Қазақстанда ер адам iPhone ұтысы туралы жалған хабарлама арқылы бірнеше рет алаяқтық жасады деп күдіктелуде. Полиция мәліметінше, ол бұрын жұмыс істеген компанияның клиенттер базасын заңсыз иемденіп, оны азаматтарды алдау үшін пайдаланған, деп хабарлайды infohub.kz.
Ақмола облысы полиция департаментіндегілердің айтуынша, қазіргі уақытта екі жәбірленуші анықталған: Ақмола облысы Бурабай ауданының тұрғыны және Алматы облысының тұрғыны. Алайда полицейлер алданғандардың саны едәуір көп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Тергеу барысында Жетісу облысының 33 жастағы тұрғыны бұрын тауарларды сатумен және жеткізумен ресми айналысатын ЖШС-де жұмыс істегені анықталды. Жұмыстан шыққаннан кейін ол компанияның клиенттер базасын заңсыз иемденіп, бұрын тауар сатып алған азаматтарға хабарласа бастаған.
Күдікті клиенттерге олардың ұтыс ойынының жеңімпазы атанып, iPhone ұтып алғанын айтқан. Бірақ «сыйлықты» алу үшін жеткізу құнын — 55 мың теңгені төлеу қажет болған. Жәбірленушілер бұрын осы компанияның қызметін пайдаланғандықтан, қоңыраулар мен ұтыс туралы ақпарат оларда күдік тудырмаған. Сөйлескен адамға сеніп, азаматтар көрсетілген соманы берілген реквизиттерге аударған.
Қазіргі уақытта осы факті бойынша тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы, сондай-ақ күдіктінің қылмыстық әрекетінің қосымша эпизодтары анықталуда.


