Қарағандыдағы Майқұдық тұрғын алабында автобус пен жеңіл көлік қатысқан апат болды. Салдарынан қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Апат туралы dorogi_karagandy Instagram-парақшасындағы жарияланымнан белгілі болды. Онда куәгерлер оқиға орнынан бейнежазба жариялаған. Кадрларда қатты зақымдалған ақ көлік пен жедел жәрдем көлігі көрінеді.

Пікірлерде облыс полициясы апат бүгін, 6 қыркүйекте, сағат 07:30 шамасында К. Маркс көшесінде болғанын нақтылады. Қатысушылар — Chevrolet Cobalt көлігі мен Yutong маршруттық автобусы.

«Апат салдарынан Chevrolet Cobalt көлігінің 36 жастағы жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты. Осы фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Болған оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр», — деп түсіндірді Қарағанды облысы полиция департаментінде.

Құқық қорғау органдары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жол және ауа райы жағдайына қарай қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, сондай-ақ жолда барынша мұқият әрі сақ болуға тағы да шақырды.