Қазақстандықты 50 млн теңге бопсалағаны және кәсіпкер туралы жалған мәлімет таратқаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкімнің заңдылығын кассациялық саты растады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Кассациялық соттың Telegram-арнасында түсіндіргендей, бірінші сатыдағы сот азаматты «Көрінеу жалған ақпарат тарату» және «Аса ірі мөлшерде бопсалау» баптары бойынша кінәлі деп таныды. Сот дерегінше, сотталған адам басқалармен бірге кәсіпкер мен астаналық коммуналдық кәсіпорын басшыларының резонанстық қылмыстық іс фигурантымен болжамды қылмыстық байланысы туралы көрінеу жалған мәлімет жариялаған.
«Жалған материалдардың жариялануы тұрғын емес үй-жайды жалдау шартының бұзылуына әкеп соқты, бұл жәбірленуші М.-ға ірі залал келтірді. Содан кейін А. (сотталған — ред. еск.) өзіне 50 млн теңге беруді талап етті, оның орнына кәсіпкердің мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді жинауды және одан әрі таратуды тоқтатуға уәде берді. Аталған ақша сомасын алу кезінде А. ұсталды», — деп нақтылады іс мән-жайын сотта.
Апелляциялық саты қабылданған шешімнің заңдылығын растағаннан кейін сотталған адамның қорғаушысы сот актілерін жоюды сұрап, өз қорғалушысының кінәсінің дәлелденбегенін алға тартып, кассациялық шағым берді.
«Кассациялық сот А.-ның адамдар тобының құрамында БАҚ арқылы кәсіпкерге ірі залал келтірген жалған мәліметтерді таратқанын, содан кейін оны одан әрі беделсіздендіру қаупімен 50 млн теңге бопсалағанын жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, тергеу әрекеттерінің нәтижелері, сараптама қорытындылары және ақша қаражатын беруге қатысты материалдарды қамтитын дәлелдемелер жиынтығы дәлелдеді деп есептеді. Дәлелдемелер белгіленген тәртіпті сақтай отырып алынып, зерттелді, олардың шынайылығына немесе жарамдылығына әсер етуі мүмкін бұзушылықтар, сондай-ақ өзге де елеулі іс жүргізу бұзушылықтары кассациялық сатымен анықталған жоқ», — деп атап өтті сотта.
Кассациялық сот сотталған адамның әрекеттері дұрыс сараланды, ал тағайындалған жаза жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесіне сай деген қорытындыға келді. Сот актілері өзгеріссіз қалдырылды.


