Қарағандыда он жеті күзетші екі айлық жалақысы төленбегені үшін жұмыс берушіге сотқа шағымданды. Нәтижесінде олар істі ұтып, ақшаларын алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жоғарғы соттың ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Қарағандыдағы Бөкейхан ауданының сотына ЖШС-тің 17 күзетшісі 2025 жылғы ақпан және наурыз айларындағы жалақы қарызын өндіріп алу туралы талаппен жүгінген.
Жауапкер қарыз тапсырыс берушінің келісімшартты біржақты бұзуына байланысты пайда болғанын, көрсетілген қызметтерге ақы төленбегенін түсіндірді.
Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағының 5-тармақшасына сәйкес жұмыс беруші үшінші тұлғалардың міндеттемелерді орындауына қарамастан, қызметкерлерге жалақыны уақытылы және толық көлемде төлеуге міндетті.
Сот отырысы барысында талапкерлердің еңбек міндеттерін толық орындағаны анықталды. Бұл ұсынылған дәлелдемелермен, оның ішінде күзетілетін нысандардағы кезекшілік кестелері мен тауарлық-материалдық құндылықтарды тіркеу журналдарымен расталды.
Сонымен қатар, Қарағанды облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының заңды күшіне енген шешімімен ЖШС-тің келісімшартты бұзған контрагентке қатысты талабы қанағаттандырылды. Контрагенттен 10,8 млн теңге көлеміндегі қарыз өндірілді.
Істі қарау нәтижесі бойынша сот мәлімделген талаптардың негізділігі туралы қорытындыға келіп, талапты толық қанағаттандырды. ЖШС-тен барлық 17 қызметкердің пайдасына екі айлық жалақы бойынша 3 млн теңгеден астам қарыз өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.


