Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 апта бұрын)
Еңбек қорғаудың жалпы талаптары
Астана қаласы,
№53 мектеп - лицей
технология пәні мұғалімі
Канафин Толеш Сапарович

ЕҢБЕК ҚОРҒАУДЫҢ ЖАЛПЫ ТАЛАПТАРЫ
Оқу шеберханаларында еңбекті қорғау
Еңбек қорғаудың негізгі міндеті — заң актілері жүйелерін және оларға сәйкес әлеуметтік - экономикалық, техникалық, тазалық сақтау және ұйымдастыру шараларын талдап, орындау болып табылады, мұның бәрі еңбек процесі кезінде денсаулық сақтау қауіпсіздігін және оқушының еңбек қабілеттілігін қамтамасыз етеді.

Еңбек қорғауға еңбек заңдылықтары, қауіпсіздік техникасы және өндірістік санитария жөніндегі мәселелер кіреді. Барлық оқушылар жұмыс істеудің қауіпсіз әдістерін үйреніп, игеруге және қауіпсіздік техникасы ережелерін жақсы білуге міндетті. Белгілі тапсырмамен жұмысқа кірісетін әрбір оқушы қауіпсіздік техникасы, бойынша алғашқы нұсқаулар алғаннан кейін ғана іске кірісу керек.

Оқушылардың алатын алғашқы нұсқауы кіріспе, жұмыс орнындағы алғашқы, қайталама, жоспардан тыс және күнделікті болып бөлінеді. Жұмысқа кіріспес бұрын әрбір оқушы өз ойын мұғалімге айтып, арнайы оқу құралдарымен танысуы керек. Шеберханадағы алғашқы, қайталама, жоспардан тыс, күнделікті нұсқауларды тікелей жұмыс жетекшісі - мұғалім жүргізеді. Ол алғашқы нұсқауды жаңа тапсырманың алдында оқушыларға жұмыстың қауіпсіз әдістері мен жолдарын көрсету арқылы жұмыс орнында көрсетеді. Қайталама нұсқаудың мақсаты - оқушылардың білім деңгейін көтеру. Ал жоспардан тыс нұсқаулар еңбекті қорғау ережелері мен технологиялық процесте өзгеріс болғанда ғана жүргізіледі.

Жұмыс нұсқаулары кезінде оқушылар шеберханадағы тәртіп ережелерімен танысады, жарақат туғызатын негізгі себептердің, жабдықтардың, құрал - саймандардың, әсіресе электр жүйелерінің ақауларын және т. б. жұмыс істеудің теріс әдістерін естіп біледі. Жұмыс орнында нұсқауды мұғалім жүргізеді, ол жұмыстың қауіпсіз әдістерін, техникасын түсіндіреді, электр қауіпсіздігі, жұмыс орнын ұстау тәртібі, оқу механизмдерінің құрылысын, жұмысқа қосу ережелерін, станоктарды тоқтату, тексеру және майлау туралы мағлұмат береді.

Ағаш шеберханаларындағы жарақаттанудың негізгі себептері:
• жабдықтардың дұрыс орналастырылмауы;
• қорғаныш қалқаңдарының мүлдем болмауы немесе жетіспеушілігі;
• іске қосқыш аппараттардың қанағатсыз күйде болуы;
• жұмыс істеудің қауіпсіз әдістерін оқушылардың нашар білуі;
• құрал - саймандар талаптарға сәйкес келмеуі;
• құрал - саймандардың жүзі өткір болмауы;
• мұғалімнің қауіпсіздік ережелерін дұрыс бақыламауы т. б

Сондай - ақ шеберханалардағы жабдықтардың орналасуы, оқушылардың ары - бері өтуі есептелуі және олардың жүру жолдары қысқа болуы тиіс. Станоктардың орнығуы мықты, қозғалыссыз, жұмыс кезінде ешқандай тербеліссіз болуы талап етіледі. Оқушылардың бойына сәйкес, ал аласа оқушыларға арнаулы, жылжымалы баспалдақ жасалынуы міндетті. Жабдықтардың өзі сенімді қалқалармен, шаңдарды, қиқымдарды, ағаш ұнтақтарын сорып алатындай желдеткіштер, сондай - ақ кесілген материалдарды беріп тұратын механизмдермен қамтамасыз етілуі керек. Кескіш аспаптардың (ара, фрез, пышақ, қайрақ қалпақшасы) жұмыс бөлігі өңделетін материал мен аспап өткен кезде ашылатын, сонан соң автоматты жабылатын қоршаумен жабылуы қажет Мұның өзі өңделетін материалдың биіктігі мен енінің көлеміне сәйкес болады, қоршау мен сақтандырғыш құрылғы қалдықтардан тазартуды қиындатады. Бойлығына қарай кесуге арналған дөңгелек жүзді станоктарда жұмыс істеу қауіпті болады. Сондықтан оқушыларға ондай станоктармен жұмыс істеуге мүлдем тыйым салынады. Кесу, арнайы шикізатты дайындау жұмыстарын мұғалімнің өзі орындауға міндетті.

СТД - 120М ағаш жону станогінде жұмыс істеген кезде оған жонылатын шикізатты дұрыс таңдап алу керек. Жонылатын ағаш жарықсыз, сызатсыз, шіріксіз болуға тиіс, егер бұл талаптар ойдағыдай орындалмаса, жонылып жатқан бұйым сынып, жарақаттауы мүмкін. Сондықтан мұғалімге тексертіп алу - міндет. Жасайтын бұйым станокқа орнықтыру ретімен мықты бекітілуге тиіс. Оның артқы бекініс штогына міндетті түрде май жағу керек. Жұмысты бастар алдында мұғалімге тексертіп, бұйымның мықтылығына және талаптарға сай екеніне көз жеткізгеннен кейін мұғалімнің рұқсатымен ғана станок іске қосылуға тиіс. Жонуға арналған станок пышақтары өткір әрі саптары талапқа сай болуы керек. Егер талапқа сай келмесе, жонылып болайын деген бұйымды істен шығарады немесе жарақаттауы мүмкін. Бұйымды жону кезінде станок ағаш бұйымы мен тіреуіштің ара қашықтығы 3 - 5 мм болуға тиіс. Егер ара қашықтығы одан көп болып кетсе, нақтылы өлшеммен шығарып өндеу қиынға түседі. Әсіресе сыртқы және ішкі бөліктерін нақтылы өлшеммен тегістеу кезінде өте қиынға соғады, тіпті үлкен ара қашықтықты өлшеу арасына пышақ тіреліп, жарақат¬тауы да мүмкін. Сондықтан айналып тұрған ағаш бұйымы мен тіреуіштің ара қашықтығын үнемі бақылап, қадағалау керек.

Электр қауіпсіздігі. Әрбір шеберханадағы станоктардың ток өткізгіш сымы арнаулы кабельге жалғанып, темір түтікшенің ішімен жүргізілуге тиіс, әсіресе кабель еден үстімен өтетін жерлерде аса үлкен жауапкершілікті талап етеді, өйткені ауыр құрал немесе зат кабельдің үстіне түссе, ол қауіпті, тіпті күрек ұшы да оны жарақаттауы мүмкін. Труба ішімен жүргізілген кабельдің ұзындығы да еден үстінде өте қысқа орынды қамтуға тиіс және ол аяқ астында кедергі келтірмеу керек, яғни оқушылар жүрмейтін жерді, плинтус жағалауын т. б. қамтуға тиіс. Егер есіктің табалдырығынан өтсе, онда труба беті шалынбайтындай, қауіпсіз қорғаныш ағашымен жабылуы керек. Арнаулы кабельден ток күші келетін труба еден үстімен станок жанынан жоғары көтеріліп, станокқа жалғанатын биіктік деңгейінде бітуге тиіс. Шеберханадағы барлық станоктарға ортақ тоқ күшін қосуға және ажыратуға арналған жалпы қалқан міндетті түрде болады. Ол қалқан негізгі оқу шеберханасынан тыс, арнаулы жерде орналасуы міндет.

Мысалы, мұғалімнің құрал - саймандар сақтайтын бөлмесінде немесе арнаулы қауіпсіз, оқушылар келмейтін орында болуға тиіс. Қалқанды іске қосу жұмысы тек мұғалімге ғана жүктеледі, басқа ешбір оқушы тіпті, мектеп қызметкерлерінің қалқанды қосуға құқығы жоқ. Оған тек мұғалім тікелей жауап беруге тиіс. Жұмыс істеп тұрған электр қондырғының ток өткізгіш
бөлшектеріне адамның жанасуынан тоқтан жарақаттану қаупі туады. Күші 0, 5А болатын ток адам өміріне өте қауіпті, ал күші екі есе артық, яғни 1, 0 А ток адамды өлтіріп жібереді. Сондықтан әрбір оқушы ток қуатының қаншалықты күшті екендігін білуге міндетті. Әрбір электр станогіндегі ток күшінің аспабы жермен жалғануға тиіс, бұл талап орындалмаса, оқушылардың жұмыс істеуіне мүлдем тыйым салынуы керек.

СТД - 120М және басқа станокпен жұмыс істеген кезде ток сымындағы шағылыс ұшқындарын, станоктың айналу жылдамдығы бәсеңдегенін немесе күйік иісін байқасаңдар, дереу мұғалімге хабарлау керек. Ондай жағдайларда станокты тоқтатып, өшіру міндет.
Өрт қауіпсіздігін сақтау. Оқу шеберханаларында көптеген жұмыстар үлгі ретінде істеледі. Мысалы, арнаулы плитада желім дайындау, электр муфельді пешпен жұмыс істеу, электр қайрағымен бұйымдардың шетін өндеу немесе пышақ қайрау, фреза станогімен жұмыс істеу т. б. жалпы шеберханалар, әсіресе ағаш шеберханасы аса жоғары өрт қауіпсіздігін сақтау ережелерін талап етеді.
Оттың шығу себептері:
• ток күшіндегі жалғамдардың осал болуы;
• станоктарды бақылау қосқыштары (контроль включатель) контактілерінің әлсіздігі;
• қайрақ станогінде ағаш ұнтақтарының шоғырлануы;
• ашық және арнаулы жабық плиталардың талапқа сай қолданылмауы;
• муфельді пешпен жұмыс кезіндегі қауіпсіздік ережелердің қолданылмауы және онда өңделген темірлердің арнаулы орындары болмауы;
• үтікпен, ағаш майыстыру пешімен жұмыс істеу кезінде талаптардың орындалмауы;
• оқушылардың білім дәрежесінің төмендігі т. б.
Оқу шеберханасында өрт қауіпсіздігіне арналған арнаулы құралдар міндетті түрде болуға тиіс.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама