- 22 қаң. 2020 00:00
- 251
Ескелдінің әуестігі
Алдына жүгініп келген адамдарға Жанғабыл би ұдайы ағыл-тегіл сөз түйдектерін төгеді екен. Сонда 11-12 жастағы Ескелді бала:
— Ата, бұл өз тақпағыңыз ба? — деп сұрапты. Қарт:
— Әй, балам-ай, бұл — атадан балаға мұра боп келе жатқан сөз. Халық дана ғой, зер салып қарасаң, тірлік-тіршілік атаулының бәрін — болмыс-бітімін, жай-күйін толғап айтып кеткен ғой. Бұл дүниеде сөзден құдіретті нәрсе жоқ. Сол бұрынғы өткен ғұлама аталарымыз ердің құнын екі-ақ ауыз сөзбен бітірген ғой, — дейді.
Сонда бала:
— Сіз маған айтыңызшы, менің нағашым Төле биден асқан би жоқ дейді, осы қалай? — депті.
— Иә, бала, сен оны жайдақ, жадағай айта салма, дұрысы қалай еді, халықтың мақал-мәтелі, халықтың баға жетпес асыл қазынасы, екінші сөзбен айтсақ, бұл ата-бабаның аса бағалы інжу-маржан гауһар сөзі — сол ата-бабаның бізге қалдырған аманаты. Аманатқа қиянат қылудың жолы ауыр, ондай адам, шариғат жолымен айтсақ, жетінші тозаққа барады. Оны қатыма деп атайды. Ол тозақтың жамандығы соншалық, тіршілік иесі тұрмақ, қара тастың өзі де жалындап жанып, балқып кететін жер. Ал жәбір-жапасы басқа тозақтан жүз мың есе көп... рас, нағашы атаң осал емес, — деп, Жаңғабыл қария немересінің бетіне сүйсіне қарап, сөзін жалғастыра түсіпті: — Адам не нәрсеге де салмақпен қарау керек. Төле би әр жағдайға, әр іс-қимылға, тіпті әрбір дыбысқа ой жіберіп отырады. Сен нағашы атаңның Қазығұрттың бауырында егін салып, халықты ақ нанмен асырып отырғанын талай рет естідің ғой. Ал Қазығұрт — тау атаулының ішіндегі ең қасиеттісі. Халық оны баяғыдан бері жырлап келеді, — деп, тағы да мынадай тақпақ айтыпты:
— Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Жетім бота үстінде жатып қалып,
Ойсылқара жануар содан қалған.
Сонда Ескелді атасына қарап:
— Бүткіл тірлік-тіршілік атаулы Қазығұрттан таралыпты деп естуші едім. Сол рас екен-ау! — дейді.
— Иә, балам, дұрыс айтасың. Күллі тіршілік тек қасиетті таудан бастау алған, — дейді атасы Жанғабыл.