Жаңа оқу жылының жақындауына байланысты Ішкі істер министрлігі барлық ата-аналар мен ұстаздарға үндеу жасады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ведомствоның айтуынша, оқу жылы басталғанда балалар үйден тыс уақыттарын көбейтеді, мектепке өздігінен барады, үйірмелер мен секцияларға қатысады. Осыған байланысты ІІМ жолдағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін қайталаудың маңыздылығын атап өтті.
1 қыркүйек қарсаңында барлық мектептерде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан тексеру жүргізілді. Сондай-ақ балаларды тасымалдауға арналған барлық автобустар тексерілді. Анықталған кемшіліктер бойынша нұсқамалар беріліп, оларды жою оқу жылы басталғанға дейін қамтамасыз етіледі.
ІІМ жолдың жүру бөлігін тек рұқсат етілген жерлерден кесіп өту керектігін еске салады. «Телефон мен құлаққапты қойыңыз, мұқият болыңыз. Велосипед, мопед және электросамокат пайдаланғанда жол қозғалысы ережелерін міндетті түрде сақтаңыз», — деп ескертті ведомство.
Тәртіп сақшылары ата-аналарға жеке үндеу жасады: «Балаңыздың қайда жүргенін, кіммен араласатынын және немен қызығатынын біліңіз. Балаларыңызбен жиі сөйлесіңіз. Ең бастысы, қиын жағдайда бала сізден көмек сұраудан қорықпауы керек. Егер балаға қауіп төнсе, "102" нөміріне қоңырау шалыңыз немесе "111" контакт-орталығына хабарласыңыз. Ішкі істер министрлігі әр баланың жаңа оқу жылы қауіпсіз өтуі үшін қажетті шараларды қабылдауда. Біздің ортақ міндетіміз — қауіптің алдын алу ғана емес, балаларға оны тануға және уақытында көмек сұрауға үйрету. Балаларыңызды қорғаңыздар», — деді полиция қызметкерлері.


