Қарағандыда қос кісі өлтіру оқиғасы болды: бақ қооперативінің төрағасы мен жергілікті тұрғын қаза тапты. Қылмыс жасады деген күдікпен 56 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қайғылы оқиға 6 қыркүйек күні кешкі сағат 19:00 шамасында «Оптимист» бақ қоғамынан шыға берісте болды. Сол жерден 43 жастағы ер адам мен 55 жастағы әйелдің денелері оқ жарақатымен табылды. Қаза тапқан — биылғы маусымның басында төрағалыққа сайланған Иван Коровин. Әйел шабуыл кезінде бақтан үйіне қайтып келе жатқан.
КТК телеарнасының мәліметінше, ұсталған адам бұрын осы бақ қоғамын басқарған. Ол алдымен өз ізбасарына оқ атқан, содан кейін куәгер болуы мүмкін әйелді өлтірген деген болжам бар. Қылмыстан кейін күдікті қашып кетпек болған, алайда полиция бейнебақылау камераларының көмегімен оның ізіне түскен.
«Ол кінәсін мойындады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деді Қарағанды облысы полиция департаментінің ресми өкілі Бақытжан Құдияров.
Қос кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда, қылмыстың ресми себебі әзірге жарияланбайды.
Бақ иелерінің қайтыс болған төраға туралы пікірлері екіге жарылды. Кейбірі Коровинді жауапты басшы деп сипаттайды, оның кезінде құбырлар жөнделіп, аумақ абаттандырылған.
«Тәртіп орнатты. Бізде құбыр жарылып жиі болды, құбырларды ауыстырды. Жақсы адам еді, ештеңе айта алмаймын», — деді бақ иесі Владимир Едуков.
Басқа тұрғындар басшылық ауысқаннан кейін қоғамда су және басқа да коммуникацияларға қатысты проблемалар туындағанын айтады. Кейбірі ұсталған адамның кінәлі екеніне күмән келтіреді.
Бұрынғы және жаңа төрағалар арасындағы жанжал шамамен үш жылға созылған. Ер адамдар бірнеше рет дауласып, соттасып, басты келіспеушілік — бақ қоғамы төрағасы лауазымы болған. Дегенмен тергеу бұл жанжалдың өлтіруге себеп болғанын ресми растамаған.


