- 13 жел. 2019 00:00
- 1140
Желтоқсан көтерілісі: сирек суреттер
Желтоқсан көтерілісі — 1986 жылы 16 — 18 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары. Бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға болып табылады.
Алаңға мен Қонаевты да, басқаны да қорғауға емес, қазақ қыздарын шашынан сүйреп, ұрып жатыр деген соң бардым.
Қайрат Рысқұлбеков
Кеңес үкіметі тұсында көтерлісті «бұзақылардың әрекеті» деп бағаласа, кейін келе «қазақ ұлтшылдарының бас көтеруі» ретінде қаралды. Осылайша көптеген тарихи мәліметтер бүгінге жетпей отқа оранып, жойылып кетті. Тек 1991 жылы КСРО тараған соң көтерліске қатысқандардың басым көпшілігі ақталып, желтоқсан оқиғасы «тәуелсіздік жолындағы көтеріліс» ретінде баға алды.
Желтоқсан толқуы СОКП ОК-нің бас хатшысы С. Горбачевтың ұлт басшысы – Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтің орнына Ульяновск обком партиясының бірінші хатшысы Генадий Колбинді қою туралы шешімінен соң басталған. Қазақ жастары ұлт басшысын қазақ ұлтынан қоюды талап етіп, 1986 жылы 16 желтоқсан күні Алматыдағы Жаңа (Брежнев) алаңына бейбіт шеруге шықты. 17 желтоқсан күні бас көтерушілердің саны 20 мыңға жетіп, кейіннен көтерілісшілер мен тәртіп сақшылары арасындағы қанды қақтығысқа айналған.
«Желтоқсан» - тек Колбинге ғана қарсылық емес. Бұл - империялық қорлыққа, зорлыққа қарсылық. «Мен - қазақпын!» деп қасқая тұрып айта алмай, тілі байланып, аузы буылған азапқа қарсылық.
Шерхан Мұртаза
Ресми деректер бойынша, қақтығыс кезінде екі адам көз жұмды делінген. Ал бейресми ақпаратта қаза болғандардың саны 168 адам. Осы көтерілісті бастады, билік өкіліне қарсы шықты деген айыппен еліміздің әр аймақтарында 107 азамат сотталған.
Желтоқсан оқиғасында орталық алаңға бас көтерген жастардың сирек фотолар легін ұсынамыз. Аталған суреттердің нақты авторлары белгісіз.