Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Еуропалық саяхатшы Джон Кэстльдің 1736 жылы Әбілқайыр хан ордасына сапары және естеліктері мен суреттері

Еуропалық саяхатшы және суретші Джон Кэстль 1734 жылы Ресей патшалығы ұйымдастырған Орынбор экспедициясының құрамында Орталық Азияға сапар шегіп, екі жыл сонда болды. Осы сапары барысында ол 1736 жылы Кіші жүз қазақтарының ханы Әбілқайыр ханның ордасында болып, ресейліктердің атынан онымен келіссөздер жүргізді.

Осылайша, 1736 жылы 14 маусым мен 13 тамыз арасында үш ай бойы жалғасқан сапарының алғашқы 20 күні қазақтар арасында өтті. Ол осы сапары барысында көрген-білгендерін естелік ретінде жазды. Кей-кейде суреттер де салды. Одан кейін Ресей патшалығына мәлімдеме репортретін ұсынды. Оның бұл жазғандары 1784 жылы Рига қаласында естеліктерін неміс тілінде “Ұлы Император Петр қайтыс болғаннан бері Ресей тарихына қатысты материалдар” (Materialen zu der Russischen Geschichte seit dem Tode Kaisers Peters der Grossen, Zwieter Theil) деген атпен кітап болып жарияланды.

Бұл еңбектен кейбір үзінділер қазақшаға аударылып, 1970 жылдардан бастап кітаптар мен газеттерде жарияланған. Сонымен қатар, Вольфганг Штаркенберг оны немісшеден орысшаға аударып, «Дневник путешествия в году 1736-м из Оренбурга к Абулхаиру, хану Киргиз-Кайсацкой Орды» деген атпен басып шығарады. Кэстльдің еңбегінің Әбілқайыр хан мен қазақтарға қатысты бөлігін Оксфорд университеті жанындағы шығыстану институтының ғылыми қызметкері Беатрис Тесье неміс тілінен ағылшын тіліне аударып, ғылыми түсініктемесін беріп, «Қазақ даласына таман Джон Кэстльдің Әбілқайыр ханға Миссиясы (1736)» (Into The Kazakh Steppe John Castle’s Mission to Khan Abulkhayir (1736) Edited by Beatrice Teissier) деген атпен 2014 жылы Оксфордта жарыққа шығарды. Біз бұл мақалада Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты осы кітаптың мазмұны және қазақтарға қатысты суреттерге тоқталмақпыз.

Кэстль күнделігінде қазақтар туралы ойларын еркін түрде жазған. Қазақтың тағамдары, салт-саналары жайында кейде таңданыс, кейде мақтау, кейде келемеждеу, тіпті, жиіркеніш сезімдерін жазудан тартынбаған.

Кэстль күнделігін басқа саяхат кітаптарынан құнды ететін тағы бір ерекшелігі — сызған суреттері. Хан ордасы, табиғат және портреттер бар. Кэстль күнделігінде бес адамның портретін сызғанын айтады. Олар: Әбілқайыр хан, Әбілқайыр ханның Орынборда ол кезде Ресейдің қолында аманат тұтқында болған ұлы Ералы сұлтан, Алдар атты өте танымал башқұрт соғыс көшбасшысы, оның қызы, бесіншісі — қасында аудармашы болып жүрген татар Мұса. Бірақ кітапқа Ералы сұлтанның портреті кірмеген. Өйткені оны хан ордасында қонақ болып отырғанда Ералы сұлтанның анасы Бопайға ұсынып, қуантады.

Кэстль бұл сапарды өзі ұйымдастырады. Негізі экспедицияның ресми мүшесі болмаған ол, Орынборда аманат тұтқында отырған Ералы сұлтанмен орнатқан достығын пайдаланып, Әбілқайыр ханға елшілік қызметін Ресей мемлекеттік кеңесшісі Иван Кириловтан сұрап алады. 1736 жылы шілде айында Әбілқайыр ханның елшісі болып Жәнібек батыр және екі жасауыл Орынборға келіп, Ресей патшасының өкілі, подполковнигі Жақып Фоедрович келеді. Кэстль оларды және бір жылдан бері таныс боп жүрген Ералы сұлтанды үйіне қонаққа шақырып, сый-қошемет көрсетіп, разы етеді. Сөйтіп, Әбілқайыр ханға баруға рұқсат алады.

Орыс тілін де, қазақ тілін де білмейтін Кэстль саяхатта өзіне көмекші және тілмаш етіп 14 жастағы Дитрих Луфтус атты неміс оқушысы мен полковник Теффкелеффтің Кұлбен деп аталатын татар қызметшісін ертіп алды. Кэстльдің немісше айтқанын біреуі орысшаға, екіншісі қазақшаға аударып отырады. Саяхат тобында Жәнібек батыр, Шақби және олардың көмекшілері мен үш жас қазақ саудагері болады. Бұлар 14 маусым күні кешке қарай жолға шығады.

Олар бес күндей жол жүріп, шілде айының 19-ы күні кешкісін маңайында көптеген киіз үйлер болған хан ордасына келді. Бірақ хан ордада жоқ екен. Ханға қонақ келгені туралы хабар беруге шабармандар жіберіледі және Кэстльге арнап ақ киізден үй тігіледі.

Хан ордасына келген еуропалықтың бөлек түр-бейнесі мен киімдері қазақтардың назарын аударады. Сондықтан Кэстль өзіне арнап тігілген үйінде өзін көруге келген көптеген қазақты қабылдауға мәжбүр болады. Саяхатшы бір бақсының өзін тазарту және сәуегейлік рәсіміне куә болады. Бұл үшін Кэстльдің үйінің иесі еденге ақ мата төсеп, үстіне жанып тұрған оғыз шамды орналастырады. Бақсының (мәтінде діни қызметкер немесе молда) қолында бір сиқыр кітабы мен қамшысы болады. Оң жақтағы тоғада екі көзінен от жанып тұрған құзының бас сүйегі, сүйегінің төбесіндегі ойықта бір шыбық. Құзының қалған сүйектері де тоғада. Бақсы бұрын күйдірілген құзының сүйектеріне қарап, сәуегейлік жасайды.

Кэстль қазақтың қойға бата істеу салтын да баяндап, қой сойылмас бұрын өзіне тірідей алдына әкелінгенін, сөйтіп, қойдың денсаулығының мықты екені көрсетілгенін, содан кейін барып бата істелгенін айтады.

Хан саяхатынан оралғаннан кейін, 21 маусым күні қабылдайтын болады. Алдымен оған орда қызметкерлері тарапынан хан алдына қалай шығу керектігі үйретіледі. Хан алдында тізе бүгіп, маңдайын жерге үш рет тигізу керектігі айтылды. Мұндай ханға тағзым ету ұнамағандықтан, ұқпаған болғандай сыңай танытқанын айтып, былай дейді: «Жарты сағат уақыт өткен соң, мені бір топ адам хан ордасының алдына екі қолтығымнан ұстап отырып апарды. Хан ордасына 10 қадам жақындағанда бір минут тоқтауымды өтінді. Одан кейін жасауыл 6 қадам жүріп, бір минут тоқтап тұруымды сұрады. Одан соң жасауыл қайта келді, содан соң барып хан ордасының есігінен кіргізіп жіберді».

Хан киіз үйдің есігінің оң жағында жолақ мақта киіп, қасында көптеген ақсақалдарымен бірге ағасы, бауыры Нияз сұлтан екі ұлымен бірге отырған. Кіргеннен кейін бас киімін шешіп алып, тізе бүгіп, үш рет француз тәсілімен ханға және бүкіл отырғандарға сәлемдеседі. Осыдан кейін бас киімін қайта киген Кэстльге отыруға рұқсат етіледі.

Хан Кэстльдің айтқандарына риза болып, ризашылығын өз қолымен жылқы етінен асатумен көрсетеді. Содан кейін қымыз береді. Үш сағаттық отырыстан кейін хан кетуі үшін белгіні оң жақ иығына оң қолымен қағу арқылы көрсетеді. Бұл сонымен бірге ханның құрмет белгісі еді. Кэстль дастарқанда ешқандай қасық, пышақ немесе шанышқы болмағанын, қазақтардың етті бес саусақпен жейтінін көрсетеді.

Хан ордасында қонақ қабылдауды да суретке салған. Суретте: тізе бүгіп арыз айтқан қазақ. Бір ұлы қасында отыр. Кэстль мен екі жолдасы сол жағында. Киіз үйде ақсақалдар мен басқа да қазақтар толы. Бір кісі ортада қымыз құйып қызмет етеді.

22 маусым күні ханмен бірге аңға шыққанда ханның тоқалы Тебер де болады. Бүркітпен аң аулауды көрген еуропалық саяхатшы қайран қалады.

Хан ордасынан кетер алдында оны Әбілқайыр хан кешке жеке үйіне шақырады. Сонда ханның әйелдерін көреді. Оның хан ордасын сипаттауынша, киіз үйдің іші парсы кілемдерімен жақсы жабдықталған. Жерде отырған ханның екі жағында Бұқар барқыттан жастықтар болған. Оның жоғарысында қызыл, ақ және алтын үш түсті жібек шымылдық ілулі. Ханның сол жағында төрт бұрышты жібек шымылдық ішінде оның үш әйелі отырады. Бәйбішесінің басында оюмен өрнектелген бас киімі, алтын түсті гүлдермен әшекейленген қызыл жібек киімі болған. Өзге екі әйелінің Бұқар барқыт киімі және ақ матадан бас киімі болған.

Отырыс кезінде бәйбіше Кэстльден қанша әйелі мен баласы барын сұрайды. Әлі күнге үйленбегенін және баласы жоғын айтуы олардың үлкен таңданысына себеп болғанын айтып: «Бұған олардың сенуі де қиын еді. Өйткені олардың түсінігі бойынша, бір адамның бала-шағасыз өмір сүруі әсте мүмкін емес еді. Мен оларға қарсы пікірді қызу жақтадым. Ақырында олар мені кедей адам деп ойлады және еуропалық қыздар өте сирек және қымбат болады деген қорытындыға келді. Сондай-ақ, олар осы мәселе бойынша өздерін бақытты санады. Өйткені олар 20-30 бие қалың төлеп, тәп-тәуір қызды ала алатындықтарына Құдайға шүкіршілік етті. Негізі, қазақтар арасында мұндай саудаласуларда қымыз сауатын бие аса құнды. Себебі оларда ақша болмайды және ақшаның не екенін де түсінбейді», — дейді.

Ол осыдан кейін қайта жолға шығады. Сонда қазақтардың саяхат үрдістеріне көз жеткізіп, кейбір анықтамалар жасайды. Оның айтуынша, қазақтар саяхат барысында аса қажетті жағдайларда болмаса, кез келген суды іше бермейді. Олар су орнына орыстың бұршағындай кіші және сүйектен қатты қып кептірілген қойдың сырын, яғни құртты қолданады. Олар жылқы терісінен жасалған қаптың ішіне қойылады. Сонан соң оған су құйып, аттың үстінде шайқалып отырады. Сөйтіп, ол шөлді қандыратын және адамды қоректендіретін сусынға айналады. Оны ішпес бұрын бетіндегі ең дәмді саналған қаймақ-кілегейін алып, ең құрметті адамға береді. «Осы сапарда маған берді. Және біреу қолымен қазақ салты бойынша аузыма құйып тұрды. Бірақ бұл мені ауру қылды. Өйткені ондағы қылшықтар мені жиіркендірді. Аузымнан жан-жаққа шашырап, ол көзімді ашытты, төмен төгіліп, үстімді былғады», — дейді саяхатшы.

Қазақтардың жолдан адасқанда бал ашатынына да куә болған ол, жолды анықтау үшін сиқырға жүгінетінін көрсетеді: «Екі қазақ жердегі тері көрпешенің үстіне бір-біріне қарап, тізе бүгіп отырды. Әрбірінің қолында үшкір ұшы өздеріне қаратылған жебелер бар. Жебелердің қауырсынды артқы ұшы қарсы алдындағыға қаратылған. Ұштары да бір оқ секілді бір-біріне тиіп тұрды. Олар осылайша жебелерді мықты ұстап отырғанда арабша баталар айтып, жебенің қай жаққа түсетінін күтіп отырды. Егер жебе оң жаққа түссе, біз оң жаққа қарай, сол жаққа түссе, сол жаққа қарай саяхат ететін болдық».

Бірiн-бірі алғаш көргенде қалай сәлемдесетінін де былайша баяндайды: «Қазақ халқы кездескенде екі қолын ұстап, төс қағыстырып сәлемдеседі. Сонда біреуі «Ассалаумағалайкүм!» десе, екіншісі «Уағалайкүмсалам!» деп жауап қайырады. Ал әйелдер болса, өздерінің жақын туысы болған ер адамдарға ізеттілікпен сол тізесін бүгеді де, оң тізесінің үстіне екі қолын қойып, жоғарыдағы сөздерді айтады».

Енді бір суретте Бопай ханым жас ұлын жетектеп барады. Бас киімін босаңдау байлаған. Артында келе жатқан қыздың екі ұзын бұрымы бар, бас киіміне темір теңгелер мен аққудың қауырсындары ілулі. Оның ханшайым екені бас киімінен белгілі. Ал артында келе жатқан екі жас әйелдің ханымның баласы болу-болмауы белгісіз.

Тағы бір суретте қазақтың көшу салты бейнеленген: Түйелермен әйелдер, балалар, киіз үй мен басқа да керекті заттарды тасымалдайды. Сәбилердің кебежесі бір түйеге артылған. Ең алда отбасының бір қызы атқа мініп бастап барады. Басына қауырсынды, оюлы бас киім киген. Суреттің төменгі сол жағында атқа мінген хан мен бәйбішесі Бопай бөбегі, арттарында бір жас бала атпен келе жатыр. Қарулы атты адамдар артта және төбелерде қарауылдар жүр.

Қазақтардың діни сенім-нанымдарына да тоқталған Кэстль: «Қазақтар өте ырымшыл бола отырып, құдіреті шексіз Құдайды құрметтейді. Күніне бес уақыт беті-қолын жуып, дәрет алып, бастарын жауып, тізе бүгіп намаз оқиды, мұсылманша ер балаларын сүндетке отырғызады. Оларда оқи алатын, жаза алатын молда өте аз. Олардың жазуы үнді сиясына батырып, қамыспен оңнан солға қарай жазылады», — дейді.
«Қазақтардың заңдары әдеттегі тұрақты жазбаша заңдарға ұқсамайды. Ахун немесе ең құрметті молда Құраннан алынып қаралған мәселеге қатысты заңдарды ақсақалдарға оқиды, бірақ ақырғы шешім ханға тасталады. Хан шешімі дереу орындалады. Олардың үкімдері өлімге бұйырмайды, көбінде дүреге жығу жазасы болады.

Адам қайтыс болған кезде оны отбасы жуып, кебіндейді, тау жақтағы зиратқа жерлеп, үстіне мұсылман екенін білдіретін тастан белгілер қояды. Молда және өлген адамның бүкіл отбасы мәйіт үшін ән-жоқтау айтады. Жылқы сойып, етін кедейлерге садақа ретінде таратады. Олар оның аруағына дұға етеді», — деп, мұсылманша жерлеу дәстүрін сипаттайды.

Джон Кэстльдің естелік кітабының мазмұны осындай. Біз келтірмеген басқа детальдар 200 беттік кітапта толып жатыр. Еңбектің неміс тілінен ағылшын тіліне аударған Беатрис Тесьесон да зерттеу жүргізіп, адамдар мен жер аттары, сондай-ақ, қазақтың салт-дәстүрлері туралы түсініктемелер берген. Осы зерттеулері барысында Алматыға келген. Ұлттық кітапханада және Шығыстану институтында жұмыс істеген. Бірқатар қазақ ғалымдарымен пікірлесіп, түсініктемелер үшін көмек алған.

Әбдіуақап Қара,
тарих ғылымының докторы,
Мимар Синан көркем
өнер университетінің профессоры


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама