге бұздырмадың ондай оспадар бұйрықты?
Тайман. Шырағым-ау, ол бұйрық өзіңнің ағаң Мырқалдың бұйрығы ғой, теріс болса келдің ғой, неге бұзбайсың?
Абзал. Әке, ондай бұйрық кімдікі болса да бұзылады.
Тайман. Сөйтші, шырағым, менің айтқалы отырған тілегім сол еді.
Абзал (Миронға). Солай, қария. Сәуле кеткелі ол участка жоспарын екі-ақ күн орындапты. Сізді босатсақ, бұл шахтаның онан да кері кететінін сонан байқай беріңіз.
Мирон. Әрі жұмыс істеп, әрі мұны бір жылдың ішінде бітіру мүмкін емес. Тіпті миға сиятын емес. (Аз үнсіз.) Қызым, сен не дейсің?
Сәуле. Мен не дерімді біле алмай отырмын. (Абзалға.) Көшеден бері Перизат та жаман емес, участканы әзірше сол басқара тұрса қайтер еді. (Перизаттың аты аталған кезде Мирон мен Тайман жарыса қол сермейді.)
Сайран. Абзал аға, сізге бір сұрау. Бұлбұлы жоқ жердің қарғасы бұлбұл болып сайрайтыны рас па?
Абзал. Бұлбұл жоқта қарғаның бұлбұлмын деп ойлауы мүмкін, сайрауы мүмкін емес.
Сайран. Ендеше, бұл да сондай. Перизаттың Сәуледей болуы мүмкін емес.
Мирон. Өте дұрыс айттың, Сайраным. Сауданы қояйық, қызым. Күндіз шахтада істесек, түнде мұны істейміз. (Абзалмен қол алысады.) Тәуекел.
Тайман. Әй, кәрі қыраным-ай, қанатын бір-ақ қақты-ау. Мен де қостым тілегіммен бірге білегімді! (Қол соғады.)
Сайран (үшеуінің қолының үстіне әкеліп қолын ұрады). Менің де айтарым сол!
Шекер. Іске сәт!
Сәуле. Бәрімізде бір ғана тілек — Отан тілегі болсын.
Мирон (Абзалға). Қиналамыз, қиналсақ та бұл сенімдеріңізді ақтап шығамыз.
Абзал. Бүгінгі Күні қақпамызға тиіп жатқан соғыстың соққысы ертеңгі ұрпақтарымыздың бесігіне де тиіп жатыр. Соны еске сақтаңыздар жан аяуды ұмытасыздар, қош болыңыздар.
Мирон. Қызым, кеттік! (Сәуле оны қолтықтай жөнеледі. олармен бірге Шекер де кетеді.)
Сайран (Тайманға). Орыстың өзіңіздей шалын көрдіңіз бе, құдайдың да қолынан келмеген кереметті жасағалы жүргенін.
Тайман. Сөзді қой да жүр, Мироннан үйренген комбайыныңды маған да үйрет.
Сайран (оның құлағына күбірлеп). Шекердің бетінен бір татып келейінші.
Тайман. Бара ғой, тата ғой. (Сайран жүгіріп кетеді. Тайман басын Күрсіне шайқап.) Шіркін жастық-ай, жай оғындай жүйріксің-ау. (Өз бөлмесіне кетеді. Абзал радионы сөйлетеді. Радиода Тәттімбеттің «Саржайлауы». Абзал соны тыңдап диванда газет оқып жатыр. Аздан соң сырттан екпіндей басып Мырқал келеді. Ол келе радионы тоқтата салып, Абзалға жақындайды.)
Мырқал (ашулы дауыспен). Көтер басыңды. Мен сенімен тұпа-тура ашық сөйлескелі келдім.
Абзал. Сөйлей беріңіз.
Мырқал. Орловқа мені жамандаған сен ғой, ә?
Абзал. Не деп?
Мырқал. Не дегеніңді өзің білесің де. Оны былай қоя тұрайын, сен бүгінгі бюрода не айттың осы? Соғыс кезінде ондай сөздің қандай адамның аузынан шығатынын білесің бе осы?
Абзал. Өзім айтқан сөз болса, неге білмейін.
Мырқал. Ант етейін, сен білмейсің, білсең, ондай сөзді айтпас ең так. Мені сынағаның басқалардың көзін алдау болсын. Ал, Русак жолдаста нең бар тиісіп. Өзің қайда лағып бара жатқаныңды сезесің бе?
Абзал. Алдымдағы ағасыз, адасқан болсам жөнге салыңыз.
Мырқал. Салсам саламын, әдейі салғалы келдім. Сен бар ғой ә, тұп-тура сен. (Не дерін білмей.) Иә, сен қияли болып барасың.
Абзал (Күлімсіреп). Әй, табаныңыздың бүрі жоқ-ау. Айтайын дегеніңіз «ұлтшылсың» деу еді, оны да айта алмадыңыз, ә? Ол — күншілдердің бірін-бірі жамсатып келген қара шоқпары ғой, айта беріңіз, олай деуге дәлеліңіз қандай?
Мырқал. Басқа дәлелді былай қояйын, бүгінгі сөзіңнен талай сұмдықты табуға болады, так. Әсіресе, Русак туралы айтқан сөзің бар ғой ә, ертең өзіңе кесел болып жабысатыны сөзсіз, сендейлердің талайын көрген қу мүйіз. Оның бір шайқауынан қалатын сен жоқсың, так. Егер ол інісінің азғындығын ашқаным үшін өшігіп жүр десе де, кеттің ғой су түбіне.
Абзал. Бар айтарыңыз осы ғана ма?
Мырқал. Ол онымен тұрсын, сонау Қазыбектің кесірлі қызын қорғап нең бар? Қызарған қызыл бетіне қызықтың ба? Сафонов екеуің оны қызғыштай қори беріңдер, бәрібір мен ол қызды ертең соттатамын.
Абзал. Ол не үшін?.. Мырқалды сынағаны үшін бе?
Мырқал. Оны өзім білемін.
Абзал. Болдыңыз ба?
Мырқал. Бұл жерде бөтен ешкім жоқ, осының бәріне как большевикше жауап берші.
Абзал. Болсаңыз үйіңізге барып ұйықтаңыз да, ертең ертемен сол Сәуле туралы берген бұйрығыңызды бұзыңыз.
Мырқал. Мм... м... Ол бола қоймас.
Абзал. Болғанда сол болар. Ол ғана емес, менің сізге берер кеңесім: шахтаны басқару жұмысын да сол Сәулеге бергеніңіз жон.
Мырқал. А, ол не сандырақ?
Абзал. Сандырақ болса да орындалады. Мұндай үлкен шахтаны басқару сіздің қолыңыздан енді келмейді. Шарқыңызға қараңыз да, шамаңыз келетін жұмысты істеп, аз да болса пайда келтіріңіз.
Мырқал. Білем, сенің ол қыздың жолына қатын-бала, үрім-бұтақ, тұқым-тұқияныңды түгел құрбан ететініңді, білем.
Абзал. Не дейсіз?
Мырқал. Солай деймін.
Абзал (ұзақ қадала қарап). О, менің білмейтіндерім әлі де көп екен. Сіз осындай ма едіңіз? Сіз ұяттан жұрдай ма едіңіз?
Мырқал. Әрине, сынаған кісіні солай дейсің.
Абзал. Дейтінім сол — жиырма жыл кейін қалыпсыз. Жиырма жыл кейін қалсаңыз — бүгін елді қалай бастамақсыз.
Мырқал. Сенсіз де бастап келгенмін, соқтықпа маған. Соқтықпа. (Екінші бөлмеден Тайман келеді, қолында қамшы.)
Абзал. Әке, сіз бара беріңіз.
Тайман. Жоқ, мынада жұмысым бар.
Абзал (баяу үнмен). Иә, бастап келдіңіз. Бастады дыз да құлаттыңыз шахтаны.
Мырқал. Тағы да жабар жалаң бар ма?
Абзал. Барыңыз. Жалғыз ғана тілегім, қайыр сұрап кетсеңіз де біреудің табанын жаламаңыз. Русак досыңыз мені мүйізіне іле алса, іле берсін. Сіз оған қыстырылып қадіріңізді кетірмеңіз. Онымен ұзаққа бара алмайсыз.
Тайман. Бір бүлк еткенде түсесің де қаласың десеңші.
Абзал. Егер де мұндай ұятсыздықты қоймасаңыз, туысым еді демеймін, әділ, қатал үкім айтқаным. (Кете береді.)
Мырқал. Сол қатал үкімді саған мен айтармын, енді өз обалың өзіде.
Тайман (ақырып). Тоқта, әй! (Мырқалдың өн бойына көз жүгіртіп.) Ақылың өскен екен деп жүрсем, қарның екен ғой қампиған. (Мырқал ашуланып кете бергенде, Тайман қамшысын білеп алдын кес-кестейді.) Мынаны корейін демесең, тоқта Деймін мен саған! Он бес жылдан бері таяқ жемегенге құтырайын деген екенсің әбден. Өзің шахтаның директоры емес елдің дерті болдың бұл қалай? Алдымен осыған жауап берші?
Мырқал. Мына кісі бірдеде ішкен бе? (Абзалға.) Сен неге қой демейсің?
Тайман. Оның менде жұмысы не?
Мырқал. Сіздің менде жұмысыңыз не?
Тайман. Менің жұмысым сол, сенің әкеңмін.
Мырқал. Оны қайт дейсіз?
Тайман. Әкеңмін деп айтарым сол — егер қан болайын демесең соқтықпа Сәулеге. (Қалшылдап.) Құдайдан тілеп алған тұңғышым болсаң да, ол үшін сені құрбанға шаламын, соқтықпа Сәулеме, соқтықпа! (Қамшының астына алады, Мырқал қаша жөнеледі.)
Шымылдық
Бесінші сурет
Мехцехтың бір жақ шетіндегі Миронның кабинеті. Қақ төрден цехтың іші көрінеді. Алыстан станоктардың, балғалардың дүрсілі естіледі. Кабинетте Сәуле жалғыз. Ол біресе әлденені сызып, біресе екінші столдың үстінде тұрған комбайнның макетін айналдыра өлшеп іспен шұғылдануда. Аздан соң Перизат келеді.
Перизат. Па, деген-ау, осы мехцехтан шықпайсың, ұста болып кеткенсің бе?
Сәуле. Иә, ұстамын. Мұнда мен болашақ бөбегіме болат темірден бесік жасап жатырмын ғой,. сен оны білмеуші ме едің? (Макетті нұсқап.) Міне, көрдің бе? Біз енді бір жылдан кейін кемірден сел ағызамыз.
Перизат. Охо, онда қанатты алысқа қағайын деген екенсіңдер.
Сәуле. Жаңа талпынған балапан да қанатын биікті мегзеп қағады ғой, оны қой да өз жайыңды айтшы. Кеше екінші участка сендерден тағы да озып кетіпті ғой.
Перизат. Кеше олар озса, бүгін біз оздық. Енді ризасың ба?
Сәуле. Онда ризамын.
Перизат. Риза болсаң мені сен де риза ет. Темір бүгін майданға қайтатын көрінеді...
Сәуле. Жолы болсын.
Перизат. Ойлан, сен соқыр үмітке алданып, өз бағынды өзің байлап жүрген жансың. Соғыс болса әлі бітер емес, соғыс бітпей Нұрландардың кім екенін білетін түріміз жоқ. Енді елге күлкі болғаннан басқа неміз қалды?
Сәуле. Мұнымен қайтпақсың?
Перизат. Айтарым сол: Темірмен сөз байласып қал. Әке-шешеңнің де тілегі менің айтып тұрғаным. Тіл ал.
Сәуле (аз уақыт үнсіз). Перизат, сен байқайсың ба? Осы соғыс адам баласын екі жүйеге бөліп барады. Біреулер көкжиектен көтерілген күндей шалқып, адамшылықтың асқар шыңына қарай өрлеп бара жатса, енді біреулер аспаннан ағып түскен жұлдыз секілді, бірте-бірте құлдилап түпсіз тұңғиыққа құлап барады. Біздер сол қараңғы тұңғиыққа құлаған жұлдызға ұқсап кетпейікші. Егер өзіңе-өзің ие болмасаң менен аулағырақ жүрші.
Перизат. Мен өзіме-өзім ие болармын-ау, тек өмір бойы күлкі боламыз ба деп қорқамын, әсіресе сен үшін қорқамын.
Сәуле. Мен үшін қапа болмай-ақ қой, мен жүрегі кірленбеген адамның күлкі болмайтынын білемін.
Перизат. Шыныңды айтшы, Темірді неге сүймейсің?
Сәуле. Ондай асыл адамды сүймесем адамдығым қайсы. Әттең, ол өзіне жар табудан гөрі мендей қарындас табу қиын екенін білмей жүр. (Жаңа ғана түнере қалған Перизат қайтадан жадырайды.)
Перизат (Сәулені бас салып құшақтай алып). Ақылдым менің, бірақ қанша ақылды болсаң да осы сапар өз ағаңды өзің танымай тая бастадың. Оның дәл қазір сені қарындас, мені жар етуден басқа арманы жоқ сияқты.
Сәуле (ойланып қалып). Солай ма?.. Тоқтай қал, сен не айтып кеттің? Ұқпай қалдым, қайта айтшы.
Перизат. Айран сұрай келіп, шелегімді несіне жасырайын. Сенен: Темірді аға көрсең, мені жөнге керуіңді өтінгелі келдім.
Сәуле. Сонда Темір сені алмақ па?
Перизат. Сен қырсық жасамасаң, кейбір кінәмді жасырсаң, оның алатын түрі бар.
Сәуле. Менің қылдай қырсығым тимейді, тек өзің әуре боласың да қаласың.
Перизат. Неге?
Сәуле. Мен тани білген Темір болса, ол сендей опасыз қыздарды көмуге әзір, сүюге жоқ. (Мирон кіріп келеді.)
Мирон. Таста, қызым, таста! (Столды ұрғылап отыра кетеді.)
Сәуле. Неге, не үшін?
Мирон. Ех, алжасқан басым, неден мұнша алжастым, нем бар еді осы комбайнда?!
Сәуле. Мирон Павлович, мұнша күйінгендей не болды?
Мирон. Орнымнан алынып, сотқа берілетін болдым.
Сәуле. Қайдағы сот?
Мирон. Оны Мырқалдан сұра.
Сәуле. Сондай ма, лаңын тағы шаңдатты ма?
Мирон. Жоқ, ол дұрыс істеп отыр. Ұмытшақ басым, кінәлі мен, мен. (Мырқал мен Бөлекбас келеді.)
Мырқал, Комбайн, комбайн деп жүріп көмір шабатын машинаның өзін құрттыңдар ма ақыры! Бөлекбас, шақыр Қазекемді. (Бөлекбас мехцехқа кетеді.) Мидағы машинаны жүргізем деп жүріп, қолдағы машинаны құртқандарың мынау, жанталасып шахтаны қатарға қайта қоса бастап едім, ен мол өнім беріп тұрған лаваны тоқтатып қойғандарың мынау, соғыс болса мынау, бұл не?
Сәуле. Бәсе, бұл не? Түсіндіріңізші. Лаваны тоқтатқан кім?
Мырқал. Сура мына ұстазыңнан, 4-лавадағы көмір шабатын машина бүлініп қалды. Оның, орнына сала қоятын қолда машина жоқ. Ескі машиналарды тез жөндеңдер, әзір тұрсын деп мына кісіге мұнан бес Күн бұрын тапсырдым. Жөндеген біреуі жоқ, тіпті қолға да алмаған. Бұл не? Осы да совет адамының қылығы ма?
Сәуле. Оған бір ғана Мирон Павлович кінәлі ме?
Мырқал. Жоқ, ол кісі ғана емес, сен де кінәлісің. так.
Сәуле. Сіз оны маған қашан айтқан едіңіз?
Мырқал. Айтпасам да білуің керек еді.
Сәуле. Сіз өзіңіз берген бұйрықтың қалай орындалып жатқанын бақылауыңыз керек еді.
Мырқал. Жә, болды. Кімнің кінәлі екенін енді сот қана шешеді.
Сәуле. Соттың үкімі сізге машина болмас деймін.
Мирон. Бере беріңіз сотыңызға. Тек сізден тілер тілегім — комбайнның жасалуына кесел келтірмеңіз.
Мырқал. Немене, сіз үшін сонда өзім кетейін бе сотқа.
Қазыбек (сөйлей кіреді). Пай, пай, шырағым, Мырқал-ай, сөзің ылғи оттан, соттан келеді-ау сенің.
Мырқал. Оттың ортасына түссеңіз, өзіңіз де солай сөйлерсіз. Мәселе былай, Қазеке, мен жада треспен де келістім, қазірден бастап мехцехты сіз басқарасыз.
Қазыбек (жақтырмай). Мен бе?
Мырқал. Иә, ед алдымен істейтін ісіңіз: осында жөнделуге берілген бес-алты машина бар, соларды тез жөндеңіздер, так. Екіншіден...
Қазыбек. Тоқташы, Мирон Павлович неге басқармайды? Бұл кісі менен кем бе?
Мырқал. Жоқ, кем емес. Бірақ бұл кісінің өндіріске келтірген кеселі де кем емес.
Мирон. Құрметтім, басқаңның бәрі дұрыс, тек соңғы сөзіңді қайтып ал.
Мырқал (сұқ қолын шошайтып). Ешуақытта, никогда.
Сәуле. Мырқал аға, айта берсе сөз деген айтыла береді. Кесел деген сөзді адамына қарай жұмсайық та.
Мырқал. Ол не сөз?
Сәуле. Бұл кісі ешқандай кесел жасамайды деген сөз.
Мырқал. Онда берілген бұйрықты орындамай, бүтіндей бір лаваны тоқтатып қойғанды не дейміз?
Сәуле. Орындамайын деген жоқ, бұл кісі соңғы кезде Күндіз-түні тыным кермей комбайнмен айналысып кетті.
Бөлекбас. Жолдастар, мәселе комбайн жайында емес, Мырзекемнің айтып тұрғаны көмір шабатын машина жайында ғой.
Мырқал. Сол ғой менің күйетінім.
Сәуле (Бөлекбасқа). Жапалақша жарбаңдай бермей, жоғал! (Мырқалға.) Әуре болмаңыз, менің көкем мұндай жұмысты басқара алмайды.
Қазыбек. Иә, маған әуре болмаңдар.
Мырқал. Қазеке, соғыс кезінде кежегеңіз кейін тартса, кеселге кездесесіз. Сау басыңызға сақина тілемей жұмысқа кірісіңіз! Егер де моторы тозған болса, мыналардың әлгі комбайнсымағына салынбақшы бір-екі жаңа мотор болатын, соны алып салыңыз.
Сәуле. Не дейсіз?
Мырқал. Комбайн атты ертек бітті деймін, так.
Сәуле. Мырқал аға, ол айтқаныңыз ешуақытта болмайды!
Мырқал. Болғанда қандай. Сөзді қой да, қазірден бастап участкеге бар. Маған мидағы машина емес, кемір беріңдер, көмір. (Кете береді.)
Мирон (атып тұрып). Тоқта, құрметтім, тоқта! Сен мені қолыңнан келсе сотта мейлің, айдат мейлің, тек комбайнға соқтықпа. Ол — менің ұрпағым, оның моторын алғанша менің жүрегімді ал, ал жүрегімді, аяма!
Мырқал. Отан үшін мен сіз түгіл өзімді де аямаймын, так. Енді түсінікті ме? (Абзал кіріп келеді.)
Абзал. Сәлеметсіз бе? Бұл не айғай?
Қазыбек. Абзал шырағым, Мирон Павлович Мырқалдың бір тапсырындысын ұмытып кетіп, соның салдарынан бір лава тоқтап қалған екен. Сол үшін бұл кісі opнынан алынып, сотқа да берілетін болды, жасап жатқан комбайны да тоқталатын түрі бар. Бұл — соның айқайы.
Абзал. Айқайшыл болсаңыздар қой бағыңыздар, өйткені айқайдан қойға шапқан қасыр ғана қаймығады. Солай ма, қарындас?
Сәуле. Мен айқайды да әртүрлі деп білемін. Қорқудың айқайы бар да, қорқытудың айқайы бар.
Абзал. Дұрыс айтасың. Бірақ сендер басқаны қорқыту үшін емес, өздерің қорыққаннан айқайлай бересіңдер ме деймін. Солай емес пе, Мирон Павлович?
Мирон. Мен бізде ғана емес, бүкіл елімізде ешқандай айқай болмаса екен деп тілеймін.
Абзал. Тамаша, жақсы тілек мұныңыз. (Қасына отырады.) Сіз шынында, мыңнан озған тұлпарсыз-ау, Мирон Павлович.
Мирон. Қаншалықты жүйрік екенімізді соттың алдында байқарсыз енді.
Абзал. Егер сізді соттай алатын сот бүкіл Совет Одағында жоқ болса, қалай байқаймыз. Соның өзін мына комбайн біткен күні байқауға келісейік те, жұмысқа кірісейік. (Мырқалға.) Сіз 1-шахтаға кісі жіберіп, көмір шабатын екі машинаны алдырыңыз. Қай күні машиналарыңыз жөнделіп бітеді, сол күні қайрып беріңіздер. Өзіңіз кабинетіңізде болыңыз. Алматыдан келген комиссия қазір осында келмек.
Мырқал. Комиссия! Ол ненің комиссиясы тағы да?
Абзал. Орталық партия комитетінен. Әдейі Мирон Павловичтің комбайнын көруге келген.
Қазыбек (мырс етіп). Біз мұнда бұл кісіні соттатқалы жатырмыз ғой. Мырқал, естіп тұрсың ба?
Бөлекбас. Поздравляю, Мирон Павлович, и приветствую.
Мырқал. Не мен тук түсінбеймін, не осылар тук түсінбейді. Перизат, жүр бері. (Екеуі кетеді.)
Абзал. Мирон. Павлович, комиссия мүшелеріне комбайн жайын кен түсіндіру үшін макетін Мырқалдың кабинетіне апарыңыздар. Басқа жайды кейін сөйлесерміз, барыңыздар. (Басқалар мехцехқа кетеді, Сәуле қағанын жазуға қайта кіріседі. Абзал кете бере тоқтап.) Айтпақшы, Сәуле, сен ертең сағат оның кезінде обкомға Орлов жолдастың кабинетіне келетін болшы.
Сәуле. Орловқа? Не үшін?
Абзал. Осы шахтаның келешек тағдыры үшін де, өзіңнің бастық болуың үшін.
Сәуле. Мен бе бастық болатын?
Абзал. Сен екеніңді айттым-ау деймін. Уақыт өтіп барады, қарттарға айт, тездетсін. (Кете береді.)
Сәуле. Абзал аға, ертең ол кісінің алдында сізбен айтысып отырғаным ұнамас. Онан да тілегімді өзіңіз тыңдай кетіңіз.
Абзал. Бастық бола алмаймын дегелі тұрғаныңды сеземін. Олай деуге дәлеліңнің жоғын тағы білемін, таласты қой. (Кетеді.)
Сәуле. Аямағаны ма, жоқ әлде мен өзімді-өзім байқай алмай жүрмін бе? (Ойланған күйі цехің кетеді, аздан соң Бөлекбас келеді.)
Бөлекбас. Міне, тамаша қыз деп соны айту керек қой. (Шекер келеді.)
Шекер. Кімді, мені ме?
Бөлекбас. А, Шекержан, Сәуле екеуіңді айтпағанда кімді айтады ғой дейсің. Көрдің бе, тәрбиенің Сәулені қайда апарып жеткізгенін, сондықтан да сенін кешегі жауабыңа риза емеспін.
Шекер. Неге?
Бөлекбас. Сен жұмысшымын деп өзіңді-өзің төмен санайсың. Ал, мен анау инженерлік білімі бар Перизаттан жұмысшы сені әлдеқайда артық көремін. Рас, сенің білімің менен төмен, бірақ мен сені тәрбиелеймін ғой.
Шекер. Мені тәрбиелеймін деп жүріп қартайғаныңызды білмей қаларсыз, қойсаңыз қайтеді. (Сайран келе жатады.)
Бөлекбас. Жоқ, Шекертай, мен ешуақытта қартаймаймын.
Сайран. Немене, қартаймайтын шайтан ба едіңіз?
(Сәуле, Мирон, Қазыбек келе жатыр.)
Қазыбек. Ә, жасаған, тілекті әрдайым осылай бере көр. (Келе макетті көре бастайды.)
Сайран (Шекерге). Көзің тұнжырап неғып тұрсың, көтеріс мынаны.
Бөлекбас. Тырп етпе, Шекержан, буған мен бармын ғой.
Сайран. Е, сіздің бар-жоғыңыз бірдей емес пе, Ақырын, қолың сынып жүрмесін.
Мирон (Қазыбекке). Ну, кәрі тарлан, құдайыңа сиынып бастап көр.
Қазыбек. Қарағым, Бөлекбас, менің жөнімді көтергенше мынаны көтерсеңші. (Сәуледен басқалар кетеді. Сәуле жаза бастайды. Аздан соң суық, ызбарлы Темір кіріп келеді.)
Сәуле. Сәлем, Темір аға. (Темір үн қатпастан қадала қарайды. Сәуле күлімсіреп.) Қадалуыңыз тым қатал, танымай қалғансыз-ау, сірә!
Темір. Сенің көзін де семсерден кем қадалып тұрған жоқ. Кірпігіңнің әрбір талы жауыздықтың найзасы десем де болатын. Көрмей-ақ кетпекші едім майданға, бұл күнге дейін мен білмейтін сенде бір сыр бар екен, соның ызасы айдап келді. Енді үкімімді тыңдай бер.
Сәуле. Мен үкімі әлдеқашан айтылған жан едім, осы сөзге тоқтасаңыз қайтеді, ағажан.
Темір. Жоқ, сұлу қыз, мен жан сұлуы болмаса, тән сұлуын ешуақытта сыйлап көрген емеспін. Жасырынбақ ойнамай, ашық кел де ашып айт, егер естігенім рас болып. Тайманның Нұрланы болса сүйгенің, төгілген қанымның, қорланған арымның барлық кегін немістерден бұрын сенен аламын, ақталудың жолын тезірек тап.
Сәуле. Басқа тағар айыбыңыз жоқ па, әйтеуір, ол ғана болса — бәрі рас. Сүйгенім де, Күткенім де сол Нұрлан. Қазір көрге түссем де осы сөзді айтып түсемін, осы ма еді естімегіңіз?
Темір. Елді сатқан езді сүйгенше, сүюсіз етсең еді, лағнат.
Сәуле. Тіліңізді тарта сөйлеңіз. Егер менің сүйгенім елін сатқан өз емес, ел үшін туған өзіңіздей ер болса не дер едіңіз?
Темір. Садаға кетсін елімнен, елім түгіл өзімнен, өзім түгіл басқан ізімнен садаға кетсін! Ұқтың ба?
Сәуле. Немене, бар ерлік бір ғана сіздің басыңызға беріліп қойған ба еді?
Темір. Тоқтат сөзді, сұлу қыз, тие берме жаныма!
Сәуле. Бойыңыз көкке жетсе де, ойыңыз әлі жерде екен. Тыңдаңыз ендеше. Адасқан болсам, алданған болсам өз жазамды өзім тартамын, ол үшін өмір бойы байсыз өтсем де өкінбен. Жанымды қазір суырып алсаңыз да, жалынып аяғыма жығылсаңыз да, қашан да болсын айтарым осы. Басқа жауапты менен еш уақытта күтпеңіз. (Кете береді.)
Темip. Тоқташы, Сәуле. (Тоқтай қалған Сәуленің көзінен көз алмай бірте-бірте жақындай түседі.) Сен ол Нұрлан дегенге әлі де сенесің бе?
Сәуле. Сенбесем мұншама сүймес едім ғой.
Темір. Егер де сол сенің сенгеніңдей адам емес, азғын болып шықса қайтесің?
Сәуле (үнсіз басын шайқады).
Темір. Сен алданған, адасқан жансың, мұнан кешіксең ел бетіне қараудан қаласың, ойлан!
Сәуле (үнсіз басын шайқады).
Темір. Бар қарғысты басыма үйіп төксең де бір ауыз үн қатшы.
Сәуле (үнсіз басын шайқады).
Темір. Тым болмаса: «Ендігі кездесерің немістердің оғы, құшарың көр болсын»,— деп қарғашы.
Сәуле (үнсіз көзін жұмып, басын шайқады).
Темір. Сен айтпаған сол қарғысты енді өзіме өзім айттым. Көк жүзінде өзіме қарсы атылған жау оғының барлығын сенің қарғысың болсын деп тілермін. (Жалт бұрылып шыға жөнеледі. Сәуле сылқ етіп отыра кетеді. Көзі Темір кеткен жақта.)
Шымылдық
ҮШІНШІ ПЕРДЕ
Алтыншы сурет
Сахнада бірінші суреттегі шахтаның іші. Мирон, Мырқал, Перизат үшеуі комбайнның жүрмей тұрған себебін іздеп, әуреленуде, Сайран мен Шекер сол комбайнға жалғанған сым арқанды сахнаның екінші жағына қарай сүйретіп барады.
Шекер. О, ғажап! Жаңа ғана өзімнің шаш бауымдай желпілдеп тұрған мына сым арқанның енді саған ұқсап кеткенін қара.
Сайран. Ала қарға қарқылдаса бұлбұл болып сайрадым деп ойлайды. Сен дәл қазір сол ала қарғаға ұқсап кеттің. Сөзді қой да тарт.
Шекер. Қарғаға ұқсағаны қалай?
Сайран. Ана шалдың жаны күйзелгенін көріп, менің жылағым келіп тұр. Сен оны сезбестен өз сөзіңе өзің мәз болып күлмексің. Мұнан да қарға болып қарқылдағаның жақсы. (Екеуі көрінбей кетеді. Мирон әлі әбігерленуде.)
Перизат (Күле сөйлеп). Мирон Павлович, сіз қанша көп жасасаңыз да бір нәрсені байқамапсыз.
Мирон. Ол не, қызым, тезірек айтшы.
Перизат. Ой жеткеннің бәріне қол жете бермейді, бұл соның айғағы, енді әуре болмаңыз.
Мирон. А, сіз бұған тағы да сенбейін дедіңіз бе?
Перизат. Ғафу етіңіз, бұған Мырзекең екеуміз ешуақытта сенген еменсіз.
Мырқал. Никогда.
Мирон. Онда былтырдан бері несіне көмектесіп келдіңіздер. Әлде ол жылтыраған беттеріңіз ғана ма еді. (Сәуле келе жатады.)
Мырқал. Ондай екі жүздіңіз мен емеспін, қайтып алыңыз сөзіңізді. Мен жұмысшы болмасам да, жұмысшы табымен бірге өсіп, бірге қайнаған адаммын. Партия бастап, жұмысшылар қостаған жұмыстан өзімді өзім ешуақытта аулақ ұстап көрген емеспін. Егер де бұл сіздер ойлағандай халықтың игілігі болса, оған қуанбайтын кім бар?
Сәуле. Бекер, Мырқал аға, бекер. Қолынан келсе, бұл комбайынды көмгісі келетіндер әлі де бар.
Мырқал. Сәулетай-ай, тым болмаса бір ай жүргізіңдерші.
Сәуле. Тағы да лағып кеттіңіз. Перизат, сен обкомге телефон соғып, комиссияның қашан келетінін білші.
Перизат. Алдымен комбайнды өзіміз байқап алу үшін, оларға кейінірек келіңіздер десем қайтеді?
Сәуле. Не көрсек те бірге көрсін, айтқанды орында... Мырқал аға, манағы айтқанды реттедіңіз бе? (Мырқал Перизаттың кетуін күтіп бөгеледі.)
Перизат (аулақта, өзіне сөйлеп тұр). Асқақтай тұр, Сәуле, бар абырой-атақты сенің қолыңа беріп қоймаспын. (Кетеді.)
Сәуле. Сіз неге үндемейсіз?
Мырқал. Осы қыздан қорқатын болып барамын! (Перизат кеткен жаққа қарай жүріп барып қайта бұрылады.) Қарағым Сәуле, сол жайында өзіңнің қақ орынбасарың ретінде бір кекесейін деп едім.
Сәуле. Айтыңыз.
Мырқал. Алдымен комбайнды жүргізіп, комиссияға көрсетсек, сый-құрметті сонан кейін ойласақ қайтеді?
Сәуле, Ол — кеңесілген, әзірлей беріңіз! (Комбайнды айналып кетеді. Ауыр бір күрсініп Мырқал кетеді. Манағы кеткен оғынан Сайран мен Шекер келе жатады.)
Сайран. Екі ортада біз сорламасақ игі едік.
Шекер. Неге?
Сайран. Егер комбайн бүгін жүрмей қалса қайттік?
Шекер. Не қайтетіні бар?
Сайран. Тойды осының бітуіне белгілеген жоқ па едік. Бұл бүгін жүрмесе, қашан жасаймыз?
Шекер. Бүгін жүрмесе, ертең жүрер, сонда жасармыз.
Сайран. Егерде бұл ендігі жылға дейін жүрмесе?
Шекер. Неге жүрмейді, қызықсыз-ау өзіңіз.
Сайран. Солай бола ма деп қорқамын. (Тайман келеді.)
Тайман. Немене, комбайн әлі жүрген жоқ па?
Сайран. Жоқ, әзір жүретін емес.
Тайман. Неге?
Сайран. Оны ана кісілерден сұраңыз.
Тайман. Жүргізетін сендер неге білмейсіңдер?
Сайра н. Біз жүргізетін комбайн әлі жасалып бітпеген сияқты. (Сәуленің даусы естіледі.)
Сәуле. Сайран, Шекер, бері келіңдер! (Қасына барған оларға әлденені айтады да, әрі жібереді.)
Тайман. Шырағым-ау, мен бір жайсыз хабар естіп тұрмын, рас па?
Сәуле. Не жайында?
Тайман. Осы комбайн жайында.
Сәуле. Күткеніміз дәл бүгін болмай қалама деген күдіктің бары рас.
Тайман. Неге? Не үшін бүгін болмайды?
Сәуле. Не себептен екені белгісіз, комбайн көңілдегідей жүрмей тұр. (Комбайнды айналып кетеді.)
Тайман. Екі жыл еткен есіл еңбек, далаға кетіп масқара болмаса игі еді. (Жүгіріп Бөлекбас келеді.)
Бөлекбас. Ақсақал-ау, демалыста емес пе едіңіз, мұнда неғып жүрсіз?
Тайман. Әлгі комбайнның жүргенін көргелі келіп едім, бар болғыр, жүрер емес.
Бөлекбас. Не дейсіз? (Тұра жөнеледі.)
Тайман. Тоқта, ей! Аузына сөз тұрмаушы еді, бекер айттым-ау саған. Дабыра қылмай қоя тұр.
Бөлекбас. Жоқ, ақсақал, сіз мені білмейсіз ғой. Мен айтпаймын десем, атып жіберсе де айтпаймын,
Тайман. Онда шын ер сен екенсің. Ал өзің қайдан келдің?
Бөлекбас. Темірдің, алдынан шыққан едім.
Тайман. Темірің кім?
Бөлекбас. Кәдімгі Совет Одағының Батыры Темір ше?
Тайман. Е, сен сол жақта қаңғырып жүр ме едің.
Бөлекбас. Осы сіз-ақ жанжал іздей береді екенсіз. Жалғыз мен бе екенмін, жұрттың бәрі де, тіпті, сіздің Абзалыңыз да шықты. Солардың бәрі де қаңғырып жүр ме?
Тайман. Сен оны өзің көрдің бе?
Бөлекбас. Жоқ, самолет кешкі алтыда келетін көрінеді.
Тайман. Немене, өзі біржолата босап келе ме екен?
Бөлекбас. Жоқ, демалысқа келетін көрінеді. (Мырқал келеді.)
Мырқал. Әй, Бөлекбас, бері келші. Ойбай-ау, алтын уақытты босқа кетіріп қайда жүрсің?
Бөлекбас. Не болып қалды тағы да?
Мырқал. Өзің бұрынғыдай емес Құтырып барасың ғой. Сәуле ештеңе айтты ма?
Бөлекбас. Жоқ.
Мырқал. Ендеше, тыңдай бер! (Дәптеріне қарап.) Біріншіден, қазір митингі болады, соған барлық жұмысшыларды жинауымыз керек. Бұл сенің міндетің, так. Екіншіден, Мирон қартқа берілетін сыйлықты әзірлеуіміз керек, ол менің міндетім, так. Үшіншіден, Сайран мен Шекерге берілетін екі бөлмелі үйді ертеңге дейін әзірлеуіміз керек. Ол да менің міндетім, так.
Бөлекбас. Сіз үй іздеп те, сыйлық әзірлеп те әуре болмаңыз.
Мырқал. Heге?
Бөлекбас. Алдымен комбайн іс болып шықсын.
Мырқал. Онда сенің жұмысың болмасын, так. Оған жауап беретін біз емеспіз. Біздің міндет — өзімізге берілген бұйрықты орындау. Сен бұрын жауапты қызметте болмағандықтан тактиканы білмейсің, так. Саған елді жина деді ме, мынауың керек. Өзіңе берілген бұйрықты осылай орындап қойсаң, ешкімнен қысылмай кең жүресің, так. Сөзді қой да, орындай бер. Соғыс уақыты төменде телефон күтіп тұр. (Бөлекбас жүгіріп кетеді.)
Тайман. Сайран мен Шекерге нағып үй беретін болдыңдар?
Мырқал. Ата-бабасы атын да естімеген техниканы меңгеріп, бұрын бір айда беретін көмірді енді бір сағатта беретін болса, неге бермейік?
Тайман. Шіркін, өмір-ай! Бір кезде сен ғой сол төртеуін де, комбайнды да құрта жаздадың, ә.
Мырқал. Әй, осы сіз де қай-қайдағыны ұмытпайды екенсіз. Бірақ әзірше сабыр ет, әке, осы комбайнды солардың өзі құртып жүрмесін.
Тайман. Бар, бар, бар. Тағы да сөгіс аларсың, не осы орынбасарлықтың өзінен айрыларсың, бар жұмысыңды істе.
Мырқал. Сіз-ақ табалап өлтірдіңіз-ау! (Кетеді. Қазыбек келе жатады.)
Қазыбек. Комбайн әлі жүрген жоқ па?
Тайман. Жоқ. Немене, сен де бір жақтан қаңғырып келдің бе, ей.
Қазыбек. Қаңғырғаным жоқ, Темірдің алдынан шыққан едім, әлі келмепті.
Тайман. Е, солай де. Сенің енді атақты батырдың қайын атасы болсам деген де ниетің бар-ау осы.
Қазыбек. Әй, Тайпегім-ай, лағып кетесің-ау кейде. Рас, мен Сайдақпен құда болдым, өлерінде серт те бердім. Бірақ сол құдалыққа, сол сертке Сәуленің басын енді байласам кім болдым?
Тайман. Оның жөн-ау, Қазыбек, жон. Бірақ әркімдердің аман-есен тіпті абырой-атақпен келіп жатқаны мынау. Ал, Нұрланымның бір ауыз хабарына да зар, болып, менің қан жұтып жүргенім мынау.
Қазыбек. Сабыр ет. Әлі де болса қос қанатың бар, тәуба қыл. Жалғыз ұлдан айрылған мен де жүрмін ғой. «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қияғы бүтін сұңқар жоқ» деген емес пе?
Тайман. Сен білмейсің, Қазыбек, білмейсің. Мен тек Нұрланымнан ғана айрылып отырғаным жоқ. Соның өзінен кем көрмейтін басқа бір қымбат баламнан айрылғалы отырмын.
Қазыбек. Оның кім?
Тайман. Оны сен сұрама да, мен айтпайын.
Қазыбек. Сөзді қой да жүрші өзің, комбайнды көрейік.
Тайман. Жүрсең, жүр. (Екеуі кете берген кезде aйғай сала жүгіріп Бөлекбас келеді.)
Бөлекбас. Сүйінші, сүйінші. Әкетайлар, сүйінші молырақ әкеліңіздер.
Тайман. А, құдай ақсарбас. Бөлешім-ау айтсаңшы тезірек. Немене, менің Нұрланымнан хабар келді ме?
Бөлекбас. Жоқ, біздің шахта бұрнағы жылы айрылған Қызыл туын бүгін қайтып алыпты.
Тайман. О, ерте туып кеш қалған бейбақ, кешегі хабарды бүгін естіп жүрсің бе?
Бөлекбас. Солай ма? Қазеке, сіз қашан?:.
Қазыбек. Мен ол туды қайтып алатынымызды былтыр Мырқал орнынан түскен күні білгенмін. (Сәуле мен Мирон көңілді келе жатыр.)
Мирон. Енді күдігіміз жоқ шығар тәуекел етуге болар. Мыналар кім болды екен? (Абзал бастаған топ келеді.)
Абзал. Жер астындағы майданның батырлары, бәріңізге сәлем. Мирон Павлович, сізге айрықша сәлем. (Қол алысып.) Барлық жеңістеріңіз баянды болсын.
Мирон. Мың қабат алғыс сіздерге.
Абзал. Бүгінгі айтылатын алғыстың бәрі Сәуле мен сізге айтылғаны жөн болар.
Мирон. Қане, қызым, әкел лентаңды.
Сәуле. Алдымен бір минут жай жүргізіп байқайықшы.
Мирон. А, қайсыбір достарың қаймықтырып тастаған екен ғой, жарайды, өзің жүргізіп байқай ғой. Ну, Сайран, Шекер, ұстаңдар болат тізгінді, көрсетіңдер қимылды.
Қазыбек. А, жасаған, бере көр!
Тайман. Сал қимылды, Сайраным!
Мирон. Бер тоқты! (Комбайн жүре бастайды. Перизат жүгіріп барып Миронды құшақтай алады.)
Перизат. Кешіріңіз, Мирон Павлович.
Мирон (комбайн кенет тоқтап қалады). Не болып қалды?
Сәуле. Сайран! (Екеуі жүгіріп кетеді.)
Тайман. Құдай төбеден ұрмаса игі еді.
Сайран. Уһ, төбемнен жай түскенде де мұндай болмас. (Сәуле ауыр оймен теңселіп келіп комбайнға сүйенеді.)
Қазыбек. Қарағым-ай, өзің аман болсаң, ештеңе етпес, қайғырмашы.
Сәуле. Мұндай амандықтың не сәні бар, көке.
Абзал. Сабыр, сабыр. Немене бәрің бірдей күйрей қалғандарың.
Сәуле. Соққының ең ауыры тиді-ау Абзал аға. Қанша күдікті болсам да...
Абзал. Сендер соққы тиген сайын шымырап түсетін болат секілді емес пе едіңдер, енді не болды?
Сәуле. Бұл бұрын жан баспаған қия болған соң күдіктенуші едім, бірақ мұндай боларын күткен емеспін.
Абзал. Тіпті қозғалар емес пе?
Сәуле. Жүре бере шар етті де... (ойлана қалып.) Не дедім? Шар етті дедім бе? (Өз ойымен алысып шегіне береді:) Шар етті, иә, ол шар етті... (Комбайнды айналып кетеді, екінші жағынан Мирон келе жатыр. Жұрттың бәрі соған қарайды. Сәуле қайтадан комбайнға кетеді, Мирон отыра кетеді. Қазыбек пен Тайман бәйек болып оны құшақтайды.)
Абзал. Ойланыңыз, Мирон Павлович, мүмкін бір тетігінен жанылған боларсыздар.
Мирон (жасқа булығып). Жалғыз ұлымды жау жалмады, тірлігімнің ендігі жалғыз тірегі осы еді, бұл да міне, құлады.
Абзал. Мұндай жаңа нәрсенің жасырын сырлары көп болатын. Сабыр етіп, ойланыңыз.
Мирон. Мен кезбеген ой қалған жоқ.
Сайран. УҺ, қай жері бүлінгенін құлағыма біреу сыбырлап кетер ме еді. (Сәуленің даусы естіледі.)
Сәуле. Таптым, Мирон Павлович, таптым.
Мирон (қуанып). Қайда, қай жерінде?
Сәуле (көзі Перизатта, дауысында ызғар бар). Оны сұрамай-ақ қойыңыз, комбайныңызды жүргізе беріңіз.
Мирон. Күнім менің, жаным менің. (Сәулені құшақтай алады.) Жаңа ғана өлі едім, тірілттің де жібердің. Әкел енді лентаңды, ұста ұшынан. (Абзалға қарап). Ал, құрметтім. Адам баласын бақыттан бақытқа бастаушы партияның атынан жолымызды ашып бер.
Тайман. Шіркін көңіл-ай, жаңа ғана түнек басып тұрғандай еді, енді қарашы, кенет жарқ еткенін.
Абзал. Жолдастар! Жаңағы өткен бір минут бәрімізге де ауыр тиді. Сондай ауыр күйдің үстінде кенеттен қуанған жүректі тоқтатып, сөз сөйлеу қиын екен. Сондықтан, бір ғана мысал айтайын. Есептеп көрсек, осы шахта тәулігіне үш мың тонна көмір береді екен. Үш мың тонна көмір дегеніміз — бір жарым мың тонна болат, шойын деген сөз. Яғни сегіз танк, мың екі жүз зеңбірек, төрт мың миномет, алты мың автомат деген сөз. Ал, осынша, мол құралды шығаруға жететін көмірді сіздердің комбайндарыңыз тоғыз сағаттың ішінде беретін болады екен. Бұл — біздің тек Мирон Павлович пен Сәуленің ғана қуанышы емес, бәріміздің де қуанышымыз екенін, бүкіл еліміздің табысы екенін осыдан-ақ байқарсыздар. Сондықтан, біздер бұл табысымыз жеңістен-жеңіске жеткізсін деген тілекпен жол ашуға рұқсат етіңіздер! (Мирон мен Сәуле көріп тұрған лентаны барып қияды. Қуаныш, құрмет.)
Мирон. Сайран! Бер тоқты. (Комбайн жүріп кетеді. Шаттық күшейеді. Сол кезде Сәуле өзі жасыра ұстап тұрған сүйемдей жұмыр темірді Перизаттың алдына тастай салады. Перизат ыршып түседі, бірақ үн қата алмайды. Жұрт толқындана аққан көмірді қуалай барады.)
Тайман. А, құдай жаздай бер, жаздай берсең — жазбай бер. Күздей бер, күздей берсең — үзбей бер, Қыстай бер, қыстай берсең — қыспай бер!
Шымылдық
Жетінші сурет
Қазыбекті үйінің алдындағы бақшаның іші. Жасыл жапырағы жайқалған ағаштар электр сәулесімен безеліп тұр. Сахна теріндегі ағаштардың арасына көлденең қойылған столдың үсті толған дәм. Алыстан шахталардың алып трубалары, сәулетті биік үйлер көрінеді. Перде, ашылғанда «Шахтер» әні естіледі. Сол әнді айтып, ту көтерген бір топ жұмысшылар келе жатыр. Ең алдында Мирон мен Сәуле, олардың соңында Сайран мен Шекер бастаған топ, бұлар сахна төрінен айналып екінші жаққа өтіп кетеді. Аздан соң Сайран мен Шекер келеді. Баян стол үстін реттеп жүр.
Баян. Күндерім-ау, Төлеудікіне әлі хабар берілмепті ғой. Шекержан, сен барып келші. Егер тойды естімесе айт, өмірінде қыз ұзатып, келін түсіріп көрмеген Қазыбек пен Баян сол көрмеген қызығын бүгін кереді, тез келсін деп айтты де.
Шекер (таңырқап). Кімнің тойы десе не деймін?
Баян. Тентек шіркін, не дейді,. Әрі комбайнның бітуіне арналған, әрі (құлағына сыбырлап.) Сайран екеуіңнің тойларың емес пе? (Кетеді.)
Сайран. Ұзататын қызы кім? Мен естімей қалдым. Әлгі кісі тойды кім үшін деп кетті?
Шекер (өтірік томсарып). Әрі комбайн, әрі Сәуле мен Темірдің тойы дейді.
Сайран (сылқ етіп отыра кетеді.) Мәссаған, сен екеуіміз той біздікі деп жүрсек, тұлыпқа мөңіреп жүр екенбіз ғой. Сәуле саған не деп еді, тойды кім үшін деп еді?
Шекер. Біріншіден, сендер үшін, екіншіден, комбайн үшін деген. Сен ешкімді шақырып па едің?
Сайран. Мен кешеден бері шақырудамын. Сен ше?
Шекер. Мен ұялып шақырғаным жоқ-ты.
Сайран. Онда менен сен ақылды екенсің. Енді қайттым? Елге Күлкі болдық-ау, енді қайттік?
Шекер. «Енді қайттік, енді қайттік» деп түйгіштей берме, орындықты қиратасың. Бар, шақырған кісілеріңді қайта хабарла. Мана Сәуле тәтем стахановшылардың үйінен үй бергізем деген, үй алған соң тойды бір-ақ жасайтын болдық дерсің. (Кетеді. Ауыр бір Күрсініп Сайран да кетеді. Аздан соң Сәуле мен Баян кіреді.)
Баян. Құлыным-ау, Темірдің батыр атағын алғаны рас па екен?
Сәуле. Рас көрінеді.
Баян. Ол бұл тойға келер ме екен?
Сәуле. Жаңа ғана Абзал ағайдың үйіне келіп түскен көрінеді. Келсе сол кісімен бірге келер. Апа, сыйлы кісілер де келетін болды, ұят болып жүрмесін, той жабдығы жеткілікті ме?
Баян. Той жабдығынан ұялмассың-ау, күнім. Тек, өзіңе көкең ештеңе айтты ма?
Сәуле. Не жайында?
Баян. Осы той жайында.
Сәуле. Жоқ, не айтпақшы еді?
Баян. Ашып ештеңе айтқан жоқ, айтпаса да сезіп жүрмін. Ол бүгін осы тойдың үстінде баяғыда Сайдаққа берген сертін айтып, сенен бір тілек тілейтін сияқты.
Сәуле (құшақтап). Апатайым, көкеме жала жауып тұрған, апатайым менің.
Баян. Жала емес, рас айтамын.
Сәуле. Жоқ, жала, апатай, мұның жала. Менің көкем ескіліктің ондай шірік шырмауын әлдеқашан үзген адам. (Үйге кетеді.)
Баян. Әй, білмеймін-ау, күнім. (Сәуленің соңынан кетеді, аздан соң Шекер, оған ілесе Сайран келеді.)
Сайран. Немене, барып қайттың ба?
Шекер. Магазин алдында әйеліне жолықтым. Олар менен бұрын-ақ естіп, Сәуле мен Темірге сый әзірлеп жатқан көрінеді.
Сайран. Ендеше тез киін. Бүгін қайтсе де той жасамай қоймаймын.
Шекер. Қайда барамыз?
Сайран. Абзал ағайдікіне барамыз. Мен кешегі Сайран емеспін. Бір күнгі табысы екі тойға жетеді. Бол тез. (Қазыбек келеді.)
Қазыбек. О. балапандарым, майлыаяқтарым. Дулатым аман келсе, сен екеуіңнен құтты адам болмас еді-ау, ә! Қонақтар келе жатыр, қарсы алыңдар, қарақтарым. (Үй жақтан Сәуле мен Баян, сырттан Мирон, Тайман бастаған үлкен топ келеді.)
Тойшылаp. Қайырлы болсын тойларыңыз! Той тойға ұлассын! (Жастар жағы Сайран мен Шекерге қайырлы болсын айтады.)
Қазыбек. Айтсын, айтсын.
Сайран. Тек айтқандарыңыз келсін, төрлетіңіздер! (Тойшылар ағаш арасына серуендеп кетеді.)
Перизат. Тойың құтты болсын. Бірақ көбіне шыдағанда, азына шыдауың керек еді. Бүгін Донбасс жаудан босапты, олардан енді үміт бар емес пе еді?
Сәуле. Сен түс көріп тұрғаннан саумысың осы?
Перизат. Жоқ, түс емес, мен бұл тойды Темір екеуіне арнаған той деп естідім.
Сәуле. Онда ертек айтып тұр екенсің. Бара бер. (Мырқал келеді.)
Мырқал. Так, так, той құтты болсын, Сәулеш!
Сәуле. Бірге болсын.
Мырқал. Сәулеш, тойды біреу емес, екеу деп естідім, ол рас па?
Сәуле (Күлімсіреп). Рас.
Мырқал. Так, онда екеуі де құтты болсын.
Сәуле. Бәрімізге ортақ болсын, бері жүріңіздер. (Олар кетеді.)
Сайран. (Шекерге). Естідің бе, құтты болсынды бізге айтпай, елдің бәрі Сәулеге айтып жатыр. Енді ешбір үміт қалған жоқ...
Шекер. Басым ауырып кетті, ертеңге дейін сабыр етші.
Сайран, Ой, ертеңің бар болса. Сенің ертеңің-ақ таусылмайды екен осы.
Шекер. Сөзді қой да жүр.
Сайран. Қайда?
Шекер. Мирон атайдікіне.
Сайран. Е, онда не бар?
Шекер. Жұмыс бар. (Шекер Сайранды қолынан тартып, алып кетеді. Қазыбекті ертіп Баян шығады)
Баян. Көкесі-ау, алдымен Сәуленің не дейтінін біліп алмай, не істегелі жүрсің осы? Босқа ұятқа қаларсың, менің де бір тілімді алсаңшы.
Қазыбек. Сөзді қой, кемпірім. Мен бұрынғының шалы емеспін де, Сәулетай бұрынғының қызы емес. Мен бүгінгі митингіде ұлы Темірдей, қызы Сәуледей болуды арман еткен талай жанды көрдім. Мен қазір әңгімені сен екеуміз қосылған кездегі екі елдің арасында болған қырғын төбелестен бастаймын да, бүгінгі заманның жастары туралы айта келіп, сөзді өздеріне тастай саламын. Сонда көресің Сәуле мен Темірдің не дегенін.
Сайран (жүгіріп келіп). Қазеке, Абзал ағай мен Темір келді.
Қазыбек. Қап, алдынан шыға алмағанымды қара. Жүгір, үйдегілерге хабар бер. (Абзал мен Темір келе жатыр.)
Темір. Армысыз, апа.
Баян. Шешеңмен бірге тербетісіп едім. Әкелші маңдайыңды. (Маңдайынан сүйеді.)
Абзал. Той тойға ұлассын дегеннен басқа ештеңе айта алатын емеспін, Қазеке.
Қазыбек. Сендердің ауыздарың дуалы ғой, сол айтқандарың да жетіп жатыр.
Абзал. Дәл бүгін атқаным тигендей, айтқаным келгені рас, сондықтан да кеудем толы қуаныш. (Келе жатқан Сәулені көріп.) Сәулешім, бері кел.
Сәуле (Абзалға бетін сүйгізе сала, екінші бетін Темірге тосады.) Темір аға, сізге бетім сәлем беріп тұр.
Теміp. Ex, тентек қарындасым! (Бетінен сүйеді де, бір қолымен құшақтайды.) Ризамын жаным, бәрін де естідім, бәрі де құтты болсын. (Үйдегілер шығып Темірмен амандаса бастайды.)
Абзал. Сәулешім, терең сырлы бауырым менің. Мен сенің кім екеніңді білмей жүр екенмін ғой.
Сәуле (таңданып). Абзал аға, мен сіздің бұл сөзіңізге түсіне алмадым.
Абзал. Әкем бүгін бәрін де айтып берді, енді түсінген боларсың. (Сәуле басын Абзалдың кеудесіне сүйейді.)
Сайран. Темір аға, сізге сәлем беріп тұрған жер астындағы танкінің командирі Сайран дейтін боламын.
Темір. Онда қолыңды әкел. Қай майданда жүрсең де батыр бол. (Шекерге қол созып.) А, Шекер қарындас, сенің хәлің қалай?
Сайран. Майдандағы сіздердің хәлдеріңіз қандай болса, біз де сондай.
Шекер. Сіздер шабуылға шықсаңыздар, біз де шықтық.
Темір. Атбекеттікті бекер-ақ алған екенсің, інішегім. Сөзге сенен көрі қарындасым-шебер сияқты. Иә, біздің майданда фашисті өлтірмеген бір жауынгер жоқ, сендер қалайсыңдар?
Сайран. Біз де дәл сондай. Біздер жауды осы жерде тұрып-ақ қырып жатырмыз. Оғы он мың километр жерге жететін бір жаңа зеңбірек бар бізде.
Теміp. Оһо, құлашты алысқа сермейді екенсің. Жарайсың, інішегім, жарайсың.
Қазыбек. Қане, енді той басталсын, отырыңыздар.
Сәуле (Миронды оңаша алып). Бұл тойды сіз басқарасыз, сонда сіз көкеме сөз бермеңіз, өзі сұрамаса Темірге де бермеңіз.
Мирон. Мақұл, (столға отырып.) Қызым, бүгінгі бесбармақ өзгеріп кеткен бе, ә?
Сәуле. Бесбармақтың кешірек келетін әдеті, Мирон Павлович, Сайран, құйып жібер. (Сайран екеуі құя бастайды.)
Мирон. Онда бұл тойды орысша бастап, қазақша бітірейік. Ал, құрметті достарым! Осы үйдің ақсақалы болғандықтан мен өзімді-өзім осы тойдың ең жоғарғы қолбасшысы санап, сіздерге әртүрлі бұйрықтар беремін, Соны бұлжытпай орындайсыздар. Мақұл ма?
Дауыстаp. Мақұл, мақұл.
Мирон. Ендеше, бірінші тосты біздің жеңісіміз болған комбайн үшін көтеріңіздер. Естеріңізде болсын, Сәуле екеуміз үшін мұнан басқа тост көтермейсіздер. Себебі, біздің машинамызда екі мотор бар, бірінсіз бірінің күні жоқ. Біз екеуіміздің де жүрегіміз сол бір машинаның екі моторы сияқты, Сондықтан, бұл тост комбайн үшін көтерілсе, біздер үшін, Сәуле мен мен үшін көтерілгені. Қане, көтеріңіздер! (Жұрт жаппай көтереді.)
Сайран (қағып жіберіп). Ұқпай қалдым, кім үшін деді?
Шекер. Үндеме де, құя бер.
Қазыбек. Мирон Павлович, ендігі сөзді мен айтайын. Өйткені бұл той екі қуанышқа бірдей арналған еді.
Тайман. Аузың қышыса мә, ет сап жібер.
Мирон. Жоқ, мен жаңағы тосты сіз екеуіміздің атымыздан көтергенмін, сондықтан, ендігі кезек жастардікі.
Қазыбек. Онда, Абзалға беріңіз сөзді.
Мирон. Жоқ, ендігі сөз Сәулеге беріледі.
Сәуле. Көкемнің айтқаны рас, бұл той екі қуанышқа бірдей арналған болатын. Мен ең алдымен сол екі тойдың ең негізгі иесі Мирон Павловичке арнап...
Мирон. Қызым, егер тәртіпті бұзар болсаң, мен сөзді Абзалға берем.
Сәуле (күліп). Бағындым, бағындым. Құрметті қонақтар, Мирон Павловичтің Отанымызға қандай еңбек еткенін білесіздер. Бізге таудай даңқ әперген еңбегі үшін миллион қабат тост көтерсек те көп емес еді. Өзі қатал бұйрық беріп қойды, сондықтан, екінші тосты, сол кісінің ұясында өсіп, ержеткен Сайрап мен Шекер үшін, солардың бақытты, тәтті өмірлері үшін көтеріңдер!
Мирон. Онда, тегіс түрегелулеріңізді сұраймын. Сұрамаймын, бұйырамын! (Жұрт жаппай түрегеледі.)
Тайман (енді ғана жадырап). Көрпелерің ұлғайып, көсегелерің көгерсін, қарақтарым, ұялмай іше беріңдер. Ата-ананың жоралғысы, азамат болғанның белгісі, көтеріңдер, қарақтарым.
Қазыбек. Е, сен тіпті шешілген құстай зытып барасың ғой.
Тайман. Сен мені мықтап байладым ғой деп пе едің?
Қазыбек. Не дейді?
Темір. Кел, қарындас. (Шекермен соғыстырады.) Сәуледей бол, менің тілер тілегім сол.
Сәуле (Сайранмен соғыстырады.) Темір ағадай батыр бол, менің тілер тілегім сол. (Бәрі көтереді.)
Мырқал (қызынып алған). Сәуле, Сәулеш, қателессем ғафу ет, біз бүгін мұнан да үлкен тойды, өз тойыңды күтіп келген едік, ол қашан болады? (Темірге жағына қарап.) Солай ма, Теміржан!
Сәуле. Мырқал аға, аңдамадыңыз ба, жоқ әлде аңдыған жеріңіз осы ма еді? Қалайша айттыңыз бұл сөзді. Егерде бұл тойды менің тойым деп келсеңдер, адасып келіпсіздер. Менің тойым әлдеқашан жасалған, қызығы әлдеқашан тарқаған. Ал, құрметті Темір аға, сезіп отырмын сырыңызды, мен қанша бақытты болсам да жаралымын. Ол — жан жарасы. Жан жарасы мәңгі жазылар емес, оны емдегім де келмейді. Тым болмаса сіздер аяңыздар мені. (Жасқа булығып сөйлей алмай қалады.)
Тайман (Мырқалға). Ей, сені осында кім шақырды?! (Сайран «күт мені »әнін шырқап қоя береді. Телефон шылдыры естіледі. Шекер жүгіріп кетіп қайта келеді де, Абзалдың құлағына сыбырлайды. Абзал асығыс кетіп, аздан соң телефонда біреумен сөйлесіп тұрғаны терегі арқылы көрінеді. Оның қуанғаны да, қатты қиналғаны да, өңінен де, әрбір қимылынан да көрінеді. Жасқа булығып сөйлей алмайды.)
Абзал. Қуанып күлерімді де, қайғырып жыларымды да білмей тұрмын-ау... (Жұрттың бәрі Сайранның әніне ұйып қалған, ауыр мұң басқан Абзал сүлдерін сүйретіп зорға жүріп келеді, оның көңіл күйін басқалар аңғармайды. Ол келіп қасында отырып Темірге әлденені ақырын айта бастайды, Темір бетін оның кеудесіне басады. Ән аяқталады.)
Сәуле (Сайранның бетінен сүйіп). Сен бұл еленді Мұрланның жүрегімен айттың-ау, бауырым.
Тайман. Қандай милау болсаңдар да, осы сөздің ар жағында қандай қымбат қасиет жатқанын сезген боларсыңдар.
Абзал. Сабыр, әке. Сабыр, Сәулеш! Біз бүгін шахтамыздан қайла, күрек сияқты ескі дүниенің жанды жеп, денені езетін ауыр құралын сыпырып тастайтын жаңа дәуірге қадам бастық, сол қуаныштың үстінде адамгершіліктің асқар шыңынан ұрпақтар дүниесіне де бір шанақ шашатын жаңа бір нұрды көргелі тұрмыз. Мирон Павлович, сол жайында айтатын Темірдің үлкен сыры бар, сондықтан, ендігі сөз Темірге берілсе екен; (Жұрт қол соғады.)
Темір (орнынан тұрып). Көңіл сырын көзден ұғушы едім. Сондықтан да, көздің жасқа көмілгенін көрмесем екен деуші едім, амалым жоқ, тағы көрдім. (Сәулеге көз тастап.) Аға деуші едің, қарындасым деп айтайын, осы сапар ағаңды жазықсыздан жазаладың. (Маңындағыларға.) Тыңдаңыздар, ата-аналар! Тыңдаңыздар, аға мен жеңгелер, қызың болса Сәуледей, ұлық болса Нұрландай болсын.
Тайман. Балам-ау, сен не деп тұрсың?
Дауыстар. Нұрлан! Қай Нұрлан?!
Темір. Кейбіреуге жара салған, кейбіреуге үрей салған Нұрланды мен білмеймін. Менің білер Нұрланым — халықтың батыр перзенті Советтер Одағының. Батыры Тайманов Нұрлан.
Сәуле. Темір аға, бұл қай мазағыңыз?
Абзал. Ол мазақ емес, жаңа обкомнан жолдас Орлов телефон соғып Жоғарғы Советтің Указын оқып берді.
Темір. Қуан, қарындасым, қуан, елім! Біріңіз емес, бәріңіз де қуаныңыздар! Егілу мен езілу, қайғы жұтып, қасірет шегу — біздерге салт болмасын. Жоғалсын қасірет, жасасын достық пен махаббат, алдымен ел үшін көтеріңіздер! (Жұрт жаппай көтеріседі. Осы кезде алыстан айғай сала жүгіріп Бөлекбас келеді.)
Бөлекбас. Сүйінші, Сәуле, сүйінші! Ә, Абзал ағай да мұнда екен ғой, қане, алдымен сүйіншімді беріңдер.
Дауыстар. Не болды?
— Не болды?
— О, қоя тұршы сен.
Бөлекбас. Өлсем де қоя ма екенмін. Аяулы, Сәулеш, тый жасыңды, өшкенің жанып, өлгенің тірілді ғой. Нұрлан тірі екен ғой.
Тайман (атып тұрады.) А, Құдай, ақсарбас. Ақсарбас емес, айттым өзімді! Не дедің, қарағым, не дедің? Айтшы тезірек, Бөлешім?
Бөлекбас. Мен жаңа ғана Москва радиосынан Жоғарғы Советтің Указын естідім. Нұрлан мен Павелға Советтер Одағының Батыры атағы беріліпті.
Сәуле. Бөлешім-ай, бауырым-ай! (Отырған оның басын құшақтай алады. Жұрттың бәрі мәре-сәре. Бәрі де орындарынан тұрып кеткен, тек Абзал ғана өз орында міз бақпастан сілейіп отыр. Жұрттың бәрімен құшақтасып шаттығы шалқып жүрген Сәуле ең соңында соны келіп құшақтайды.)
Сәуле. Тым алыстан аспандап кеттіңіз ғой, кімді іздеп отырсыз, жан аға?
Абзал. Не көрсем де осы қуаныштың үстінде көргім келіп отыр. Әлем аспанына бүгін ғана пайда болған сонау бір жарық жұлдызға қарашы.
Сәуле (ойлана қалып, шошына қарайды.) Үйіңізде ауыр аза бар ғой, не айтқалы келесіз, Абзал аға.
Абзал. Мен саған Нұрланның сол жұлдыздай жарқырап алыстап кеткенін ғана айтып отырмын.
Сәуле. Алыстағаны қалай?
Абзал. Белгілеп ал да, бүгіннен бастап сол жарық жұлдызды Нұрлан деп атайтын бол. (Сәуле енді бәрін де сезіп атып тұрады.)
Сәуле (көзін Абзалдан алмастан әркімге бір жабысады. Жаны ыршып, дауысы шар етеді). Жалған... Жалған! Нұрлан өлген жоқ... нанбаймын, жоқ... Жоқ... Нанбаймын. (Әркімді бір құшақтай алып.) Әкетайлар... Апатайлар... Ағатайлар... тәтетайлар... бауырларым... нанбаңыздар. Менің Нұрланым өлген жоқ. Ол өлмейтін адам, нанбаңыздар. (Оның шырылдаған дауысы жұрттың бәрінің жанын шырылдатып тұрғандай сезіледі, олардың Сәулеге әлденені айтқысы келеді, бірде бірінің үні шықпайды, қайсыбірінің көзінен жас моншақтайды. Сәуле әлсіз қимылмен, залға жақындайды, үні де әлсіз.) Бәріңізге де жалынамын, нанбаңыздаршы!..
Азынаған соғыс сарыны, аңыраған азалы музыка өксіп барып өшеді де, шаттық музыкасы шалқиды.
ЭПИЛОГ
Сахнаның қақ төрінде ақ мрамордан жасалған, мәңгілік оты маздаған, төскейінде Нұрлан мен Павелдің алтын жұлдыз белгісі бар суреті жарқыраған бір ескерткіш тұр. Сол ескерткіштің алдында бір буда гүлді құшақтап ақ шашты ана тұр. Сәуле, Тайман, Қазыбек келе жатыр. Олар ана дауысын тыңдап тұра қалады.
Ана. Иә, өлген жоқ. Оның сонау орталық алаңда неміс басқыншыларының алдында қасқайып тұрып: «Егер мені елді деушілер бола қалса оған ешқашанда нанбаңдар!»—деп салған айғайы менің Құлағымнан әлі кеткен жоқ. Рас, ол бірнеше жылдан бері менің жалғыз ұлым Павелмен бірге мынау ақ мрамордың астында жатыр, бірақ олар мәңгі тірі. Өйткені олар — Отан үшін елу — ең ұзақ өмір сүру екенін көрсеткендер. Рас, олардың кім екенін кезінде ешкім білген жоқ. Олар — немістердің бір жыл бойы азаптанып қалпына келтірген ең алғашқы алып шахтасын бір жетіге жеткізбестен талқан етті, оны да кезінде ешкім білген жоқ. Олар — басқыншылардың талай шонжарын сол талқаны шыққан шахтаның астына тірідей көміп жіберді, оны да кезінде ешкім білген жоқ. Олар сол шахтада жұмыс істеген тұтқындардың екі жүз елудейін құтқарып жіберді, оны да кезінде ешкім білген жоқ. Бірақ сол ерліктердің бірде-бірінің ізі өшкен жоқ, сондықтан да олар өлген жоқ. Екеуінің кеудесінде жарқыраған сонау Алтын Жұлдыздар, екеуінің мазарында маздаған мынау мәңгілік от — сол мәңгі жасаудың айғағы!
Сәуле отқа үнсіз жақындап келіп, тізе бүгеді.
Шымылдық.