Уәде етілген 70% пайда қазақстандықтар үшін миллиардтаған шығынға айналды. HAS қаржы пирамидасы бойынша жаңа эпизодтар анықталды, деп хабарлайды infohub.kz.
Павлодар облысы прокуратурасының ресми сайтында хабарланғандай, Павлодарда HAS қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар мен қатысушыларға қатысты сот талқылауы аяқталды.
2022-2023 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының тумасы өзінің таныстарынан, Астана және Павлодар облысының тұрғындарынан қылмыстық топ құрып, олар астана, сондай-ақ Алматы, Павлодар, Екібастұз және еліміздің басқа қалаларының тұрғындарының ақшасын тартқан.
Жоғары табыс туралы уәделерге сеніп, 376 азамат пирамида қатысушыларына 2 млрд теңгеден астам ақша тапсырған.
Топтың ұйымдастырушысы кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды, басқа қатысушыларға әртүрлі мерзімдегі жаза тағайындалды.
Қылмыстық жолмен табылған мүлік — Астана мен Павлодардағы жер телімдері мен пәтерлер, 18 автокөлік және 300 млн теңгеден астам қаражат тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді.
Павлодар облысы прокуратурасының айтуынша, зардап шеккендердің құқығын қорғау мұнымен аяқталған жоқ. Әрі қарайғы жұмыс барысында тағы 139 зардап шегуші анықталып, оларға 882 854 500 теңге көлемінде шығын келтірілген. Жаңа анықталған мән-жайлар бойынша тергеу жүргізіліп, қажетті дәлелдемелер жинақталып, қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Сотта мемлекеттік айыптаушы нанымды дәлелдемелер ұсынып, қылмыстық схеманың механизмін және оның зардап шеккендер үшін салдарын ашты. Азаматтардың мүліктік мүдделерін қорғауға және бұзылған құқықтарды қалпына келтіру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Сот мемлекеттік айыптаушының ұстанымымен келісіп, кінәлілер ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Қабылданған шаралар нәтижесінде жалпы сомасы шамамен 3 млрд теңге шығын келтірілген 515 азаматтың құқығы қорғалды, оның бір бөлігі зардап шеккендерге нақты өтелді.


