Қостанай облысының тұрғыны кәсіпкерлікті дамытуға берілген 1,38 млн теңге көлеміндегі грантты прокуратура ақшаның мақсатсыз жұмсалғанын анықтаған соң бюджетке қайтарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомствоның ресми сайтында хабарланғандай, Әулиекөл ауданының прокуратурасы 2023 жылы азаматқа кәсіпкерлік жобаны жүзеге асыруға 1 380 000 теңге көлемінде мемлекеттік грант берілгенін анықтады.

Алайда грант қаражатына сатып алынған жабдық іс жүзінде көрсетілген мақсатта пайдаланылмаған. Сонымен қатар, оның техникалық сипаттамалары есептік құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмеген.

Әулиекөл ауданы прокуратурасының материалдары бойынша алаяқтық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Тергеу барысында грант алушы мемлекетке келтірілген залалды толық өтеп, барлық соманы бюджетке ерікті түрде қайтарды.

Кінәсін мойындауы, залалды ерікті түрде өтеуі және заңда көзделген өзге де мән-жайлар ескеріліп, қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша қысқартылды.