- 11 ақп. 2021 00:00
- 219
Жаңа әліпбиге ауысқан кезде қазақтың дыбыстық жүйесі өзгермейді – Анар Фазылжанова
Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшкен кезде қазақтың дыбыстық жүйесі өзгермейді. Мұндай пікірді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова білдірді.
«Бізге әріптердің графикалық тұрқына көзімізді үйретуіміз қажет. Бұл процесс ұзаққа созылмайды. Өйткені, кирилица мен латын әліпби өзара ұқсас болып келеді. Мысалы, біз араб графикасынан латын әліпбиіне көшіп жатсақ, онда бәлкім үйрену үдерісіміз ұзаққа созылар ма еді... Бірақ, олай емес. Екіншіден, бізге заман көмектеседі. Қазір техника заманы. Кез келген нәрсе қолыңызда. Мәселен, ұялы телефон қалтаңызда үнемі жүреді. Демек, латын графикасына негізделген әліпби бекітілгеннен кейін жазып-сызудың емле ережесі сол ұялы телефон арқылы жалпы жұртшылыққа қолжетімді түрде тарайды және осы емле ереже бойынша жазылған орфографиялық емле де, сөздік де қолыңызда болады», - деді ол «Мемлекеттік тіл – халықты ұйыстыру құралы» тақырыбындағы отырыс барысында.
Анар Фазылжанованың атап өтуінше, латын графикасына негізделген қазақ әліпби бекітілгеннен кейін сауатты жазып-сызамын деген адамға тек ниет қана керек.
«Қазір біз қазақ тіліндегі төл мәтіндерді кирилицадағы 42 әріппен жазып жүрміз. Ал жаңа әліпби енгеннен кейін сол мәтінді не-бәрі 31 таңбамен жазамыз. Бұл уақытымызды, қуатымызды үнемдейді. Қазір уақыт пен қуаттан асыл не бар? Сондықтан осы әліпбиге көшкенде біз бастапқыда қиналатын да шығармыз. Бірақ, оның нәтижесі ғасырлар бойы ұрпаққа қызмет етеді», - деді институт директоры.
Ғалымның айтуынша, әліпби ауыстырған кезде қазақтың дыбыстық жүйесі өзгермейді, сол күйінде қалады. Тек сол дыбыстарды таңбалайтын әріптердің тұрқы ғана өзгереді. Демек, сол әріптің тұрқын жаттап алғанша ғана қиындық болады.
«Оны үйреніп алғаннан кейін ауызымыздан шыққан қазақ тіліне тән деген дыбыстардың барлығы әліпбиде болады. Яғни, дыбыстық жүйемізді құртып алмаймыз. Қазір бір кирилицамен орыс сөздерін таза орыс емлесімен жазамыз. Солай жазғаннан кейін таза орыс тілінің дыбыстық жүйесімен айтамыз. Ал латынға көшкеннен кейін сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да орыс сөздері қазақтың шапанына оранып шыға келеді. Оны сіз қазақша айтуға бастапқы кезде бәлкім мәжбүр боласыз. Содан кеін ол сізге ұнай бастайды. Сөйтіп, біз өзіміздің тіліміздің шет тілінен енген сөздерді игеру тетіктерін жандандырамыз. Рухани жаңғыру дегеніміз осы», - деді Анар Фазылжанова.