Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)

Кіші жүздің атынан Россия патшасына қарауға қол қойып және патшамен көңілдес болғандығы үшін Нұралы ханға Сырым наразы болыпты. «Қалың жұртқа ақылдаспай, одан биліксіз іс қылдың» деп өкпелепті. Нұралы Сырым батырға қарындасын алған күйеу екен. Бір күні Сырым қонаққа келіп, әңгімелесіп отырып Нұралыдан:

— Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? — деп сұрапты. Оған Нұралы жауап бере алмапты.

Бұл сұраудың мәнісі: «торысы» дегені — жылқының бар денесіндегі түгін қазақ еліне салыстырғаны. Төбелін сол қалың қазақ елінің ішіндегі үркердей хан-төре тұқымына салыстырғаны. «Ат төбеліндей азғана төре аттың түгіндей тұтас көпке ақылдаспай іс қылдың, қазақ елін көтеріп шабайын ба?» — дегені екен.

Содан Сырым ел аралап елдің басты адамдарынан ақыл сұрапты. Ақыл сұраған кісілерінің бірі беріш Алдар биі екен. Бұл туралы ел аузындағы жыр былай басталады:

— Хандардың ең ақыры Нұралы еді,
Төренің «Арқар» деген ұраны еді.
Хан ұлын батыр Сырым шабарында,
Ақылды Алдар биден сұрап еді...

Алдар би: «Нұралыны кідірмей шап, жылдам шаппасаң, хан елге отряд шығарып берекемізді алады», — депті.

Содан Сырым Нұралының ауылын шауып алады. Нұралы қашып орал казақтарының қолтығына кіріп тығылады.

Сырым содан кейін Есім ханды өлтіреді. Есім ханды өлтіруі былай болған: Есім хан жылма-жыл елден алым-салық алатын әдетінде қырық үйді қаз-қатар тіктіреді екен. Нөкерлерімен, алымшы кісілерімен сол үйлерде жатады екен. Сүйтіп хан төменгі Томпақ қаласының тұсында отырғанда, Сырым жансыз (тыңшы) салып хабар алып тұрады. Хан қаз-қатар киіз үйлердің бірінен соң біріне жатады екен. Тыңшы арқылы қай үйде жатқанын алдын ала білген Сырым таң ата Есімді төсекте өлтіріп, мал-мүлкін шауып алыпты.

Оқуға кеңес береміз:

Сырым батырдың шешендік сөздері

Сырымға анасының айтқаны (I нұсқа)

Байбақты Сырым батырдың әкесінің атын Дат деп қоюдың сыры?


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама