Қазақстанда eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасында шұғыл госпитализация туралы хабарлама қызметі пайда болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Денсаулық сақтау министрлігінде айтылғандай, енді адам жол апатына түсіп, кенеттен өзін нашар сезінсе немесе басқа себеппен ауруханаға түссе, оның жақындары госпитализация туралы хабарлама ала алады.
Ол үшін eGov-та "Госпитализация жағдайында хабарлау үшін сенімді байланыстарды тіркеу" жаңа қызметі пайда болды. Қазақстандық үш сенімді тұлғаға дейін көрсете алады, оларға госпитализация жағдайында хабарлама жіберіледі.
Тегін қызметті ресімдеу үшін eGov.kz порталында: авторизациядан өту; "Госпитализация жағдайында хабарлау үшін сенімді байланыстарды тіркеу" қызметін таңдау; сенімді тұлғаның ЖСН-ін көрсету қажет.
Сенімді байланыс 18 жастан асқан және Мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы керек екендігі атап өтілді. "Осыдан кейін пайдаланушы жеке деректерді өңдеуге және денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді беруге келісімін растап, сұраныс жібереді. Көрсетілген адамға тіркелуді растау немесе қабылдамау ұсынысы бар SMS келеді. Растау үшін 911 кодымен жауап SMS жіберу керек, бас тарту үшін - 912. Шешім қабылдауға 5 сағатқа дейін уақыт беріледі", - деп нақтылады ведомствода.
Егер сенімді байланыс тіркелуді растаса, пайдаланушы сұранысқа қол қояды. Осыдан кейін тіркелген байланыс туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне беріледі.
eGov Mobile мобильді қосымшасында қызмет "Мемлекеттік қызметтер" - "Денсаулық сақтау" бөлімінде орналасқан. Пайдаланушы сенімді байланыстарды тіркеу қызметін таңдап, осыған ұқсас процедурадан өтуі керек. Өтінішті Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесімен өңдеу 10 минутқа дейін уақыт алады.
Ведомство қызмет жақындарының жағдай туралы тезірек біліп, пациентпен немесе медициналық ұйыммен уақытында байланысуы үшін жасалғанын қосты.


