Қарағанды облысында суға батып бара жатқан баланы құтқарған жас батырды марапаттау рәсімі өтті. 13 жастағы Нұралы Әлхан батылдығы мен ерлігі үшін ведомстволық медальмен марапатталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, салтанатты шара Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінде өтті. Нұралы рәсімге отбасымен бірге келді.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Чинигис Ариновтың бұйрығымен суда адам құтқарғаны үшін Нұралы Әлхан «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» ведомстволық медалімен марапатталды.
Облыстық ТЖД бастығы генерал-майор Марғұлан Аманбаев жасөспірімге жеке алғысын білдіріп, оның әрекеті шынайы құрметке лайық және құрбыларына үлгі екенін атап өтті. Сонымен қатар, департамент атынан оған естелік сыйлық табыс етілді.
Ведомство батырға батылдығы, еріктілігі және қиын сәтте көмекке келуге дайындығы үшін алғыс білдірді.
Бұған дейін 13 жастағы қарағандылық суға батып бара жатқан 4 жасар баланы құтқарғаны хабарланған болатын. Сонда облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмағұлов жас батырды өзіне шақырып, оған естелік сыйлық пен алғыс хат табыс еткен еді.


