Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 16 сағат бұрын)
Екі дүние есігі

22 жасымда жарық көрген «Тұңғыш кітабымның» редакторы, ғажайып ақын Тұманбай Молдағалиевке!

Өмір деген ұлы кеңістік пен шексіздік арасындағы жылт етіп жанып-сөнген ұшқын секілді қас қағым мезет.

Ақылды адамдар өмірдің мәнін тіршілік иесінен емес, сол шексіздік, сол ұлы кеңістіктен іздейді. Жарық дүниенің арасы есік пен төрдей дейді қазақ. Өмірге келдің, жүрдің, кеттің, бар болғаны сол ғана. Енгенің, жүргенің, жайлап басып шығып кеткенің тәтті түс секілді. Жарық әлемге шыр етіп келгенде жалаңаш енеді екен, қараңғы шексіздікке мұңайып жөнелерде жалаңаш кетеді екен... сонда екі ортада көрдік, сүрдік, рахаттандық, құштық, таттық, тұшындық деп жүргеніңнің бәрі уақытша... өзін-өзі жұбату, өзін-өзі көтермелеу болса — бұл өмірдің басқа мәні бар ма деп кісілер көп ойланыпты.

Сол ойдан шашы ағарып, еңсесі еңкіш тартып, санасы сарғайғанша сарсылған хан болыпты. Өзге елдің әміршілерінен айырмашылығы қанағатшыл болыпты. «Басқа елді жаулап алайық... пәленшенің әйелі ғажайып сұлу екен... байлығы асып-тасып жатыр... пәлен-түген...» деп азғырған уәзірлерін маңайынан қуыпты. Ең ғанибеті — еліне тыныш өмір сыйлапты. «Соғыс, ұрыс-керіс, кісі өлтіру, қиянат, ғайбат, бәрі-бәрі екі нәрседен шығады, - депті әлгі хан. — Бірі қарынның, екіншісі нәпсінің қамынан. Қарыннан қанағат кетсе адамды ашкөздік, ашқарақтық, тойымсыздық, ішсем, жесем, күлсем, жүрсем, байысам деген мінез аздыра бастайды, ал нәпсіден қанағат кетсе ол да пәле. Құштарлық оты бойын қыздырып, төсегінде дөңбекшітіп, көрінген ұрғашыға ғашық болады, сол ұрғашының әуенімен әуейіленіп жүріп неше түрлі қастыққа, қиянатқа тізгін береді, ойы онға бөлінеді». Осы дүниеауи себептерге қиял жіберіп, жүрегіне тоқтам мен қанағатты қасиет етіп қондырған әлгі хан жұртына аса жайлы екен.

Артында қалатын ізбасарының қамын жепті. Жалғыз ұлы болыпты.

Перзентінің әзәзілдің азғыруынан, сайтанның сыбырынан аулақ ұстап, мына төрткүл дүниедегі не қилы азап пен қиянатты көрмей өссе... жарық тіршілікке қандай жақсы ниетпен келсе — сондай бейкүнә сүттей ақ, судай таза қалпымен өтсе деп армандапты. Ақылды адам сіз бен біздей емес. Себептен салдар туғызып, сол жалғыз ұлының есімін Гаутама қойып, желкілдеп өсіп жетіле келе нәпсі мен қарынның құлы болып кетпесін деп ештемеден қолын қақпайды, ештемеге мұқтаж етпейді. Тек қана күтуші, қараушы ұстаздарына: «Баланың көзіне қиянат атаулыны көрсетпеңдер!» — деп қатты тапсырады.

Көше толған қиянат.

Бірін-бірі тонап, алдап, саудаласып жатқан жұрт та сол көшеде. Қол жайып қайыр-садақа сұрап тұрған да сол көшеде. Қапылыста қысастық қып кісі өлтіріп кетіп жатқандар да сол сыртта. Гаутамаға сол сұмдықтарды көрсетпеудің жалғыз амалы — сыртқа шығармай ұстау. Ханзаданың сарайын биік дуалмен қоршатады, кірген-шыққан есікке мықтап күзет қояды. Адам жанына не қажеттінің бәрін сарай ішіне жасатады; әдемі әуіз, саят құратын аңдар мекені, жеміс-жидектің не қилы түрі, бәрі-бәрі осынау қоршау ішінен табылады. Үлкен әуліжай төріне жер бетінің жұмағын орнатады.

Гаутама ештемеден таршылық көрмей өседі. Өсе келе бойына желік, қанына құштарлық қызуы енеді. Ұстаздары дереу қаһарлы әкеге жеткізеді. Осылай да осылай, балаңыз түні бойы елегізіп, төсегінде дөңбекшіп ұйықтай алмайтын болып жүр дейді. Әкесі басын шайқай отырып, болмас-болмас деп, елден етегін жел ғана ашқан, сұлулығы тамсандырған сексен төрт мың қыз жинатып, гаремге бәрінің басын қосып, баласына сол гаремді сый етіпті. Ханзада хош иісті сұлу бақта сұлулармен еркін ойнап, нәпсісін тойғызып, ыстық, ынтық тіршілік кешеді. Күндердің күні ханзада қыз біткеннен жалығады, көшенің шуылына қызығады. Ұстаздары дереу етегіне сүрініп жүріп әкесіне жеткізеді, осылай да осылай, ханзада қыз, төсектен жалықтым, сыртқа шығарыңдар деп ойбайын салып, қиғылықты көтеріп жатыр. Қатулы әке ойлап-ойлап: «Мақұл, - дейді, -алды-артына мықтап күзетші-сарбаз ілестіріп, күймемен ғана алып шығыңдар!» Сәлдесінің ұшы шұбалып шығып бара жатқан ғұламаны дауыстап кідіртіп алады әмірші. «Қалай етсеңдер де амалын ойлап, ханзадаға қиянатты көрсетпеңдер, көзіне жақсылық қана түсетін болсын!.. Барыңдар!.. Орындаңдар!..»

Ұстаздары ханзаданы сыртқа алып шығу үшін көп даярлық жасады. Әдемі күйме сайлайды. Күтуші, күзетшіні мол ғып жасақтайды. Жерге түссе бетіне күн тигізбесін деп желпуіш күнғағар ұстаған құл алады, сусын ұсынатын, бетінен шыбын қағатын күтуші қаншама! Әбден сайланып болдық-ау дегенде... күндердің күнінде... жайма-шуақ мамыр кешінде... сыптырғыдай сыланып қорғаннан сыртқа шығады.

Ханзада мәз, қасындағы сұлу қызбен әзілі жарасып жарқылдай күліп күймеде келе жатады. Кенет! Көше жиегінде бүкшиген, таяғына сүйеніп әрең ілбіген әлдебір ұсқынсыз сұлбаны көріп қалады. Айқай салады.

— Тоқтаңдар, әй! Мынау не пәле?

Оң бүйіріне тақау тізе бүккен ұстаз күймеден басын шығарып қарайды. Көше жиегінде таяғына сүйеніп, әзер ілбіген, бетін әжім басқан, жалаң аяқ, жалаң бас, үсті өрім-өрім қарт кісіні көреді. Айтпауға амал жоқ енді. Көріп, біліп тұрып қалай айтпасын.

— Бұл қарттық, — дейді — адам жасы жетіп әбден қартайғанда өстіп можа болып қалады.

— Сонда қарттық маған да келе ме?

— Қарттықтан ешкім қашып құтыла алмайды. Сіздің басыңызға да осындай ғанибет күн төнеді.

Гаутама сұлық түсіп ойланып отырып қалады. Ойлап жүрген: «Адам ешқашан қартаймайды, гүлдей жайнап жас болып жүре береді» деп. Сөйтсе, мына мүсәпір, мүшкіл сұлбаға ұқсап, селкілдеп, сіресіп, серейіп, қураған ағашқа бейімделіп шыға келмекші ме? Шарапты кім ішеді, сұлуды қайтіп құшады ендеше? Ханзаданың еңсесі ауыр ойдан езіліп кеткендей болады. Сол ойдан айыға алмай, жадырамай, түнерген күйі жарлық жасайды.

— Бұрыңдар көлікті, ешқайда бармаймын, бұл дүниеде көретін қызық соншалық көп емес екен, сарайға қайтамын.

Гаутама жылы мекеніне өліараның жер бауырлаған сылбыр бұлтындай тұнжырап оралды. Көңіл-күйі таспен бастырғандай еш көтерілмейді.

Күндердің күнінде ханзада сарайындағы ойын-күлкі мен қыздардың оттай ыстық құшағынан жалығып тағы сыртқа шығып қайтуды ойлады. Ұстаздары бұл жолы жаяу серуендемек болып келіседі. Ханзада жайраң қағып келе жатады. Кенет алдан кес-кестеп әлдебір екі аяқты, үсті-басы қара қотыр, шашы түскен, әр жерінен шиқан шығып, көзі іскен құбыжық көреді. Гаутама шошып кетеді.

— Мынау не?

Екі елі қалмай жүрген нөкерлері: жер бетінде адамға жабысатын ауру болатынын, ол ауру бір жабысса денені құртша кеміріп сау-тамтығын қалдырмай тоздыратынын айтып түсіндіреді. Ханзада жұмақ секілді мекеніне тұнжырап оралды. Көшеде көрген әсерінен айыға алмай, еңсесі зіл тартып апта жүреді. Ұлының бір пәлеге ұрынғанын әкесі іштей сезеді. Сұрайды, ханзада ләм демейді. Сәл болса да сергісін деп ұлын аса көрікті қызға үйлендіреді, тойын жасап жарты патшалықты дүбірге толтырады. Ай өте ме, жыл өте ме, ол арасы бізге беймәлім. Гаутама бір күні ойда жоқта «сейіл құрамын» деп мекенінен сыртқа шығады.

Келе жатып көшеде, арба үстіне серейтіп салып қойған, ұйықтап кеткен секілді әлдебір денені көреді. «Бұл не» — деп сұрайды. Сонда аузын буған өгіздей бұрын-соңды «өлім» туралы тырс етіп үндемейтін нөкерлері, амалсыздың күнінен шынын ашады. «Жаны жаһаннамға шығып кеткен, енді қайтып жер басып жүрмейтін, тәні көрге көмілген соң топырақ болып шіритін өлік деген осы», — дейді.

Ханзада дүниеде туу бар да өлім бар, арасы айшылық жолдай тым ұзақ емес екенін шындап сезеді. Сарайына тұнжырап оралады. Он алтыға жаңа толған қалыңдығы аузын ашып, тілінен бал сорғызады, ханзада жадырамайды, анасы жарлық беріп қазынада тығулы жатқан жақұт тасын алғызып, білегіне әкеліп тағады, селт етпейді; әмірші асқар Алатаудың арғы жағынан олжалап келген сәйгүлікті билете басқызып алдына тартады, ханзада тақым басуға құлқы болмай әлгі арғымақты көлеңкеше ілескен нөкеріне «сен ал», — деп сыйлап жібереді.

Күндердің күнінде құшағы от, демі жұпар сұлулардың құшағынан сытылып, бұрын табалдырығынан аттамаған қақпаның сыртына шығады. Еңсесін ой езіп, аяғын әзер басып келе жатады. Арық жиегінде күнге күйген ағаш түбіртегіне сүріне жаздайды, айналып қарайды, түбіртек дегені — белуарына дейін жалаңаш, қабырғасынан күн көрінген, күнге күйген, шашын ұстарамен қырғызған мүсәпірге сүрініпті. Жолаушының аяғы тиді деген ой қаперіне кірер емес, өз ойына өзі көсіліп, жарық дүниедегі жан атаулыны менсінбей, күйкі тіршілікке көңіл бөлмей, тәкаппарсып отырысы сұмдық. Қарап тұрып қайран қалады.

Осыншалық азабы ауыр дүниеден бойын аулақ салып, көргеніне салауат, тіршілігіне шүкіршілік қылып менменсіп отырған тәйтік немені таптап жібергісі келіп тұрды-тұрды да: — «Мына менменсінген тәйтігің, кім?» деп сұрайды нөкерінен.

— Жарықтығым, тақсырекем, — деп түсіндіреді нөкері, — бұл бақи дүниенің бары-жоғын көзге ілмейтін, бар-жоққа жанын ауыртпайтын, тірі кісіні менсінбейтін, бой-басын аса таза сақтайтын тақуаның нақ өзі; бұлар білімнің соңына шам алып түсіп, санасына ілім өтіп кеткен, бойын пендешіліктен бір бел биіктетіп үлгерген кісілер.

— Сонда қалай?! — деп таң қалады Гаутама, — бұл пақырлар ханзаданы да менсінбей ме?

— Менсінбейді.

— Тұла денесінде лыпасы — жалғыз шүберек бұл пақырлар алтын ақшаға да қызықпай ма?

— Қызықпайды.

— Қан қыздырған сұлу әйелдің құшағына енуге де құлқы жоқ па?

— Құлқы жоқ.

Гаутама қарап тұрып таң қалады: «Құданың құдіреті, — дейді, — ішпей-жемей тойған қозыдай, сәл нәрсені қанағат тұтқан, дүниеге қызықпаған, құштарлыққа бой алдырмаған, өзін бәрінен жоғары қойған, барша дүниеге көкірек көзімен қараған, нұр сәулелі сопылық құрған дүние де жақсы екен-ау!»

Сол күннен бастап ханзада өзін-өзі тақуа болуға әзірлейді.

Мол дәулет, ғажайып салтанат, мың сан сұлу кәнизак, алтынмен аптап, күміспен күптеген кең сарай адыра қалады... бәрін-бәрін талақ етіп басы ауған жаққа қашып шығады... сөйтіп аз уақытта Алла тағаланың жерге жіберген елшісі — Буддаға айналады. Будда — өңінде өмір сүретін адам деген сөз.

Будда былайғы өмірінде ауру адамды емдеуге, жарлыны әлдендіруге, ашты тойындыруға, кещеге сана беруге, жендеттің жүрегін жұмсартуға күш салып өзінің ілімін жасайды. Ілімге жету үшін қалыңдығын, ұлын, мың сан кәнизагын, байлығын, барын-барын тастап, тау басына шығып алып, биік дарақтың үстіне малдас құрып қиялға беріледі... Күндіз-түні маңайындағы құжынаған өмір базарының парқына, нарқына, қызығына, уайымына, қайғысына, құпиясына ой жіберіп, қиялдан қиял туғызып әуелі жүрек басына шүкіршілік жинайды; жүрекке жинаған шүкіршілік жылдар өте қанағатқа айналады. Кәдуілгі ішпей-жемей тоятын, көрмей-тұшынбай місе тұтатын, маңайына тек қана жақсылықтан, мейірден жарық сәуле тарататын халге жеткенде — нирвана ілімінің шеңберіне енеді. Сол мезеттен бастап Буддаға атқан жебе дарымайды... Дүниеауи пендешілік пиғылдан арылған Будда былайғы өмірін барша адамға жақсылық жасауға арнайды.

О заманда алып кел, шауып кел толастаған ба?.. Сондай бір соғыста әлдебір сарбазға жебе тиіп жараланады. Әлгі сарбаз жәрдемге келген жолдасының қолын қағып: «Әуелі бұл жебені атқан кім, соны біліп алайын, сосын бүйірімнен суырып тастайын», — деп кідіртеді. Жолдасы жүгіріп барып, сұрау салып, жау жағынан соңғы мәрте кімнің садақ тартқанын сұрайды. Қайыра ентігіп жетісімен жебені суырмаққа оқталады, сөйтсе бейбақ сарбаз тағы қолын қағады. Біліп кел дейді: «Мені көздеген жігіт қай руға жатады екен?». Жолдасы жау жағына және жүгіріп жөнеледі. Соңғы мәрте садақ тартқан жігіттің қай ұлыстан, қай рудан екенін сұрап біледі. Қайыра ентігіп, өкпесі өшіп жеткені сол — жолдасы жантәсілім етіп үлгеріпті. Мына оқиғаға куә болған Будда айтады: «Қажетсіз сауал ми кептіріп, қажетсіз білім жанға дауа болмайды. Әлемнің шегі бар ма, әлде әлем шексіз бе — оның бізге қажеті аз. Будда нирвана ілімінен кейін өмір сүре ме, жоқ па — оның пенделерге келер-кетері жоқ. Ең ғанибеті — бойындағы жамандық жебесін ерте де емес, кешігіп қалмай, дәл мезгілінде суырып тастау», — депті.

Мұны күнде келіп сабақ алатын шәкірті түсінбепті. Сонда Будда былай депті: «Жараланған жауынгер әлгі жебені жаудың бұған жіберген ызасы, кегі деп ойлады, ал шын мәнінде, әлгі жебе жауынгердің бүйіріне келіп қадалған тағдыры болатын. Тағдыр шеңберінен аттап өту оның талайына жазбаған. Тағдыр сызығынан өзін-өзі жеңе алатын, өзін қолға алатын адамдар ғана аттап өтеді. Шәкіртіне түсінікті болсын деп Будда баян етеді: жерді орап жатқан мұхиттың дәмі тұзды болса, менің білімімнің дәмі — адамзатты жазмыштан құтқару ғана. Құтылу, құтқарудың өзі — нирвана!

Шәкірті тағы сауал қояды.

— Бір сипаттан келесі сипатқа ауысу сіздің біліміңізде қаралған ба?

— Өзгеріске түсу ақындық шабыт секілді. Менің білімім бойынша жан ешқашан ауыспайды, жоғалмайды. Тән иесін өзгеріске түсіретін ерекше сана қабаты. Кісі ақыл-күшін жалғыз нүктеге жинау арқылы әр қилы құбылысқа, болмысқа айналуға болады.

— Қанағатқа қалай жетуге болады?

— Қазір ғана жарық дүниеге келдім, бұрынғының бәрі түс қана, тағдырымды қолыммен жасаймын, өзімді-өзім рахат күйге кенелтем, қуанышқа бөлеймін деп ұмтылғайсың. Күнде ертемен оянып ап, көзіңді ашып ойла, әйтеуір пендешілік астамшылықты естен шығармай ойла, жүрегіңе үйіріліп қанағат толады. Келер күнге үміт артуға, я, артқа шегініп жоқтыққа ұмтылуға жол ашылады. Пендешілік ойды, бір нәрсенің соңына үңіліп түсуді қойған кезде — әрекетің, қалыбың таңғы будай жеңілдеп, бойың сергіп, жолың болған кісідей көтеріліп кетесің. Жер үстіндегі қанағат осы!

— Ұстазым көрсетіп еді деп айтып жүрейін сиқыр жасаңызшы.

— Жалаң аяқ су бетімен сызып қана жүріп өту, қызыл шоқты қолмен ұстау, сал боп жатқан ауруды сипап тұрғызып жіберу сиқыршының өнері. Менің өнерім — мойынсұну, жаратқан иеге жақындай түсемін. Мені ұстаз тұтсаң — сиқырымды емес, сырымды үйрен.

Шәкірті бұл сөзге түсінбейді.

— Жаратқан иеге жақындай түсу қашан бұйырмақ?

— Шәкіртім, сана шектеулі, жүрек шексіз, келешекте қай-қай білімпаз болмасын сана мүмкіндігін тауысып, жүрек шеңберіне тұрақтайды. Сана болжай алмаған нәрсені жүрекпен сезіп біледі. Сол кезде адам өмірі ғажайып әуенге, бояуға, әсерге, сезімге айналады; адамдар бірін-бірі жүрек айнасына түсіріп танып алмақ.

Шәкірті Гаутаманың сөзін жаңа түсінді. Былайғы өмірімді ұстаз сызып көрсеткен жолмен жүріп өтемін деп уәде беріпті, қос қолын кеудесіне басып, басы жерге жеткенше тағызым етіпті. Кешкі көлеңкеге ілесіп үйден шығып жөнеліпті, ұстаз оңаша отырып қатты елегізіпті.

Гаутама күнде кешкілік биік басына шығып батып бара жатқан күнге қарайды екен. Бір күн сөйтеді, екі күн сөйтеді, ақырында алып нұрды қонар ұясына шығарып салу сүйексіңді әдетіне айналыпты. Биік басына шығып, жалпақ тастың үстіне малдас құрып ойға шомып, өз ішіне өзі үңілгеннен үңіліп дүниенің өткіншілігін, әурешілігін, үмітсіздігін жүрегімен түсінеді. Ақырысында болмысын қанағат сезім бітеді. Қанағатты қасиет тұтқан кезде адам өзінің жан дүниесіне жылтыратып шам жаққандай сезінеді. «Түптің-түбінде адамды «болсам» деген үміт бұзады, — дейді Гаутама. — Біреу бай болсам, біреу атақты болсам дейді, болмай-ақ тіршілік кешейін дейтін бірі жоқ. Егер сол «болсамды» жоя білсек, жер бетінде қулық-сұмдық, қайғы-қасірет, алдау-арбау қосыла жоғалар еді. Әркім өзін қалай жақсы көрсе — Жаратқан иені де солай сүймек ләзім».

Бір күні Гаутама туған жерін, өскен ортасын сағынып таудан ойға түседі. Ортасы шүңейттеніп құжынап жатқан қалаға енеді. Таныс көше, өзі өскен ғимарат осы. Алыпсатар делдал алақан жайып «садақ бере кетіңіз!» деп екі мәрте алдын кеседі. Пайғамбар қатты ыңғайсызданады. Қаланы аралап келе жатып көше құйымшағына шығып кетеді. Аңдар бағына енеді. Темір торға қамап қойған неше түрлі хайуанаттар «мынау неге бостандықта жүр» дегендей Гаутамаға таңырқай қарайды. Гаутама сыз жерде есінеп отырған арыстанды көреді, бүйірі қабысып дамылсыз жортқан аш қасқырды аяйды. Шыдай алмай тордың тиегін ағытып, қос жыртқышты босатып қоя береді. Аңдар бағының иесі бұл бассыздықты бас қазыға айтамын деп қала орталығына шабады. Көрген жұрт үрейленіп шуласады. Әлгі ызалы арыстан, бүйірі қабысқан қасқыр беталды лаға қашпай көше бойлап Гаутаманың соңынан ілесіп отырады.

Мына суретке қараңыз: ызы-қиқу шу, бірі қорқып, бірі қызығып қол шошайтқан жұрт. Сақал-шашы ағарған, жұпыны киімді кісінің соңынан жұмсақ басып ілескен арыстан мен қасқыр. Жарғақ шарқайды сырп-сырп сүйретіп, соңына қос жыртқышты ілестірген бейшараны баяғы ханзада деп ешкім ойламайды. Ханзада хан сарайдан қашып кеткелі қаншама су ақты, нешеме жел гуілдеді, таулар мүжілді, көлдер суалды. Адамдардың пейілі күйген терідей бырысып-тырыса түсті. Гаутама көшені аралағаннан аралап мәуесі малынған хансарайдың тұсынан екінші мәрте көлденеңдеді.

Таныс сүрлеу. Күміс шыққа малынған гүл. Құрма ағашы, шырмауық бүркенген әдемі сәкі. Сылдырап аққан бір бұрым бұлақ. Сылдыр еткен қыз күлкісі. Жастық шағы есіне түсіп Гаутаманың жанарына сақиналап ыстық жас кілкіді. Қақпа ернеуіндегі қоңырауды шалғысы кеп оң қолын екі мәрте көтерді. Үшіншіде оң білегін сол қолымен ұстап кідіртті. Жүрегі құрғыр езіле елпектей лүпіл қақты.

Емен қақпа, мәрмәр басқыш, жасыл түкпірден лықси соққан жібек жел осы дүниенің жылуы мен қызығынан хабардар берсе, соңынан сүмеңдеп ізбе-із ілесе келген қызыл көз арыстан, бүйірі қабысқан қасқыр, шоқтай болып жанып таусылуға айналған ұлы нұр басқа бір дүниенің келбетінен елес бергендей.

Жанып таусылуға айналған ұлы нұр адам өмірі болмасын.

Гаутаманы амалсыздық жеңіп, екі аттап, үш аттап, шегініп кетеді. Әуелгіде әлгі әсерден есеңгіреп теңселіп, қайда бет аларын білмейді. Арыстан иесіне аңтарылып қарайды, аш қасқыр біз тұмсығын көкке іліп кеңірдектеп ұлиды. Қайткені жөн?.. Өмір деген ұлы кеңістік арасындағы жылт еткен ұшқын. Есік пен төрдің арасы. Енді айналып қараса, есік жақта жанары шатынаған ызалы жолбарыс, төр жақта құлақты қытықтап жастығын еске салған күміс күлкі... қайсысы опалы, қайсысы опасыз... түбіне үңіліп көр!.. Гаутама сол шегінгеннен мол шегініп жылыстай жылжып қаладан шығып кетеді.

Содан кейін Гаутаманы көрген, білген, естіген тірі пенде болмапты.

Алыста ақ бас тау. Етегіне тақаған сайын мұзарт басы шегіншектеп ығысып кететіндей, жан баласына жеткізбейді. Ұлы нәр әлдеқашан жанып таусылған, қас қарайған. Өмір опасыз. Тумақ бар да өлмек бар. Ақылды кісілер еңсесін салып, тіршілік мәнін ойлана жатар. Ал сіз бен біз осынау тіршілікте ешқандай қиянатқа бармай, көңілге қанағат, тоқтық сіңіріп, Гаутама-Будданың басынан кешкен оқиғасын көңілге тоқып өтелік.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама