Маңғыстау облысында сапасыз гүл шоғы тұтынушыға ауыстырылып берілді, деп хабарлайды infohub.kz.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің ресми сайтында хабарланғандай, Маңғыстау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне сыйлыққа сатып алынған гүл шоғының сапасына қатысты тұтынушының өтініші түскен.
Тұтынушы сатушыдан гүл шоғын алдын ала тапсырыспен, ұсынылған букеттің фотосуретіне қарап таңдаған. Алайда тапсырысты алғаннан кейін композицияның нақты түрі көрсетілген үлгіден айтарлықтай ерекшеленгені анықталды. Атап айтқанда, гүлдер солып қалған, балғын емес және күтілген сыртқы түрге сәйкес келмеген.
Букет сыйлыққа сатып алынғандықтан, тұтынушы тапсырыс беру кезінде ұсынылған үлгіге сәйкес келетін сапалы гүл шоғын алуға үміттенген.
Тауарды алғаннан кейін тұтынушы сатушыға жүгініп, букеттің тапсырыс берілген үлгіге сәйкес келмейтінін айтып, туындаған жағдайды реттеуді сұраған. Алайда оның талабы бастапқыда қанағаттандырылмаған.
Осыған байланысты тұтынушы өз құқықтарын қорғауға жәрдемдесу үшін Маңғыстау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.
Ведомство мамандары өтінішті қарап, сатушыға Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама талаптарын сақтау және сатып алушы алдындағы міндеттемелерді орындау қажеттігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізген.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде дау сотқа дейін реттелген. Сатушы тұтынушының талабын қанағаттандырып, ұсынылған үлгіге сәйкес келетін, балғын және сапалы жаңа гүл шоғын берген.


