Алматыда 25 тамыздан бастап электросамокаттардың жүруіне қатысты жаңа талаптар күшіне енеді: оларға тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолында жүруге тыйым салынады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жолдың жүру бөлігіне тек кәмелетке толған электросамокат жүргізушілері шыға алады. Ол үшін кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі мен қорғаныс дулығасы қажет. Қараңғы уақытта жарық қайтарғыш элементтерді де пайдалану керек.

«Ең басты өзгеріс — электросамокаттарға тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолында жүруге тыйым салынады. Сонымен қатар, жолдың жүру бөлігіне тек кәмелетке толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі мен қорғаныс дулығасы бар азаматтарға ғана шығуға рұқсат етіледі», — деп атап өтті Әбдінур Тасыбаев.

Жаңа талаптар электросамокаттарда жолаушылар мен жүк тасымалдауға да тыйым салады. Жаяу жүргіншілер өткелін кесіп өткенде жүргізуші самокаттан түсуі тиіс.

Жалға берілетін электросамокаттар тіркеу нөмірлерімен жабдықталып, міндетті сақтандырудан өтуі керек. Кикшеринг компаниялары самокаттардың техникалық жағдайын, олардың жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға міндетті.

Бұған дейін «Курсив» Алматы полицейлері бір демалыс күндері 298 электросамокатты, үш мопедті, бір электровелосипед пен бір мотоциклді арнайы тұраққа қамағанын хабарлаған. Қаланың Жетісу ауданында осы уақыт ішінде жол қозғалысы ережелерінің 152 бұзушылығы анықталған, оның ішінде көлік құралдарын пайдалану мен жолаушылар тасымалдауға байланысты.